Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұмсақтығы мен кешірімділігі

0 682

Бір-біріне қарама-қайшы жақсы мінезді өз өмірінде үйлесімде ұстауы кез келгенге оңай соқпасы анық. Мәселен, бір адам жомарт болғанымен тым астамшылыққа бой алдырса, бұл қасиеті ысырапшылдыққа ұрындыруы мүмкін. Ержүректікпен әйгіленуі мүмкін, алайда кей кезде одан қатыгездік те шығады. Ал адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.) болса, асыл мінездің ең жақсыларын тұла бойына жинақтап, өз мөлшерінен асырмай, орта жолдан таймаған. Әлемге үкім жүргізе алар ірі тұлға болуымен қатар, ойын ба- ласымен бала болып ойнайтындай кішіпейілдігі адам айтса нанғысыз. Рухы өр батыр бола тұра өте сезімтал, жұмсақ мінезділік танытқан. Батырлығымен зәбір көрсетуге, ал жұмсақтығымен қорлануға жол бермейтін. Қарапайым, салмақтылығымен қатар жылы жүзді, қарсы алдындағы кісінің жанына жылу беретін. Нар көтере алмас ауыр жүкті арқалай алатын ер тұлғасында ерекше жұмсақтық пен кешірім бар еді.

Жұмсақтық – кеудені ыза-кек кернеген кезде өзін-өзі ұстау, кекшіл емес, көпшіл болу, сондай-ақ суқаны сүймейтін істерде сабыр етуі. Тарихтан белгілі, Пайғамбарымыз дағуатын бастағаннан-ақ қалың жұрт қасарысып шыға келген. Арасында күштісі мен әлсізі, ақымағы мен ақылдысы, туыстары мен туыс еместері де бар бұл көпшіліктің кейбірі жаңа дінді шындап үйренейін деген ниетте болса, енді бірі сөзінен сүріндірейін деп қасақана сұрақ қоятын. Ешбір күш төтеп бере алмайтын осынау ауыр кезеңдерді Алла елшісі кешірімділігімен, жұмсақтығымен жеңетін. Көркем мінездің шыңына жеткен Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өзінікі дұрыс болса да, өзгелермен таласып-тартыспаған адамға жаннаттың шетінен үй берілетініне кепілмін. Қалжыңдап болса да, өтірік айтпаған адамға жұмақтың қақ ортасынан үй берілетініне кепілмін. Сондай-ақ мінез-құлқын көркейткен адамға пейіштің төрінен үй берілетініне кепілмін» (Тирмизи, Бирр, 58) – деп тартысты жаны қаламайтын, әрқашан кешірімді болуды қалайтын.

Жұмсақтық көңілдің кілті іспеттес. Расулалла құдай дарытқан осы қасиетіне сүйене отырып, Мекке мен айналасындағы момынынан бастап ең қасарысқан қырсығына дейін ақиқат дінді насихаттады. Мекке мүшріктері қолмен де, тілмен де Пайғамбарымызға (с.а.с.) зәбір көрсетті, ақыр соңында туған жерінен кетуге мәжбүр болды. Кейін дін Ислам Мәдинада өркен жайып Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өтті. Әділдік тұрғысынан қалаға ат ойнатып кіріп, баяғыда өзін қорлаған қаншама адамдарды артық ауыз сөзге келмей қырып салса ешкім қыңқ етіп қарсы шықпас еді, бірақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) қуылған кезінде қалай шықса,Мекке өз қолына өткенде де қаланың қақпасынан дәл солай кірді. Басын төмен ұстағаны соншалық – жұрт басы түйесінің еріне дейін жететіндей иілгенін көрген. Көкірегінің кеңдігімен «Сендер азатсыңдар», – деп барлығын кешірді.

Жұмсақтық – Алланың соңғы елшіге берген рақымдылық көрінісі. Егер Расулаллаһ дөрекі, тасжүрек мінез танытса, маңына ешкім жуымас еді. Дін жолындағы қиындығы мен қорлығы адам айтса нанғысыз болса да, бір сәтке де қабақ шытып, ісінен түңілген емес.

Теңдессіз жұмсақтығы болмағанда, таблиғты осыншалықты аз уақытта жеткізуі өте қиынға соғар ма еді. Ұхұд соғысы болар алдында Алла елшісі сахабаларына әртүрлі соғыс тәсілдерін егжей-тегжейіне дейін түсіндірген. Соның ішінде қатаң табыстап садақшыларды да бір төбеге орналастырды. Соғыс барысында, олар осы айтылған нәрселерді толықтай орындаудың орнына, берілген қорғаныс шебін бұйрық келмей тұрып тастап кетіп, мұсылмандар уақытша жеңіліске ұшырады. Сол себепті шейіт кеткендер мен жараланғандар аз болған жоқ. Алла елшісінің де басы жарылып, тісі сынып, денесі қанға боялды. Міне, осындай уақытта Пайғамбарымыз (с.а.с.) мейірімді, биязы болғандықтан, жазалау былай тұрсын, оларды ұрсып, жекуді ойына да алмады. Алла елшісінің орнында басқа бір басшы болғанда, тым құрығанда қатулы қабақ танытып, «Мен сендерге былай істеңдер деп айтпап па едім?!» – деген секілді реніш білдірер еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) керек кезінде өзінің ұстамдылығымен мұсылмандарға ерекше мейірімділік танытқан. Құранда оның кешірімді екендігі жайында былай деген: «Сол кезде сен оларға Алланың рақымымен, жылы шыраймен қарадың. Егер тұрпайы, қатал жүректі жан болғаныңда, сөзсіз, олар айналаңнан тарқап кететін еді» («Әли Имран» сүресі, 159) .

Айша анамыз жеткізген бір хадисте Расулалла (с.а.с.): «Алла Тағала маған парыз амалдарды орындауды бұйырғаны секілді адамдармен тату-тәтті өмір сүруге бұйырылдым», – деген. Тағы бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Умаманың қолынан ұстап: «Ей, Әбу Умама! Шындығында, мүміндердің арасында жүрегі маған жібігендері бар», – деп өзінің жұмсақтығының арқасында қаншама мұсылманның Алла елшісі үшін жанын құрбан етуге дейін баратындығын білдірген. Бұл шындықты Құран Кәрім: «Шынында, сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді, сендердің қиналуларың оған қатты батады. Ол сендерге ынтық, мүміндерге аса еміренгіш, мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят) деп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүміндерге деген мейірімінің шексіздігін айтып сипаттаған. Олай болса, Алла елшісінің (с.а.с.) аса мейірімді, жанашыр болуы Жаратушының мүмін құлдарына жасаған үлкен нығметі (75 Тафсир, Ибн Касир) .

Уақыт, мүмкіндік, ыңғайлы жағдай керек ететін бірнеше мәселеде бір адамның ең үлкен, ең тамаша мінез-құлыққа ие болуы, көп қасиетті қатар ұстап жүре алуы оның пайғамбарлығының алып шоқтығын аңғартады.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.