Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақстандағы қажылық: ауыз әдебиеті мен мұрағат материалдарында көрініс табуы

0 2  199

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы директоры, т.ғ.к. Мухтарова Г.Р.

Қазақстандағы қажылық: ауыз әдебиеті мен мұрағат материалдарында көрініс табуы

 Қазақ даласындағы  қажылықтың  тарихын,  әлеуметтік және идеологиялық функциясын анықтаудың өзіндік қиыншылықтары бар. Соның бірі — жазба деректердің тапшылығы. Сондықтан да  ХҮІІІ ғ. дейін  қазақ даласына қажылықтың келу, таралу, даму тарихын зерттеуде дерек көзі ретінде негізінен ауыз әдебиеттеріне сүйенеміз. Белгілі шығыстанушы В.В. Бартольд  Орта Азия және Түркстандағы ислам дінінің таралу тарихын зерттеу барысында  УІІІ – ХІІІ ғғ.  Қазақстан территориясында қажылыққа тоқтала кетеді.[1] Дегенмен, кейбір деректер, мысалы, М.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі Орта Азия және қазіргі Қазақстан территориясындағы Шыңғыс хан ұрпақтары мен басқа ел билеушілерінің ислам дініне деген қызығушылығы және олардың ислам дінін таратудағы рөлі, қажылық сапарлары туралы бірсыдырғы мәліметтер береді[2].

Алайда, қазақ даласындағы қажылық мәселесі туралы жазба деректер пайда бола бастауы ХVІІІ ғасырдың  екінші жартысынан бастап   Қазақстан территориясының  Ресей отарына айналуына орай қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне, дініне  деген орыс ғалымдары мен саяхатшылары тарапынан  қызығушылықтың  күшеюімен түсіндіруге болады. Сол себепті мұрағаттарда, аталмыш кезеңдегі баспасөз беттерінде, әсіресе қазақ және орыс ғалымдарының, саяхатшыларының, Ресей отарлық мекемелері шенеуніктерінің еңбектерінде, сондай-ақ, ресми құжаттарда қажылыққа байланысты біраз деректер сақталған.

Сонымен қолда бар сан-алуан деректер негізінде қажылықтың қалыптасу және орнығу үрдісін негізінен үш кезеңге болуге болады:

— бірінші кезең — қажылық ұғымының  қазақтардың діни дүниетанымында ислам дінінің тарауымен бірге орнығуы, яғни  Орта Азия хандарының және қазақ даласында билік құрған Шыңғысхан ұрпақтарының ислам дінін қабылдай бастаған мерзімін қамтиды (орта ғасыр);

— екінші  кезең — ресей патшалығы тұсында ислам дінінің қазақ даласында қолдау  тапқан уақытын білдіреді (ХУІІІ екінші  жартысы-ХІХ ғ. соңы) ;

— үшінші  кезең — еліміз егемендігі мерзімімен тұспа-тұс келеді.

Қажылық ислам дінінің орнығуының ең ілкімді принциптерінің бірі, әрі іргелі факторы ретінде қазақы ортада орта ғасырлардан бері қалыптасты. Ислам дінің алғаш рет қазақ даласына келуін 705 ж. Талас шайқасынан кейінгі кезеңмен байланыстырамыз. Алайда, Шыңғысханның жорығына дейін ислам дінінің ықпалы негізінен тек оңтүстік Қазақстанда ғана жүрді. В.В.Бартольдтің айтуынша Х ғасырға дейін Таластың шекарасынан ары әрі қарай (арабтар – Тараз деп атаған) мұсылмандардың «табаны» жетпеген екен[3].

Қазақстанның оңтүстігінен өтетін Жібек жолы бойындағы саудагерлер салған жол   арқылы ислам дінінін уағыздаушылар, негізінен сопылық ағымының өкілдері қазақ даласына мұсылмандықты әкелді. Жібек жолы арқылы діндарлар ел аралап, Мекке мен Мединаға дейін ешқандай кедергісіз сапар шегіп отырды. Х ғасырлардың өзінде Мерв сопылық қоғамдастығының орталықтарының біріне, ал оның ірі өкілдерінің бейіттері қасиетті  құлшылық  орындарына айналды.

