Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбарлар мен сахабалар салт-дәстүрге қарсы шықпаған

0 2  827

Әрбір  өркениеттің,  әрбір  ұлттың  өзіндік дүниетанымы  бар.  Түрлі  халықтардың  тарихын зерттеген  ғалымдар  жер  бетінде  ешқашан  дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көз жеткізді.Адамзат  түрлі  халықтардан,  ұлт  пен  ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі  мен  дәстүрі,  діни  нанымдары  бар.  Мұндай  алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла тағала Құран кәрімнің «Хужрат сүресінің 13 – ші аятында былай  дейді:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Әй,  адам  баласы! Шүбәсыз,  сендерді  бір  ер,  бір  әйелден (Адам  мен үшін  сендерді  ұлттар,  рулар  қылдық.  Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз,  Алла  толық  білуші,  әр  нәрседен  хабар алушы».

Құдай  Тағала  адамзатты  түрлі  ұлттарға бір-бірлерін  танулары  үшін  бөлген.  Бір-бірін  тануы арқылы  олар  өздерін  таниды,  ал  өздерін  танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған  адамдардың  түбі  –  бір,  барлығы  Адам атадан  тарайды.  Сондықтан  да  мұсылмандар  басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.Адамзаттың  Алла  Тағаланың  алдындағы  ең қадірлі  тобы  болып  саналатын  мұсылман  үмбетінің өзі  неше  түрлі  ұлт-ұлыстардан  құралған.  Пайғамбар (с.а.с.)  арабтан  болып,  Құран  арабша  түсті  дегенмен мұсылмандардың  барлығы  арабтар  емес.  Керісінше, қазірде арабтар мұсылмандардың азғантай бөлігі болып саналады.

Ислам бейбітшілікке,  тыныштыққа үндейтін дін. Алайда, соңғы жылдары  ислам атын жамылған радикалды топтардың кез келген  халықтың танымын шаюға, зомби халіне келтіруге талпынып жатқаны өтірік емес. Бүгінгі  кері ағымдағылар айтып жүргендей  көп дүние  «ширк»  яғни Аллаға серік қосу болса пайғамбар дәуірінде исламды  қабылдаған талай жұрттың салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихи мұралары  жойылған болар еді. Халифа Омардың тұсында Мысырды мұсылмандардың өзіне қаратып алғаны  тарихтан белгілі. Егер сахабалар  Аллаға серік қосу  деген ұғымды қазіргі кейбір діни топтар  сияқты   ұғынған болса Мысырдағы пирамидаларды құртып жіберген болар еді. Өйткені перғауындар өздерін құдай санаған. Алайда,  сахабалар  пирамидаларды мәдени мұра ретінде бағалады. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.)  мұсылмандардың  өзге  халықтардың  теріс  әдет-ғұрыптарына  еруіне  тыйым  салған.  Өйткені  өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың  екі  жүз  жылдан  астам  уақыт  өтті.  Содан  бері салт-санасы,  әдет-ғұрпы,  әдебиеті  мен  мәдениеті мұсылмандыққа  бейімделіп,  ақырында  Ислам  діні халық  ділімен  біте  қайнасып,  ұлттық  болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Ислам  шариғаты  дұрыс  ұғымдарды,  ізгі мұраттарды  бекітіп,  бұрыс  ұғымдарды  тоқтату үшін  келді.  Сондықтан  мұсылман  халықтарындағы дәстүрлерді  елеп-екшейтін  басты  безбен  шариғат болып саналады. Халық  ұстанған  дұрыс  әдет-ғұрыптар  Ислам заңнамасындағы  құқықтық  нормалардың  бастау-ларының бірі болып саналады.

Алланың  Елшісіне  (с.а.с.)  пайғамбарлық  түскен кезде  арабтардың  арасында  да  алуан  түрлі  әдет-ғұрыптар,  дағдылар  бар  болатын.  Пайғамбар  (с.а.с.) олардың  Құдай  Тағаланың  әмір-тыйымына  керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта  халыққа  үйреншікті  болған  жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды. Адамдар  арасында  дағдыға  айналған  шариғат шартына  қайшы  келмейтін  істер  шарғи  үкімдерді белгілеуде  мұсылмандық  заңнаманың  екінші дәрежедегі  қайнар  көзі  ретінде  қарастырылады. Шариғат  үкімдері  алынатын  басты  қайнарлар  Құран Кәрім  мен  Пайғамбар  (с.а.с.)  сүннеті  екендігі  белгілі. Аталмыш  мәндегі  ғұрыптар  фиқһ  ілімінде  тармақты үкімдерді  белгілеуде  заңды  дәлел  ретінде  алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім  шығарғанда  кейде  халық  арасында  қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген. Шариғат  саласында  сондай  маңызға  ие  болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген. Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфаатты  еңбегінде  былай  дейді: «Ғұрып  пен  әдет  дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».

