Қасиетті жұма күні еліміздің барлық мешіттерінде «Алла Елшісінің (с.ғ.с) болмысы мен мәмілесі» тақырыбында жамағатқа жұма уағызы айтылды. «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне арнайы келген ҚМДБ наиб мүфтиі, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы аталған тақырыпта көркем насихат айтып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір тарихына кеңінен тоқталды.
«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында Алла мүминдерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады. Пайғамбар оларға Алланың аяттарын оқып түсіндіреді (ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күні атаулыдан), арылтып тазартады, сондай-ақ оларға Кітап пен хикметті үйретеді. Шүбәсіз, бұдан бұрын олар анық адасуда еді», – деген («Әли Имран» сүресі, 164 аят). Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді», – деген («Әли-Имран» сұресі, 31 аят).
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла Елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақырет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алатындар үшін (қай жағынан алсақ та) теңдессіз үлгі-өнеге бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
Ибн Касир аяттың тәпсірінде: «Бұл аятта Пайғамбарымызға, оның айтқандарына, амалдарына, әртүрлі жағдайда өзін ұстауына еруге үлкен дәлел, анық айғақ бар», – деген. Демек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне еру, оның болмысымен танысу әрбір мүмин-мұсылманның мойнындағы борышы, дініміздің бөлінбес бөлшегі екені хақ» деді наиб мүфти.
Сондай-ақ, Алла Елшісінің болмысы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаш тарауы, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әтір себуі, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен жасаған қарым-қатынасы және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасымен мәмілесіне кеңінен тоқталды.
Уағыз соңында Алла Тағала бізді тазалықты сүйетін құлдарының қатарына қосуын тілеп, жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы үшін арнайы дұға жасады.
sunna.kz