Ислам дініндегі мистицизм, яғни суфизм ағымының  алғашқы өкілдері туралы деректер негізінен аңыз түрінде кездеседі. Осы аңыздардың біріне сүйенсек мистицизм ағымының алғашқы өкілдерінің бірі, ҮІІІ ғ. Балх «патшасы» атанған діндар  Ибрахим ибн Адхам (б.з. 776-77 ж. дүние салған)  тақуалық жолға түсіп Меккеге дейін жетіп, қалған өмірін сонда құдай жолына арнаған екен. Оның шәкірттері, соның ішінде,   Шекик Балхи Меккеге дейін ел аралап, Түркістан, Самаркандта діни дәрістер алып,  Балхты «кәпірлерден» қорғап, 810 ж. Құлан (қазіргі Жамбыл облысы Құлан ауылы) түбіндегі шайқаста мерт болған көрінеді. Ортаазиялық сопылық ілімінің негізін салушылардың бірі, Мервтен шыққан Фузайл ибн Ияз (187/803 ж. дүние салған) және Абдаллах ибн Мубаректе(181/797 дүние салған)  Меккеге барып , сол жерде  діни уағыздарын жүргізген болса керек. Сонымен қатар, ІХ ғ. керрамий ағымының негізін салушы, тақуалық өмір кешкен, Балх, Мерв, Герат және Нишапурден дәріс алған Абу Абдаллах Мухаммед ибн Керрам (869/70 жылдары қайтыс болған) Меккеге қажылыққа барып, онда 5 жылдай болса, сейяри ағымының негізін салған Абу-л-Абас Сейяри (342/953-54 немесе 344/955-56 жж. дүние салған) «Мервте құдайшылық ақиқат сөзді алғаш айтқан адам» атанып, оның жерленген моласы қасиетті тәу ету орнына айналған[4].

Көшпелілердің қажылыққа деген көзқарасының әрі-сәрі болуына  ислам дінінің қазақ даласында терең тамыр жаюына ықпал еткен сопылық ілімі де өз үлесін қосты деуге болады.Жоғарыда аталып өткендей, ІХ-Х ғасырларда сопылық ағымының ірі өкілдері қажылыққа баруға қарсы болмаса, ХІІІ ғасырларда өмір сүрген сопылардың қажылыққа деген көзқарасының өзгергенін байқаймыз. ХІІ-ХІІІ ғасырларда сопылық толыққанды  ілім ретінде қалыптасып, оның ірі өкілдері өздерінің дербес ағымдарын (орден) дамытты. Осылайша жергілікті халық арасында  олар  өз  ағымдарының ықпалын күшейту жолында күрес жүргізді.  Ал кейбір ағымдар  Құдай жолында намаз оқу, ораза тұту, қажылық сияқты діни ғұрыптардың орындалуын қатал талап етуден гөрі, өмірдегі жақсылықтардан бас тартып, Аллаға сүйіспеншілік арқылы құлшылық етуді дәріптеді. Бұл  көшпелілер ежелгі дүниетанымына жақын келді деуге болады. Осы туралы  кезінде Плано Карпини көшпелілер «көзге көрінбейтін және көрінетіннің бәрін жаратушы деп өздері мойындайтын бір Құдайға ғана иланады, оны осы дүниедегі қуаныштармен бірге азаптарды жолдаушы деп біледі. Бірақ сол өз Құдайына намаз оқып сыйынбайды»[5] деген еді. Яғни мұсылмандық канондардың бәрін қатаң ұстана бермеді. М.Дулатидың Тарих-и Рашиди атты еңбегінен  беделді сопылардың ықпалымен дін жолына түскен  Моголстан ханы Султан Ахмад ханның (Алаша хан) баласы, Андижан билеушісі Саид хан  тақтан бас тартып, қажылыққа баруға шешім қабылдаған жерінен Қожа Мухаммед Жүсіп атты діндардың: «Патшалық – Құдайға жақын болудың қысқа жолы мен құралы, бірақ  патшалар оны сезім құмарлығын қанағаттандыру және сайтан істерді іске асыру құралына айналдырып жіберген. Патша жақсы ісі үшін құрметке  бір ғана бұйрық сөзі арқылы ие бола алатын болса, дәруіштің оған ұзақ ғұмыры да жетпейді…» — деген уағыздарынан кейін  хан қажылықтан бас тартып, бұдан былай әділ хандық құруға бел байлағаны айтылады[6].

Дегенмен, уақыт өте келе қажылықтың Орталық Азияда мұсылмандық дүниетаным мен идеологисын орнықтырудың аса пәрменді институттарының біріне айналғандығын аңғаруға болады.

