Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? 

0 886

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығының ең басында «Аләқ» сүресінің алғашқы аяттары түсіріліп, білім сияқты Раббымыздың мейірімін еске түсіреді. Ол аяттар:

«Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» («әл-Аләқ» сүресі, 3-5 аяттар).

Алла Тағаланың Құранды түсіруінің бүкіл кезеңінде адам өміріндегі білімнің ерекше орны атап өтіледі:

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («әз-Зумәр» сүресі, 9-аят).

«Алла (Т.) сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» («әл-Мужәдәлә, 11-аят»).

Біздің заманымызда білім адам жолын анықтап, өмірлік мақсаттарын қалыптастырады. Осы тұста ислам кез-келген ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығына да назар аударуға шақырады.

Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар», деп айтқан.

Яғни, білім алу мәселесінде біз байыптылық, байсалдылық, тағаттылық сынды қасиеттерді де бойымызға сіңіре отырып, бар ынта-ықыласымызбен білім жолында тырысуымыз қажет.

Кез-келген ғибадат, мысалы, намаз, ораза, зекет төлеу және басқалары, Алла Тағала тарапынан белгілі бір уақытта парыз ретінде жүктелсе, білім алу кез-келген уақытта және барлық жағдайларда міндеттелген. Бұл сөздеріміздің жарқын мысалы ретінде Алланың Дәуіт пайғамбарға (ғ.с.) берген аянын келтіруге болады:

«Сен өзіңе темірден аяқ киім және металл таяқша жасап алып, осы аяқ киім тозып, таяқша сынғанша – білім іздеп, білім ал».

Жоғарыда келтірілген ғибратпен үндес келетін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай деп айтылады:

«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында,  ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді».

Бұл хадисте білім иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Білім жолында барын салып жүрген адамның қадір-қасиеті арта түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже. Білім үйреніп, алған біліміне амал жасайтын ғалымға аспандағы періштелер де, жердегі адамзат пен жан-жануарлар да истиғфар айтатыны баяндалып тұр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадис шәріпінде былай деген: «Алла Тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп, сол ортаны қоршап, (білім үйреніп жатқандармен бірге) отырады. Ал, (ғылыми мәжілістен) қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала оларға: «Сендер куә болыңдар мен сол жерде (яғни, ғылым үйреніп) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, Жаратқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді».

Ибн Дардадан мынандай сөз жеткізілген: «Бесеудің төртеуі бол, бірақ бесіншісі болма, құрдымға кетесің: ғалым бол, немесе ілім ізденуші бол, немесе (ғалымдарды) тыңдаушы бол, не (ғалымдарды) жақсы көруші бол, бірақ бесінші болма (яғни, оларға қатысы жоқ адам болма).

Демек, адам баласы білімге құштарлық танытпаса да, білім иелерімен сұхбат құрып, не олардың шәкірті болып, жоқ дегенде ғалымдарға құрмет көрсетушілердің қатарынан табылуы тиіс.

Қорыта келе, пайдалы білімнің белгісі – оның адам өміріндегі көрінісі. Ислам діні бізді әділдікке, шыдамдылыққа, жақсы  істерде бәсекелестікке, сондай-ақ күнә істерден алыс болуға ғана емес, білім алуға да шақырады.

Алла бізге пайдалы білім беріп, соған сәйкес амал етуімізді және өзгелерге үйретуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Сәбит ЕРЕЖЕПОВ

«Әлжан ана»  мешітінің найб имамы

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.