Ханафи  мазһабының  ғұламасы  Ибн  Абидин әдетке  мынадай  анықтама  берген: «Әдет  деген  сөздің негізі  көп қайталанғандықтан  үйреншікті  іске  айналған, адамдар  арасында  ешбір  түсіндіруді  қажет  етпейтін танымал  болған,  шынайы  ғұрыпқа  айналған  істер  дегенді білдіреді».  Демек,  шариғат  қабыл  алатын  ғұрып,  әдет дегеніміз  адамның  табиғатына  танымал,  ақыл  да,  заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер. Әдет-ғұрып жалпы  және  жалқы  болып  екіге бөлінеді.  Жалпы  әдет-ғұрыптарға  әртүрлі  аймақтарда өмір  сүретін  мұсылман  халықтары  арасында  белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады.  Мысалы,  үйлену,  талақ,  сауда,  қолөнерге қатысты  әдет-ғұрыптар.  Ал  жалқы  әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана  таныс  әдет-ғұрыптар.

Жақсы әрі дұрыс салт дегеніміз – бұл, (белгілі қоғамдағы) барлық адамдарға әйгілі, Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижма`) қайшы келмейтін, игі амалдардан тыймайтын әрі зиянды істерге себеп болмайдын әдет пен ғұрыптар (“Нәзария әл-‘урф” 36-37).

Салт пен дәстүрге дәлел ретінде, Ибн Мас`удтың  сөздерін де келтіруге болады: “Бүкіл мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе, Аллаһтың алдында да жақсы. Ал бүкіл мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе, Алланың алдында да жаман болып табылады” (Ахмад 1/379, Таяласи 23, Бәззәр 130. Хаким, Заһәби, Ибн Хаджар, Сахауи және шейх әл-Әлбәни сахих деген).

Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шариғатқа қайшы келмейтін, өз халқының әдеті мен ғұрыптарына қарсы болмаған, оларды өзі де ұстанған еді. Шейх Солих әс-Садлән айтқан: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адамдардың өз тұрмыстарына сай жасаған амалдарына  тыйым салмағаны, ол амалдарға рұқсат етілгенін білдіреді. Сондықтан адамдар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мақұлдаған іс-әрекеттерді жасаған, тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)) өзі оларға қатысқан. Бұл да олардың рұқсат етілгенін білдіреді. Ислам да, адамдардың ежелгі (шариғатқа қарсы келмеген) істерін мақұлдады» (“әл-Қауә’ид әл-кубра” 345).

Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген атүсті пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Бұл көзқарас бір ұлттың тамырына балта шабу ғана емес, сонымен бірге дінді бұзушылық болып табылады.

Фиқһ ғұламалары әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

1. Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.

2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.

3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуә беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі.

Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған салт-дәстүрдің орны ерекше.  Тағы  бір  түсінгеніміз,  дәстүр  мен  мәдениет діннің ықпалымен дамып, өзіндік өң қалыптастырады. Тілдің  дамуына  да  діннің  тигізер  әсері  мол.  Қазірде біз діни нанымы әлсіз болған халықтардың дәстүрімен бірге  тілінің  де  жойылып,  ақырында  ұлт  ретінде  жер бетінен мүлде жоғалып жатқанына куә болып отырмыз.Қорыта  келгенде,  дін  –  дәстүрдің  таразысы.  Ал иләһи  уахидың  негізінде  бекітілген  діни  рәсімдерді әдет-ғұрып  деп  есептеуге  болмайды.  Өйткені  олар Алла Тағаланың тікелей әмір еткен амалдар. Ал салт-дәстүр  адамдардың  арасында  көп  әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар.Салт-дәстүрлер заманына қарай өзгереді. Мысалы, қазақ жерінде кезінде ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері  бөлек болғаны  анық.  Ал  сол  халықтардың жалғасы  болып  саналатын  қазақ  халқының  нанымы мен  танымы,  салт-санасы  Ислам  дінімен  бірге  қабыса дамыды. «Саясат  күнде  өзгереді,  ал  дін  –  мәңгілік»  деп құрметті  Елбасымыз  атап  өткендей,  қанша  ғасырлар өтіп, қаншама қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар  сол  күйі  қалады  да,  ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз ауысып отырады.

Рашид АЛПЫСБАЕВ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.