Мысалы, Моголстанда ХУІ-ғасырдың 30-жылдарына дейін  мемлекеттегі екінші жоғары лауазым — ұлыс бегі атағына ие болған дулат тайпасының өкілі, Қашғар, Жаркент, Хотан, Ақсу, Байдың билеушісі, әмір  Худайдат 850 (1446-1447) жылы қажылыққа рұқсат болмағандықтан, қасына  Шах Хусайн есімді барлас тайпасының өкілімен бірге,  Моголстаннан қашып шығып, Меккеге қажылыққа аттанады. Қала-қаланы кезіп Меккеге жетіп, қайтар жолда  Мухаммед пайғамбардың моласына зиярат жасау үшін  Мединаға қайта оралған Худайдат, сонда қайтыс болып Осман халифтың моласының тұсына құрметпен жерленеді. Қажылыққа қашып кеткен әмірдің орнына Уайс хан оның үлкен ұлы Мухаммед шахты тағайындайды[7].

Сопылықтың кеңістік арқылы Құдайға жақындау қағидасы да көшпелі халықтың   дүниетанымына жақын болды.  Сондықтан  олардың Меккемен кеңістік арқылы байланыс орнату мүмкіндігіне сенуі түсінікті де. Н. Ходыревтың мақаласында келтірілген  төмендегі жайт бұл айтқанымыздың дәлелі бола алады. «Мен басы темірмен қапталған, қаптаманың жоғарғы дөңгелек ұшы мүйіз немесе тұяқпен сәнделген жай таяққа ұқсайтын  аса таяқты қарттардың қолынан жиі кездестірдім. Қаптама кейде Құран сөздерімен немесе жай  өрнектермен әшекейленеді. Басында мен бұл аса таяққа көңіл аудармадым, бірақ бір жағдай бұл таяқтың жай таяқ емес екендігіне көңіл аударуыма себепші болды. Көшіп жүрген кездердің бірінде кешкісін жатар алдында менің қасымда жүрген қырғыз (қазақ – авт.) шал алысырақ барып, жерге аса таяқты шаншып қойып, жайнамазын жайып таяққа қарап намаз оқи бастады. Мен екінші күні қарттан: Неге таяққа қарап намаз оқығандығын сұрадым. Бірақ қарт тура жауап бермеді. Жастардан мен таяқтың басы Меккені білдіретіндігі және оның ұшы Мекке мешітінің күмбезіне ұқсас сәнделетінін естідім.Аса таяқ намаз оқушы мен Мекке арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ететін құрал іспеттес екенін анықтадым» [8].

Қазақтар игі істерді атқаруды қажылыққа пара-пар қойды. Мына әр кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулардың айтқан сөздерінен аңғаруға болады.  Мысалы, Шалкиіз жырау  (1465-1560 жж.) Би Темірге  қажылық сапарының қиыншылықтарын айта келе  :

…Тәңірінің үй кебені

Ибраhим Халил алла жасапты,

Ғазырейіл – жан адамға қасап-ты,

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірің үйі бәйтолла,

Сұлтан им, қарсы алдыңда жасапты![9] – десе Ақтамберді жырау (1675-1768):

Ей, азаматтар, шоралар…

Меккені іздеп кетесің,

Әзір Мекке алдыңда –

Пейіліңмен сыйласаң

Атаң менен анаңды [10]

Ал, халық арасында Шал-ақын есімімен таныс жырау Тлеуке Кулекеулы (1748 – 1819) :

Мекке мен Мәдине жолдың ұшы,

Иман таба алар ма барған кiсi?

Ата-ананы, мейманды құрметтесең,

Меккеңнен де нұрлы ғой үйдiң iшi –дейді[11].

Ел арасында ХІХ ғ. басында Атақорған ауылында дүниеге келген, халық арасында Сары би атанып кеткен, он үш жасынан билік құрған,  Мыңбайұлы Нұрмахамбет би (1812 — 1901) әділ билік құрғаны үшін қажы атанғаны белгілі. Бұл оқиға  М.Ерімбетовтің «Қоңырат шежіресі және оған қатысты әңгімелерінде» былай суреттелген: «Бірде Атақорғаннан бір топ кісі қажылыққа барған екен …Ескілердің айтуына қарағанда, зиянатын бітірген кісілер бір мешіттің қасына жиналып отырады екен, мешіттің мұнарасынан дауыс шығып, жиналған кісілердің ішінен кімнің қажісі қабыл болғандығын хабарлайтын көрінеді. Атақорғаннан барған кісілер зиянатын жасап, мешіттің қасына жиналып отырғанда, мұнарадан дауыс шығып, біраз кісілердің аты аталғанда, солардың ішінде Сары бидің де есімі аталыпты. Мекеге барған кісілер қайтып келгенде Сары биге:  Сіздің қажылығыңыз бармастан қабыл болды,- деп хабарлап, сүйінші сұраған екен.  Мұны естіген атамыз елді жинап, мал сойып, құдайы берген көрінеді…[12]

Нұрым жырау Шыршағұлұлының  Әтембетке айтқан  толғауынан XIX  ғасырда қазақ қоғамында тауап етіп келген (қажылық кейде солай аталған) адамдардың беделінің жоғары болғанын байқаймыз:

Сондықтан сізге келгенім

Қағбаға тауап еткендей,

Иіліп сәлем бергенім, — деп келетін жолдары қажылыққа бару дәстүрінің айрықша қастерленгенін аңғартады[13].

