ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы штаб пәтері Марокко астанасы Рабат қаласында орналасқан ICESCO ұйымында арнайы қонақ болды. Бас мүфтиді Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) бас директорының орынбасары Абделилах Бенарафа қарсы алды.
Ең алдымен делегация мүшелерімен танысып, ұйымның қазіргі атқарып жатқан негізгі жұмыстарын атап өтті. Сонымен қатар ICESCO басшысының жақында ғана Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезіне қатысқаны да айтылды. Бұдан бөлек Қазақстанмен байланыстың артып келе жатқанын және қазақ топырағынан шыққан дін ғұламалары туралы конференция өткізу жоспарда бар екенін жеткізді
Ал Бас мүфти ICESCO ұйымы мұсылман әлемінің білім, ғылым және тарихи мәселелерде алға жылжуына көп көмегін тигізіп жатқанын баса айтты. Сондай-ақ Астанада Ислам академиясын салу жоспарда екенін және оған ұйым тарапынан қолдау күтетінін жеткізді. Ал ұйым бас директорының орынбасары академияға ғылыми тұрғыда қолдау көрсететінін білдірді. Ең бастысы ұстанымымыз мұсылман елдеріндегі білім мен ғылым, жаңа технологияны дамыту деді Абделилах Бенарафа.
Кездесуден соң Бас мүфти ICESCO штаб пәтерін аралап, ішінде орналасқан Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен толық хабардар ететін 3D форматында жасалған ерекше музейдің жұмысымен танысты.
Кездесу соңында тараптар ортақ мақсатқа ұйысып, жобаларды бірге жүзеге асыруға уағдаласты.