Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шоң мен Ақтайлақ би

0 242

Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты. Оы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры, сөйлесе келгенде, екі жақтың басты адамдары келісімге келеді. Бірақ, бұл келісім жасалғанда Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспей, Шоңның өзі барады. Ақтайлақ деген атақты биінің үйіне түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін: «Көрші ауылға барып келейін», – деп кетерінде әйеліне:

Едігенің Шоңы келді,

Бұрынғының соңы келді.

Қазаныңа ас сал,

Аз болса, көбейт,

Көп болса, азайт, – дейді.

Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа кигіз үйін ас-суымен ала келіп, Шоңды екі күн құрметтеп, күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында ешбір сөз болмайды.

Үшінші күн Шоң қайтатын болады. Ақтайлақ би құрметтеп шығарып салады. Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап:

–Шоң, Шоң! ,- деп дауыстайды.

Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді, көкке бір сілтейді де, ерінің қасын ұрады. Екі би түсінісіп,, дау осы ишаратпен бітеді. Жанындағылар емеурінді түсінбей сұрағанда, Шоң:

–Ақтайлақ бидің жұмбақтап, әйеліне айтқан сөздері «Бір біткен билікті бұзып, өзің келдің, енді өзің айт шешімін», «Қазаныңа ас сал, аз болса, көбейт, көп болса, азайт» дегені «бұрынғы кесімді кеміт» дегені. Ал, ат үстінде тұрып қолымен ымдағаны «менің тұрмысымды көкте Құдай білсін, жерде екеуіміз-ақ білейік, кедейлігімді ешкімге айтпа» дегені, – депті.

«Қазақ өнерінің антологиясы» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.