Бұл кезеңде қажылықтың рөлінің артуына объективті себептер болды. ХІХ ғасырдыің екінші жартысында патша өкіметінің билігіне түгел өткен қазақ даласында ислам дінінің таралуын ресми қолдауы елді аралап қажылыққа баруды үгіттеуші  – шауыш, тәуепшілердің санының  күннен күнге өсуіне жол ашты[14].   Олар қажылықты мұсылман қауымының дінге деген көзқарасын қалыптастыру, мұсылмандарды діни, саяси біріктіру күш ретінде қарастырып, діни ғибадаттарды орындау арқылы о дүниеде бақытқа бөленіп, бұл дүниеде беделге ие болатындарын халыққа жеткізуге тырысты. Сонымен қатар, Қазан, Орынбор, Верный қалаларындағы   басылымдардарда да қажылыққа арналған баспалар жарық көре бастады. Осы ретте, әсіресе, «Қисса-и Өсербай» (Казань, 1892, 1895), «Хаж-ул-харамаен Бектурган бин Каражан хажы» (Казань, 1898), «Кисса – и Ондирбай хаж-ул-харамаен» (Казань, 1900), «Козыбай-хаджи Исенгул-хаджи улынын марсиясы» (Оренбург, 1913) Алматы уезінен биі Дүйсебай Шуманақұлының халыққа айтқан өсиетіне арналған  «Хаж сапары» (Верный, 1911. – 50 с.), Гумар Қарашевтің «Бадел хаж» (1913 ж. Қазан)[15] т.б. басылымдарды айрықша атауға болады.

Ш. Құдайбердіұлының 1912 ж. Семейде басылып шыққан «Мұсылмандық» атты трактатында діни ғұрыптарды атқарудың мәніне жан-жақты талдау жасаумен қатар қажылық мәселесіне де тоқталады.  1906 ж. Шәкәрімнің өзі де қажылық жасағаны мәлім[16].

ХІХ ғасырда қажылық сапары  негізінен төмендегідей үш жол торабы арқылы жүрді:

1 бағыт – Закавказье және Парсы елінің солтүстімен тораптық пункт Кирманшах арқылы, Туркиядағы Ханеяки қаласын басып өтіп, Бағдад бағыты бойынша киелі орындар Казмейну, Кербеля, Неджефке, одан ары Аравия құмы арқылы Мекке мен Мединаға апарды.

2 бағыт – кемемен Қара теңіз порттарының бірі – Стамбұл-Александрия, одан құрылықпен Суэц қаласына, әрі қарай кеме арқылы Иhанбо мен Жиддаға, одан Медине мен Меккеге жеткізді.

3 бағыт  – Бұқара немесе Самарқанд арқылы Мазари-Шәріп-Қабыл-Пешевар-Бомбейді басып өтіп (Қарашиге бұрылуға да болады), одан әрі Үнді мұхитымен Жиддаға немесе Иhанбо арқылы Мекке мен Мединаға апарды.

Үшінші бағыт Орта Азия  халықтары үшін ұтымды болды. Сондықтан  бұл жол арқылы  ХІХ ғасырда жылына  шамамен 2-3 мыңдай адам қажылыққа барып тұрған.

Ислам дінінің қағидасы бойынша қажылыққа кәмелетке толған, бас бостандығынан айырылмаған, есі дұрыс, денсаулығы бар және ең бастысы,  қажылықа қажет қаражатты өз еңбегімен тапқан адам ғана бара алады. Ал қажылықққа бару үшін аталмыш уақытта әрбір адамға, кезінде қыруар қаражат 100-300 рубль,  қажылық паспорт алу үшін, маркаларымен, консульдық визамен қоса есептегенде, 12,6 рубль қажет болды. Оның үстіне  Мекке мен Мединаға дейінгі жолға 1 жылдай уақыт кетті.  Айталық, ХІХ-ғасырда қажылыққа барып келген Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты кітабында қажылыққа 1897 жылы 15 ақпан күні Семейден  шығып, 1898 ж. 1 қаңтарда Мединаға жеткенін баяндайды. Оның қажылық сапары Қазақстан-Ресей-Польша-Австрия-Венгрия-Болгария-Туркия-Пәкістан-Иерусалим-Мысыр-Сауд Аравиясы елдері арқылы  өткен екен[17]. Олай болса «әрбір мұсылман өмірінде кемінде бір рет қажылық жасауы тиіс» деген  талаптың әркез  орындалмағаны түсінікті жәйт.

