Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлының білім, ел тағдыры, тіл мәселесі, мәдениет, дін тақырыбында айтқан сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптігі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.
******* ******* *******
Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқалдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.
******* ******* *******
Еңбексіз білім жоқ. Еңбексіз елді ағартып, тездеп мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық.
******* ******* *******
Оңаша жүрген елдің өз еркімен тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.
******* ******* *******
Түркі қауымы ислам дүниесіне қосылып із-түзсіз сіңісіп кететін элемент емес, өз елінің жоғары мәдениетімен тәрбиеленіп келген ел. Түркі қауымы Иран, Жүһүт мәдениетіне қарсы бір мәдениет. ******* ******* *******
Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
******* ******* *******
Біз ұйымды есеп үшін құрмаймыз, елдің мәдени-ағарту жағдайын титтей де болса ілгерілете ме деп құрамыз.
******* ******* *******
Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады.
******* ******* *******
Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілі көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзымай қалмайды.
******* ******* *******
Қазақ баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап, кәмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі ән, жырдың құшағында өтеді. Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуы, сірә, халық әдебиеті мен халық әндерінің кең тарап дамуы, оның тәрбие құралы болуы себеп болса керек.
******* ******* *******
Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.
******* ******* *******
Тілдің қорықшысы – қара халық.
«Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан.
Sunna.kz