Тазалық – қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен нәр алатын Ислам дініндегі негізгі қағидаттардың бірі.
Тазалық мәселесі өзге мәдениеттерде де көрініс табады. Десе де, Ислам діні тазалыққа ерекше көңіл бөліп, оны иманның жартысы деп есептейді. Сөзімізге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Тазалық – иманның жартысы» деген хадисі айқын дәлел.
Демек, тазалыққа немқұрайлы қараған адам иманның жартысына ғана ие болады, яғни біз тазалық мәселесін – ерекше маңызды этикалық құндылық ретінде қарастыруымыз қажет. Бұнымен қоса, тазалыққа ұмтылған адамды Алла Тағала да жақсы көреді. Алла мұсылмандарға сыртқы нәжістен де, ішкі – қызғаныш, тәкәппарлық, көреалмаушылық сынды жағымсыз қасиеттерден таза болуға бұйырады.
Бұл туралы Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Сөзсіз Алла тәубе еткендер мен тазаланғандарды жақсы көреді» [1], деп айтылады.
Құран мен хадистерде тазалыққа қатысты негізгі ережелер айтылған. Оларды мұқият қарастырайық.
Сыртқы тазалық
Тахарат сөзі қазақ тіліне тазалық деп аударылады. Бұл ұғымға сәйкес адам денесінің ғана емес, киімі мен қоршаған ортасының да таза болуы талап етіледі.
Дене тазалығына қол жеткізу құралы ретінде дініміз дәрет алу мен ғұсыл құйынуға көп көңіл бөледі. Әр намаздың алдындағы дәрет алудан бөлек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аптасына кемінде бір рет – жұма күні, үмметіне бастан аяқ жуынуға (ғұсыл құйынуға) үндеген.
Киім тазалығына келсек, Алла Тағала Құранда:
وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
«Киіміңді тазала!» [2], деу арқылы адамға үстіндегі кез-келген киімнің таза болуы керектігін бұйырады.
Дініміздің діңгегі – тазалық. Сол себепті, мұсылмандар тұла бойына ғана емес, қоршаған ортаға да көп көңіл бөліп, жан-жағын барынша таза ұстауға ұмтылуы керек.
Жүрек тазалығы
Қасиетті Құранның бір аяттарында:
يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ
«Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» [3], деп айтылса, екінші бір аятында:
قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّاهَا
«Оны (жанын, нәпсісін, жүрегін) тазартқан мұратына жетті (құтылды)» [4], деп айтылады.
Бұл аяттардан көретініміз, біздің о дүниедегі өміріміз осы дүниедегі жүрегіміздің тазалағына тәуелді. Жүрегімізді ашкөздік, ашуланшақтық, қызғаныш, менмендік және өзге де рухани кеселдерден тазалап, олардың орнын жомарттық, жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиеттермен алмастыруымыз керек.
Жүрегімізді тазарту үшін біз қолдана алатын негізгі әдістердің бірі – Пайғамбарлық (с.ғ.с.) жолмен (сүннетке сай) шынайы дұғалар жасау. Яғни, Алланы мадақтап, күнәларымыздан кешірім сұраған кезде, біз үшін жағымсыз қасиеттерден арылу мен күнәлардан алыстау жолы ашылатыны ақиқат.
Дене мүшелерінің тазалығы
Алла Тағала адам баласына көптеген нығмет берді, солардың ішінде ең үлкен игіліктердің бірі – тәні болып табылады. Егер біз бұл сыйды Аллаға құлшылық ету үшін қолданатын болсақ, дұға етсек, қасиетті Құран аяттарын оқып, салауат айтсақ, өзгелерді жақсылыққа шақырып және Құдайға ұнамды басқа да істер жасау арқылы, осынау баға жетпес сый үшін Аллаға алғыс айтамыз. Керісінше, өтірік айтып, ұрлық жасап, зинаға секілді харам істерге бой алдырсақ, Құдайдың қаһарына ұшырайтынымыз анық.
Сол себепті, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде:
«Харамға қарау – шайтанның улы оқтарының бірі. Кім Алладан қорқып, оны тәрк қылса, Алла тағала оның жүрегіне ләзәті сезілетін иман береді», деп айтса, тағы бір хадисінде «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деп ескерткен.
Тазалық – иманымыздың жартысы. Сол себепті, үнемі тазалық мәселесін көтеріп, адамдарға оның маңыздылығын ескертіп жүруіміз керек. Себебі, тазалық мәселесін дұрыс түсініп, толыққанды ұстану – мейірімі шексіз Алланың разылығына жеткізетін бірден-бір жол.
Жеке және қоғамдық өмірдегі тазалықтың маңыздылығын елемеуге болмайды. Бір жағынан, бұл адамның денсаулығы мен рухани дамуы үшін маңызды болса, екінші жағынан, бұл қоршаған ортаны дамыту үшін өте маңызды.
Таза және салауатты өмір қоғамның мәдениетін жетілдіруге ықпал етеді және өмірдің барлық салаларында көрініс табады. Сайып келгенде, бұл мәселе адамның кемелденуіне әкелетінін атап кеткеніміз жөн. Сондықтан да бабаларымыз дұғасында жан тазалығын сұрап отырған.
Әділ Агитаев
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы
[1] «Бақара» сүресі, 222-ші аят
[2] «Муддәссир» сүресі, 4-ші аят
[3] «Шұғара» сүресі, 88-89-шы аяттар
[4] «Шәмс» сүресі, 9-шы аят