Қажылыққа баруға Ресей патшалығы рұқсат берген жылдары мұсылмандар ресми түрде «қажылық паспортын» алып, ал рұқсат берілмеген жылдары  Батуми және Одессадан өте қымбат бағамен  «түрік, парсы, бұқар билеттерін» сатып алып  немесе «сауда-саттықпен айналысуға барамыз» деген сылтаумен Мәскеу мен Варшава арқылы төлқұжаттар алып отырған[18].

Қажылыққа баратын қазақтар  жергілікті  әртүрлі рәсімдеулерден  өтті.  «Түркістан уалаятының газеті» жариялаған «Орыс жұртына қараған мұсылмандарға Меккеге баруға билет беру тақырыпты» атты мақалада осы тәртіптің егжей-тегжейі дәл келтірілед:

«1. Меккеге барған адамдарға билет Ташкент пенен Алматыда беріледі. Онан өзге жерде берілмейді.

2.Орысқа қараған Меккеге барамын деген мұсылмандарға уазеной әкіміне өздерінің осынан қарап тұрған облыстарынан ешбір алық-салық жоқтығына және тергеуге түспегендігіне және араласпағындығына  және ешкімнің қарызы мойнында жоқтығына куәлік хат алып келсе керек. Үш жақсы, сенімді адамдардан кепіл қағаз алып келер керек. Ол кепіл қағазда әлгі үш кепіл болған кісі жөнейтұғын адамның айлық салықтары уағында төленіп тұратындығының, екінші, қалған бала-шағаларының ауқатының жеткендейінің және баратұғын адамның жол жүріп келуге ауқаты жететұғының және жолда қарыз қылмай қайтып келетіндігінің кепілін алса керек. Егер жолда қарыз қылса, ол қарызды өзі төлеймін деп кепіл болсалар керек.

3.Оязной әкімдер әлгі кепіл қағазды көрген соң Меккеге баратұғын адамдардың қолына барып келуге тоқтаушылық жоқ деп хат қылып береді. Сонан соң бұл хатты баратұғын кісі алып губернаторға келіп билет алады. Төрт ай болған сайын уаезной губернатор Меккеге баруға билет берілген мұсылмандардың аттарын жазып, есебін генерал-губернаторға беріп тұрады[19].

Елінен әртүрлі кедергілерден өткен қазақтар ендігі жерде шетел паспортын алудың жолын көрсетіп,«сауабын алушы» сарттар, одан қалса делдал арабтардан (шерифтер тағайындаған делилдер және оның сенімділері векильдерінен)  «күйіп» жататын.

Жиддадағы Ресей консулының «даладан келген қажыларға көңіл бөліп, олардың шет елде тоналмауына мүмкіндігінше жағдай жасаса» деген өтініш осының дәлелі болса керек[20]. Оған қоса ХІХ  ғасырдың ортасына дейін Меккеге қажылық жасауға рұқсат етілген мұсылмандар тізіміне қосылмай, қасиетті орынға зиярат етуге жіберілмегендіктен  қазақтар мен қырғыздар,  өз  ұлттарын жасырып, бұқаралық, ташкенттік сартпыз деп тіркелуге мәжбүр болған[21].

Қазақтарды Меккедегі тізімге қосу және қажылыққа келгендерге арнап такия (қонақ үй) салу үшін жер  алу  мәселелермен  Нүрпейіс молда  Меккеде  жеті жыл бойы айналысады. Кейін бұл мәселе оңынан шішіліп, қазақтар тізімге қосылып, қонақ үйлер салдыра бастайды[22].  Солардың бірі  Орта жүз тобықты руының биі, аға сұлтан Құнанбай  1879 жылы Мекеге барып, қазақтарға арнап, «Такия»  қонақ үй сатып алып қалдырғаны тарихтан белгілі.

