Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Барлық жаратылғандар Алланы зікір етеді

Барлық жаратылғандар Алланы зікір етеді

0 40

Бір күні Үфтәда Хазірет шәкірттерімен бірге қырға шығады. Оның тапсыруы бойынша барлық дәруіштер қырдың ең әдемі жерлерін аралап, ұстаздарына бір-бір шоқ гүл әкелуге кетеді. Бірақ Қазы Махмуд Әфәнди ғана ұстазына солғын бір өліп қалған гүл алып келеді. Басқалар мәз-мейрам болып, қолдарындағы әдемі гүлдерді ұстаздарына табыс етіп болғаннан соң, Қазы Махмуд мойны салбырап, ұяла сынық, солған гүлді ұстазы Хазіреті Үфтәдәға береді.

Өзге шәкірттері таңырқап отырғанда, Хәзіреті Үфтәда:

– Махмуд, балам-ау! Бәрі әдемі гүл шоқтарын әкеліп жатқанда, сен неліктен бір-ақ тал өзі сынық, өзі солған гүл әкелдің? – деп сұрайды. Қазы Махмуд әдеппен:

– О, тақсыр! Сізге не сыйласам да аз болар еді. Бірақ қай гүлді жұлмаққа қолымды созсам болды, ол гүлдің «Алла, Алла» деп, Раббысын тәспих етіп, зікір айтып жатқанын көрдім. Жүрегім олардың бұл зікірлерін бөлуді қаламады. Сосын амал жоқ, мынау қолымдағы «тәспих етуді» тоқтатқан солған гүлді әкелуден басқа амалым қалмады! – дейді. Шәкіртінің бұндай керемет, терең мағыналы жауабына өте қатты разы болған Хазіреті Үфтәданың аузынан сол сәтте:

– Һүдәи, Һүдәи (Құдайы, Құдайы)… балам-ау! Бұдан кейін сенің атың «Һудаи» болсын. Ей, Һүдаи! Бұл қырға шыққандарымыздың арасынан сен ғана нәсібіңді алыпсың, – деген сөздер төгіле бастаған екен.

Осылайша Қазы Махмуд Һүдәи атанып кетіпті. Өйткені ол енді әлемдегі тәңірлік сырларға және рухани әлемге көзін ашқан еді. Әлем оған кітап іспетті өз парақтарындағы сырларын аша бастаған болатын.

Содан кейін халық «Һүдәи» деп аталған Қазы Махмуд Әфәндінің қол жеткізген ерекше рухани деңгейін құрметтеп, есімінің алдына «Әзіз» деген атты қосып, Әзіз Махмуд Һүдәи деп атай бастаған. Ол сол атпен танымал болып, ел есінде қалды.

материал : «Мәңгіліктің таңына қарай махаббат және мағрифат»

кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.