Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұға қабыл болатын тіл

0 2  670

Дұға қабыл болу үшін тілімізден шығатын әрбір сөзіміз дұрыс болу керек. Дұғаның қабыл болуының  өзіндік шарттары бар. Соларға қысқаша тоқталып өтсек:

1-Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Алла Тағалаға серік қоспай әрі ниетін риадан (көрсетіп істеу) сақтап, бір Алланың разылығы үшін дұға жасау, Одан ғана сұрау. Бұл дұғаның қабыл болуының бірінші шарты.

وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ

«Олар ғибадатты нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды». («Бәина» сүресі, 5-аят)

Дұға жасаушы адам Аллаға серік қосудан сақтану керек. Алла Тағала Құран Кәрімде:

قُلْ إِنَّمَا أَدْعُو رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِهِ أَحَدًا

((Ей, Мұхаммед!) «Мен өз Раббыма дұға қыламын және Оған ешкімді серік қоспайман-де». («Жын» сүресі, 20-аят)

Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   бір хадисінде:

إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلْ اللهِ، وَإِذَا اِسْتَعَنْتَ فَاسْتَعَنْ بِاللهِ

«Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жәрдем тілесең Алладан жәрдем тіле!» (Тирмизи хадистер жинағынан), деген.

2-Харамнан алыс болу.  Дұғаның қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы, жеген тағамы, киген киімі, тапқан табысы адалдан болу. Алла Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер». («Бақара» сүресі, 172-аят)

Харам аспен тамақтанып, киім киіп, жанұясын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадистерінде баян етілген.

3- Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаға жасаған дұғасы жүректен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мүбарак хадисінде:

اُدْعُوا اللهَ وَأَنْتُمْ مُوقِنُونَ بِالْإجَابَةَ، وَاعْلَمُوا أَنَّ اللهَ لَا يَسْتَجِيبُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لَاهٍ

«Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға етіңдер, сондай-ақ Алланың жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға Алла жауап бермейтінін біліңіздер» (Тирмизи хадистер жинағынан) деген.

4- Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға еткен кезде Алланың алдында өзін төмен ұстай білуі қажет. Алла Тағала Құран Кәрімде:

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді». («Ағраф» сүресі, 55-аят)

5-Құран мен сүннетте келген дұғалармен дұға ету.

Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы. Ал Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  сөзі – Құраннан кейінгі ең ұлық сөз. Құран мен сүннеттегі дұғаларды пайдаланып, жалбарыну оның қабыл болуының ықтималдығын арттырады. Құранда Алла Тағала:

وَمِنْهُم مَّن يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ

«Адамдардың кейбірі:”Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта»дейтіндер бар». («Бақара» сүресі, 201-аят).

Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай дұға ететін:

اللَّهُمَّ أَصْلِحْ لِي دِينِي الَّذِي هُوَ عِصْمَةُ أَمْرِي، وَأَصْلِحْ لِي دُنْيَايَ الَّتِي فِيهَا مَعَاشِي، وَأَصْلِحْ لِي آخِرَتِي الَّتِي فِيهَا مَعَادِي، وَاِجْعَلِ الْحَيَاةَ زِيَادَةً لِي فِي كُلِّ خَيْرٍ وَاِجْعَلِ الْمَوْتَ رَاحَةً لِي مِنْ كُلِّ شَرٍّ

«Уа, Алла, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр, сондай-ақ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ақыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімде жақсылықтарды арттыра гөр, ал менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым қыла гөр».(Муслим хадистер жинағынан)

6- Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу. Дұға жасаушы адам Алланың тыйым салғанына немесе Аллаға ұнамайтын  амалдар үшін дұға жасамауы ләзім, өйткені ол шектен шығушылық болмақ. Алла Тағала Құран Кәрімде:

ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді». («Ағраф» сүресі, 55-аят)

7- Алланың көркем есімдерімен дұға ету.  Раббымыз былай деп әмір етті:

وَلِلَّهِ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ فَادْعُوهُ بِهَا

«Алланың көркем есімдері бар Оған сол есімдермен дұға қылыңыздар!» («Ағраф» сүресі, 180-аят)

Алланың 99 есімі әр түрлі мағына беруіне байланысты адамның басына түскен әртүрлі жағдайларда соған сәйкес мағыналы есімімен дұға тілеуіне болады. Мысалы әділдікті талап еткенде «ия, Әділ» деп, кешірім сұрағанда «ия Ғаффар» деп, ризық-несібесінің кеңеюін қаласа, «ия Раззақ» деп тілегені абзал.

Сол секілді Алланың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарынуға рұқсат. Осыған орай Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мына оқиғаны баяндаған еді: «Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, үңгірдің аузына кептеліп, жауып тастайды. Сонда олар: “Ақиқатында бұл тастан сендерді Алла Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!”-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Алла ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Алладан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Алладан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді. Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбекақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Алланың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды» (Бухари және Муслим хадистер жинағынан). Бұл хадистен ізгі істің Алла құзырында қаншалықты жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз. Алланың разылығынан басқа ниетпен жасалған кез келген ізгі амал қабыл болмайды.

8-Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы. Құл дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадисінде:

            إنَّ اللهَ حَييٌ كَريمٌ، يَسْتَحِي مِنْ عَبْدِهِ إِذا رَفَعَ إلَيْهِ يَدَيَهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صَفَراً

«Шын мәнінде, Алла Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады» (Тирмизи хадистер жинағынан).

Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Алла Тағаланың мекеніне емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін меңзейді. Сонымен қатар, дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

            سَلُوا اللهَ بِبُطُونِ أكُفِّكُمْ وَلا تَسْأَلُوهُ بِظُهُورِها فَإذا فَرَغْتُمْ فَامْسَحُوا بِها وجُوهَكُمْ

«Алла тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар, сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар» (Абу Дауд, Байхақи хадистер жинағынан).

Сондай-ақ, мұсылманның дұғасы қабыл болу үшін қасиетті орындар мен сәттерді ескергені жөн.

а) Түннің соңғы үштен бір бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Алла тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді:

الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿١٦﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالْأَسْحَارِ

«Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешір де от азабынан сақта» дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Алла жолында малын сарп қылушылар және таң сәріден кешірім тілеушілер» («Әли Имран» сүресі, 16-17 аяттар)

б) Жұма күнгі бір сәт. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадисінде келгендей:

إِنَّ فِي الْجُمُعَةِ سَاعَةً لا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ يَسْأَلُ اللَّهَ فِيهَا خَيْرًا إِلا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ

«Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман сол уақытта қайырлы нәрсе сұраса, сұрағанын береді» (Табарани хадистер жинағынан).

Сол секілді қасиетті Рамазан айы, қадір түні, ораза, құрбан айттарында тілеген дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары. Мекендердің ішінде ең қасиеттісі Меккедегі Харам мешіті, Мединадағы Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті, Ақса мешіті және Арафатпен, Муздалифада тілеген дұғалар қайтарылмайтыны жөнінде хадис шарифтерде анық дәлелдер бар.

 

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.