Әрине, XIX  ғасырдың соңғы ширегіндегі  қажылықтың өріс алуы патша өкіметін де алаңдатпай қоймады.  Бұл бір жағынан қазақ даласында ислам дінінің ықпалын күшейтетін фактор болса, екінше жағынан қажылықты реттеу экономикалық табыс көзі де еді. Оның үстіне ресей патшалығы алғашқы ислам дінін қолдау саясатынан бас тартып, орыстандыру және шоқындыру саясатына ауысуы да  қажылыққа деген көзқарастың өзгеруіне себеп болды.  Ресей патшалғының мазасын ала бастаған, қажылық мұсылман фанатизмін нығайтушы, дүниежүзі мұсылмандарын саяси-діни біріктіруші күш ретінде қарастырылып, жойып жіберуге мүмкіндік жоқ болған күнде де мемлекеттік, тұрғыда зиянды деп табылып мүмкіндігінше тежеу мен қатал қадағалануға алынды. Тіпті ары қарай кедергілер жасау жолдары қарастырылды[23]

Қажылық сапары сол кездегі халықаралық қатынастарға да тікелей тәуелді болды. 1876-1878 жылдар аралығындағы қажылыққа бару туралы өтініштер Ресей мен Түркия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты кері қайтарылып, қажылыққа барып келгендер өкімет тарапынан қатал қадағалауға алынып,  тінтіліп, олардың өздерімен  бірге алып келген әдебиеттері  тартып алынып, тексеруден (цензурадан) өткізілді. Алайда, 1878  жылдың 15 қарашасынан бастап  Ресей Түркия аралығындағы қарым-қатынастар жақсара бастауына байланысты 2 жыл аралығында түскен өтініштер қайта қарастырылып,  қажылыққа баруға мүмкіндігінше рұқсат берілді[24]. Бірақ, 1914 ж.1 қарашасында Осман империясы үкіметінің Ресейге соғыс жариялауына байланысты Қара теңіз бұғаздары жабылып, Ресей мұсылмандарының бұл бағыттағы Меккеге сапары тоқтатылды[25].  Ресей шенеуніктерінің ресми хаттарында қажылыққа барып келген адамдардың  қоғам үшін «өте зиянды» екенін, әсіресе Түркия арқылы қажылыққа барып келгендер ислам дінін уағыздайтын кітаптарды алып келіп халық арасына таратып, үгіт насихат жүргізетіндіктерін баса көрсетіп айтуы сондықтан да болса  керек.

1875 жылы  Шетел  діни істер департаментінің  Баспасөз істері жөніндегі бас басқармасына жіберілген  қатынас қағазында «Сыртқы істер министрлігі Меккеден Ресейге Константинополь арқылы қайтқан  Ақмола облысы  Петропавловск қаласының бас ахуны Абдул-Бари Яушевке түрік министрлерінің кейбіреуі өзімен бірге еліне діни мұсылман кітаптарын алуды ұсыныпты. Константинополде   дінді бүркеніп, саяси мақсатты көздейтін, панисламизм теориясын жақтаушы саяси партия бар екенін ескеріп,  Сыртқы діни істер департаменті, кітаптарды қайтарып беру алдында қатал тексеруден өткізу үшін  баспасөз істер жөніндегі Бас басқармасының тиісті үкім шығаруын өтінеді»[26]  1877 ж. Батыс-Сібір генерал-губернаторының атына жазылған Акмола облысының біраз шенеуніктерінің қолы қойылған қатынас   хатта аталмыш Петропавловск қаласының ахунының қажылыққа барып келгеннен кейін мұсылмандар арасындағы ықпалының күшейгендігі, сол себепті де оны орнынан алу  және жалпы Меккеге барып келген адамдарға, татар болсын,  қазақ болсын, елді аралап жүрулеріне тыйым салу керектігі туралы хабарласа,[27].«Мекке мен Мединаға христиан дініндегілер жіберілмейтіндіктен біздің ешқандай жұмыс жүргізуге мүмкіншілігіміз жоқ. Қажылыққа келгендер өз білгендерінше ұзақ уақытқа қалып, жан-жақты діни білім алып қайтады және олар елінде  бұл алған білімдерін әрқашан тереңдетіп отырады. Осылай, қажылық өкімет мақсаты мен мүддесіне қайшы өзгерістерді алып келіп отыр» —  деген ресми пікір патшалық тәртіптің қажылыққа деген кереғар көзқарасын білдіреді. [28]

