Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Руслан Байзақов: Адамдар жақсы көретін іс

0 832

Абай «Үшінші қара сөзінде» «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» деген сауалдың жауабын іздейді. Аталмыш сұрақтардың жауабы көп, әрине. Алайда, барлығына ортақ бір мінезді байқаймыз. Ол – дүниеқұмарлық.

Алла тағала Құран Кәрімде:

زُيِّنَ لِلنَّاسِ حُبُّ الشَّهَوَاتِ مِنَ النِّسَاءِ وَالْبَنِينَ وَالْقَنَاطِيرِ الْمُقَنطَرَةِ مِنَ الذَّهَبِ وَالْفِضَّةِ وَالْخَيْلِ الْمُسَوَّمَةِ وَالْأَنْعَامِ وَالْحَرْثِ ۗ ذَٰلِكَ مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا ۖوَاللَّهُ عِندَهُ حُسْنُ الْمَآبِ

«Адам баласы үшін әйелдерден, балалардан, алтын, күміс қазыналардан, сәйгүлік аттардан, малдар мен егіннен келетін құмарлық әдемі (және тартымды) етілді. Олар дүние тіршілігінің сәні. Ал, негізінде баратын орынның ең жақсысы Алланың қасында»(“Әли-Имран” сүресі, 14 аят) деп адамзаттың табиғатында дүниені жақсы көрушіліктің бар екенін айтады. Алайда, аят соңындағы ескертпеге назар аударсақ, аталмыш қызықты, әдемі етілген нәрседерден де жақсы сыйлықтың Алла қасында екені баяндалуы тегіннен тегін емес.

Яғни, адамзат баласына сол қызығушылықтың соңында кетіп Алланы ұмыт қалдырмауы керектігін еске салады.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

اِعْلَمُوا اَنَّمَا الْحَيوةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِى الْاَمْوَالِ وَالْاَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ اَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهيجُ فَتَريهُ مُصْفَرًّا ثُمَّيَكُونُ حُطَامًا وَفِى الْاخِرَةِ عَذَابٌ شَديدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِنَ اللّهِ وَرِضْوَانٌ وَمَاالْحَيوةُ الدُّنْيَا اِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ

«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүминдар үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес»( «Хадид» сүресі, 20-аят).

Бұл аят адам баласына дүниенің шынайы орыны мен мәнісін білдірген аяттардың бірі. Сондықтан да аяттан адамзатқа қызықты болған дүниенің шын бағасын білуге болады.

Хакімнің аталмыш сөзінде тілге тиек болған замандастарының дүниені шектен тыс жақсы көруінен туған әрекеттердің де кейбір өте жағымсыз әрекеттерге барударына себеп болғаны баяндалады.

Шын мағынасында бұл дүниеқұмарлық жайлы тағы бір аятта:

وَلَا تَمُدَّنَّ عَيْنَيْكَ إِلَىٰ مَا مَتَّعْنَا بِهِ أَزْوَاجًا مِّنْهُمْ زَهْرَةَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا لِنَفْتِنَهُمْ فِيهِ ۚ وَرِزْقُ رَبِّكَ خَيْرٌ وَأَبْقَىٰ

«Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы әрі тұрақты» («Таһа» сүресі, 131-аят), – дейді.

Көңіл бөліп қарасақ, Алла Тағала бұл дүние тіршілігінің сәні болған нығыметтерді емес, Рабымыздың несібесін қайырлы және тұрақты деп сипаттайды. Әрине, бұл тегінен-тегін емес екені анық. Дүниеқұмарлықтан шығатын залалдың адамзат қоғамына кесірі айырықша екендігінен.

Бірде Алланың ақырғы Елшісіне (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!) бір кісі келіп:

-Уа, Расулалла (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!)! Маған орындасам, Алла мені жақсы көретіндей және адамдар жақсы көретіндей бір амал айтыңызшы?, – деп сұраған екен. Сонда екі жаһан сардары (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!); «Бұл дүниеге қызықпа, сонда сені Алла жақсы көреді. Адамдардағы нәрселерге қызықпа, сонда сені адамдар жақсы көреді» деп жауап берген екен ( Риазус-Салихин, Ибн Мәжә).

Расында да, «Үшінші қара сөзде» тілге тиек болған бірқатар келеңсіз жайттердің астарында осы дүние зейнетіне шектен тыс қызығушылық, алдамшы құндылықтарға ұмтылу сынды мінез жатқан жоқ па?  Әрине.

Қорыта айтқанда, дүниеқұмарлықтың қоғамдық ойлау жүйесі мен ұлттың ілгері басуына кедергі болып, замандастарын бірін-біріне жек көрсетіп, бастарының қосылуына кедергі болғанын дәл айтуы Абай атамыздың Құран құндылықтарын жете білгендігінен болса керек.

Руслан Байзақов 

«Сәцдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.