Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жәннатпен сүйіншіленген сахаба – Әбубәкір (р.а.)

0 980

Алла Тағала он сегіз мың ғаламды, жеті қат көкті жаратқанда, әр пенденің тағдыр тақтасын да лайықтап қойған. Бірақ таңдау да, ниет те, амал да сол адамның өзінен болады. Адамзат баласының ниеті түзу, амалы соған сай болса, құдіреті шексіз Тәңірге мойынсұнып, мұсылмандық жолды ұстанса, ерекше мейірімді, аса қамқор Алланың сыйынан құр қалмайтыны ақиқат. Ислам діні жүректі нұрландырып, көңіл сарайын кеңітіп, жан сарайын толықтырады. Ислам тарихында дін жолында Алла жолынан адаспаған, пайғамбардың артынан ерген, қарапайым адамдар арасынан шыққан осындай сахабалар болған. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) он сахабасына қатысты «ашарату мубашшара» деген термин қолданылады, олар – көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленіп, Алла елшісінің дидарын көрген, сұхбаттасқан адамдар. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисінде: «Мына кісілер Жәннатқа кіреді: Әбу Бәкір, Омар, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Талиб, Зүбәйір ибн Әууәм, Талха ибн Ұбайдуллаһ, Сағд ибн Әбу Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жаррах, Абдуррахман ибн Ауф, Сағид бин Зәйд», – деп көрсетілген.

Оларға ортақ сипат – бәрі Исламды бірден қабылдаған, бұл жолда талай іс тындырған, Бадр шайқасына қатысқан, пайғамбарға (с.а.с.) серт берген. Соның ішінде пайғамбар (с.а.с.) «Абдуллах» деген ат берген Әбу Бәкірді (р.а.) ерекше атап өтуге болады.

Ақ пен қара алмасқан өмірде шындық – ең биік өлшемдердің бірі. Ең бірінші иман келтірген сахабалардың бірі Әбу Бәкір (р.а) тура жолдан таймауға үгіттеген. Дәл осы қасиеті үшін «турашыл» деген атақ алған. Қазақ танымында да «Тура биде туған жоқ», «Шындық жоқ жерде, сұмдық көп», «Бал тамған өтіріктен, қан тамған шындық артық», «Шындық – бір сөз, өтірік – мың сөз» деген секілді мақал-мәтелдер арқылы шындықты биік қоятыны, өтіріктің көпке бармайтыны дәріптеледі. Бұл – хақ діні – Исламда да, қазақ халқының болмысында да өзара үндес. Әбу Бәкір (р.а.) көреген адам болған әрі сауда-саттықпен айналысқан әрі тапқан мүлкін асыл дін – Ислам жолында сарп еткен. Сауда туралы «Саудада береке бар, саудаға өтірік, қиянат араласқан кезде берекесі кетеді» – делінеді Бұхариден жеткен хадисте. Бұны адал өмір сүрсең, шындықты сүйсең, ісіңде де береке болады деп тәпсірлеуге болады.

Әбу Бәкір шайқастарға қатысып, дін жолында аянбай күрескен. Ол Бадрдағы, Ухудтағы шайқасқа, Меккені алуға қатысқан. Әбу Бәкір тұсында қасиетті Құран Кәрім жинақталған.

Сахабалардың қайсысының өмір тарихын алып қарасақ та, дін жолына берілген, асыл дінді таратуға атсалысқан жандар екенін аңғармау мүмкін емес.

Сондықтан саңлақ сахабалардың, соның ішінде пайғамбардан кейін даңққа бөленген Әбу Бәкірдің (р.а.) өмір салты, жүріп өткен жолы, Ислам тарихында жасаған ерлік істері әр мұсылманға өнеге, үлгі болуы тиіс.

 Дулат ҚАДЫРҰЛЫ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.