Кейде ресей патшалығы қажылыққа тыйым салу үшін оқтын-оқтын ұшығып тұратын оба індетінің  таралу қаупін де алға тартты. Расында да сол кездегі әртүрлі жұқпа аурулар қажылық міндетін атқаруға орасан зор кедергі жасады.  Н.А.Смирнов  өзінің «Ислам и современный Восток» атты кітабында   ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қажылықтың қиыншылықтарына  жан-жақты   талдау жасай отырып ( жолдың ұзақтығы, күннің ыстығы, қажылыққа жиналған адамдардың санынның көптігі, әртүрлі алаяқтардың ақша табу мақсатында қажылыққа келген адамдарды ақшасыз қалдыруы, тазалықтың жоқтығы, ұйымдастыру мәселелерінің шешілмеуі, су мен азық-түліктің жетіспеуі) қажылыққа келген адамдардың жартысына жуығы әртүрлі ауруларға шалдығып қаза табатындығын айтады. Сондықтан да  поволжиялық діндар,  ислам дінінін зерттеуші ғалым Муса Жарул сияқты адамдардың  қажылыққа қарсы тұрғанын  ерекше атап өтеді [29]. Автордың  мәліметі бойынша, 1865  – 1893 жж. оба індетінен Мекке мен Мединаға қажылық және басқа себептермен келген адамдардың  5-10 қайтыс болып отырған[30]. 1896-1900 жылдарда Үндістанда оба індетінің орын алуына байланысты Ресей әкімшілігі  Мекке мен Мединаға баруға тыйым салып, 1896 ж қажылық сапарын реттейтін комиссия құруды ұйғарды[31].

Бағдад пен Жиддадағы Ресей императорлық консулдығы (Императорские Российские консульства) аз уақыттың ішінде тексеру жұмысын жүргізіп, қажылыққа байланысты паспорт жасауды тапсырды.  Осының негізінде Ресей Ішкі істер министрлігінде 1900 жылы 31 желтоқсанда қажылық сапарға байланысты 2414 нөмірлі жаңа құжат дүниеге келді. Бұл құжатқа байланысты қажылыққа барушыларға «Қажылық паспорты» «Паломнический паспорт»  берілетін болды. [32]

Мұрағатта сақталған деректер арқылы қажылыққа барғандардың санын нақты айту қиын. Себебі қажылыққа рұқсат берілмеген жағдайда  халық  Австрия мен Германияға сауда-саттық жасаймыз деген сылтаумен Мәскеу немесе Варшава арқылы төлқұжат алып  отырған.  Сонымен бірге төлқұжат немесе рұқсат қағаздар  Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Астрахан қалаларынан да беріліп отырды. Мысалы, Омбыдан Мекке бару  үшін 1905 ж. 500 қазақ паспорт алған.[33]

Қолда бар деректер қажылыққа барған қазақтардың санын дәл басып айқындай алмағанмен, оны көшпелілер үшін айрықша рухани парыз, ұстанымға айналғандығын айғақтайды.

Қазақтардың арасынан қажылыққа баруды бастаушылар туралы Мәшhүр Көпеев «Қазақ қазақ болғанда бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай. Тоқал қатынмен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне, жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы Күләк Самат. Баянауылда дуан болып, ноғай Байжан хазірет екеуі барған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді» дей отырып  Құнанбай бастаған қажыға үшінші барушылардың «…Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр елдің қасқа жасаңы болғандықтан көргендер таңырқарлық болыпты» — дейді өзінің «Қазақ шежіресі» деген кітабында[34]

Н.Лыкошин «К статистике паломничества в Мекку» атты мақаласында: «Кағбаға қажылыққа баратындардың саны жылда өзгеріп тұрады. Бірақ былтырғы жылдың соңында (1901 ж.) Шымкент уезіндегі қажылыққа барғандардың санының 188-ге жетуі күтпеген жәйіт болды. Сондай-ақ, сарттар көптеп тұратын Шымкент, Түркістан қалаларынан ғана емес (екі қаладан 62 адам қажылыққа барған) негізінен қырғыздардан (қазақтар – Г.Р. М.) тұратын шалғай аудандардың көшпелі тұрғындарының қажылардың санын көбейтуі көңіл бөлерліктей жәйт. Мысалы, Шу ауданынан 126 адам, соның ішінде Қаратау өңірінен 20 адам қажылыққа барса[35], 1910 жылы тек Омбы қаласынан қажылыққа баратын қазақтарға 500-ден артық арнайы рұқсат берілген[36].

«Туркестанские ведомости” газетіндегі мәлімет бойынша: «1913 ж. Меккеге  Түркістаннан қажылыққа баратын адамдардың  саны алдыңғы он жылдыққа қарағанда  екі есе өсіп, қажылыққа барған татар, қазақ, сарттардың саны бір жылда  50.000 адамға жеткен»[37].

