Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлт тарихының ізін аршыған

0 723

Абай Құнанбайұлы жайлы алғаш мақала жазған қазақ зиялыларының бірі де Міржақып. Қазақ демократиялық әдебиетінің тууы Абай есімімен тікелей байланысты екенін де алғаш айтақн адам Міржақып.

Рас, Абай шығармашылығы біраз уақыт қараңғы халыққа бірден түсінікті болып кете алмады. Бұл жайында Міржақып 1914 жылы Орынборда өткен ақынның қайтыс болғанына он жыл өткендігі жайлы жиналыста өкінішпен атап өтті. «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі, қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқтығынан. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Сондықтан, Абайдың атын жоғалту. Мұнан кейін де шығатын да Абайлар сондай ескерусіз ұмытылуы ықтимал, қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың жоғалуымен бірдей.

Әдебиетіміздің негізінде қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол! Деген сөзін бүгінде әр ұрпақ білуге міндетті дүние екеніне дау болмаса керек?!

Міржақып: «зәредей шүбһә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз, деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…» деп толғанады.

Міржақып жерлесі, досы әрі қазақ халқының бостандығы жолындағы күрестегі серігі Ахмет Байтұрсынов туралы да сол мағлұмат қалдырған көсемсөзші. Міржақыптың Ахаң туралы мақаласы әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер Міржақып мақаласына соқпай өте алмайды. Бұл заңды да. Ол өзінің зерттеуінде Ахаң бейнесін саяси қайраткер ретінде және Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің үлкен ұйымдастырушысы етіп толығымен көрсете алды, қазақ демократиялық әдебиетінің тууын айта келіп, оның жаршысы Ахмет Байтұрсынұлы деп білді. Ахаң бейнесін жасауда автор оқырман назарын ақынның азаматтық ажарына аударады: «Ахмет Байтұрсынұлы халықтың ақыны. Оның шығармашылық ісі қазақ тілінде Крыловтың мысалдарын аударудан басталды. Өзінің барлық ғұмырын, қазақ халқының мәдениетін, білімін көрсетуге арнаған адам болғандықтан, оынң басты мұраты осы жерде де айқын көрінеді. Ол – күрескер ақын» деп әділ де айқын баға берді.

Міне, осы көрсетілген аз ғана мысалдардың өзі Міржақып Дулатұлының ұлт тарихының ізін аршыған кемеңгер болғанын көрсетпей ме? Черчилл: «тарих жоқ, тек оны жасаушы тұлғалар ғана бар» депті. Міржақып осы тұлғалар жайлы жазу арқылы жалаң ақпар, мәлімет беріп қана қойған жоқ, соларға байланысты тарихи оқиғаларды да қамтып кетті.

Сөз соңында айтарым, ғұмырын халықтың азаттығы жолында құрбан еткен Міржаұып Дулатұлы сыртқы жаумен ғана емес, ішкі жаулармен-қараңғылықпен, артта қалушылықпен аяусыз күресті. Басқыншылардың әскери күшіне өнер күшін, өнер құдіретін қарсы қоя отырып күресуді қолдады, ұлтты сақтап қалудың жолы ретінде көсемсөздің қуатын пайдаланды. «Бостандықтан айырылған әрбір халықта тек әдебиет өзінің ашынуы мен ар-ождан даусын жар салатын бірден-бір мінбе болып табылады» деген Герценнің сөздерін шамшырақ етіп алған Міржақыптың қай туындысынан да ұлт қамын ойлаған азаматтың жан-айқайын естисің.

Жиырмасыншы жылдары Міржақып алғаш рет, қазақ әдебиеттанудағы екі томдық библиографиялық көрсеткіш жасады. Өз қаламынан ол ұлы адамдар өмірбаянымен қоса кітаптардың да санын алып хатқа түсірді. Оның ауыр да азапты еңбегі қазақ академиялық ғылымында әлі де өз бағасын алады деп есептеймін.

Осы орайда қазақтың ұлы азамат ақыны, көсемсөз шебері жайлы айтқан Мағжанның бір ауыз өлеңін қайталағанды жөн көрдім.

Келешек күнде қағазға,

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда,

Көрсе жазған хатыңды.

Мариям Айтанқызы

№2 Қоянды орта мектебінің

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Филолгия магистрі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.