Кеңестер өкіметі билікке келгеннен кейін  діни өмірде айтарлықтар өзгерістер болғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметі алғашында діни бостандық береміз деп уәде беріп, кейіннен дінді жан-жақты қудалай бастағаны, діни ғимараттар талқандалып, діни қызметкерлер қуғын-сүргінге ұшыратқаны, қажылыққа баруға тыйым салғаны анық.  Сондықтан да қажылыққа баратын адамдардың саны күрт қысқаруы да заңды нәрсе.

Кеңес дәуірі кезінде қажылыққа барған адамдардың саны нақты көрсетілген деректер қолымызға түспеді. Бұл туралы бір деректер  70 жылдық кеңестік дәуірді  елімiзден 100 шақты адам қажылыққа барған[38], 1993 ж. «Независимая газета» 1917-1987 жылдары аралығында 30 ғана адам қасиетті қара тасты көруге мұмкіндік ала алған деп көрсетеді[39].

Қажылық кеңес өкіметі тұсында Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы арқылы реттеліп отырды. Орта Азия және Қазақстан  территориясындағы аталмыш діни басқармаға қарайтын  ірі мешіттердің  имамдарының өтініштері қарастырылып жылына 20 шақты имам Меккеге қажылыққа жіберілген.  Яғни Қазақстандық имамдардың бұл тізімге кіру кірмеуі екіталай еді.

1929 ж. «Справка АППО Уральского окружкома ВКП (б) Казкрайкому о состоянии религиозной общины в ауле № 29 Челкарского района. Не позднее 6 апреля 1929 г.» атты құжатта  «Мекке и Мединаға жалғыз бір мурид  қана барды, оның қазір жасы 80-ге келді, өзі ауыру» деп берілуі сол кездегі қажылықтың, жалпы діннің мүшкіл ахуалын көрсетеді.[40]

1945 ж. кеңес өкіметі мұсылмандары Мекке мен Мединаға қажылық жасауға  үкімет тарапынан ресми рұқсат алуына байланысты, қолымыздағы бар мәліметтерге сүйеніп, кеңес үкіметі кезінде  қажылыққа бару мүмкіндігіне ие болған бірнеше қажыларды атап өтуімізге болады.

Соның бірі,1890 ж. Ақмола облысы Ерейментау маңындағы Малтабар ауылында дүниеге келген, медреседе мұсылманша сауатын ашқан, кейін өзі медресе ашып шәкірттерді оқытып, имам атанған, 1929-1933 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап абақтыға қамалып, 1933 ж. Омбыға жер аударылған, 1952 ж. Қазақстанның қазиы атанған Садуақас Ғылмани 1949 жылы қажылыққа барып қайтты[41].

1892 ж. Талдықорған облысының Сарқанд ауданында дүниеге келген, 1954-1973 жылдары имам-хатибі Жаңа Семей мешітінің болып тұрған хазрет Ахметсафа Қалдыбайұлы  1958 жылы  66 жасында қажылыққа барған. Ал, Ахметсафа Қалдыбайұлының   әкесі Қалдыбай қажы Қасқабай ұлы  Лепсі оязының діни басшысы болған және екі рет,  ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде және ХХ ғасырдың басында, қажылыққа барған екен.

Кеңес ұкіметі кезінде мұрағат құжаттарына сүйенсек (Отчёт уполномоченного СДРК по Казахстану) жалпы 1960 жылға дейін Казақстаннан тіркелген 25 адамның ішінен 6 қажылыққа барған, оның 1 қазан көтерілісіне дейін, қалған 5 көтерілістен кейін. Сол құжат бойынша  1958 ж. құжат өткізген 33 адамның тек 1 барған, 1959 ж. құжат өткізген 52  адамның 1 барған , 1960 ж. 17 адам құжат өткізген,бірақ ешкім бармаған. 1961 ж. 2 адамға квота берілген, бірақ  Қараганды қ.  имам-хатыбы К. Мандыбаев ғана барған. 1962 ж. Түркістаннан 1 адам —  А. Фахретдинов барған.

1970 жылы Каирде өткен Халықаралық Парламент Конференциясына барған кеңес делегациясының басшысы, сол кезде  КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарушы, белгілі жазушы, ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әди Шәріпов Мәскеуден рұқсат ала отырып Меккеде жерленген әкесінің моласының басына барып келеді. Жасы 20-24 жастағы Шәріп атамыз өз әкесі Қайранбаймен  1916 жылы  қажылыққа барғанда сырқаттанып сонда қайтыс болған екен.  (Иордан  Премьер министрі Талкуни, Әди Шәріповтың  газетке берген сұбхатынан  ол кісінің әкесінің сүйегі Меккеде қалғанын естіп, Шәріп атамыздың алдын ала моласын тауып, Әди ағамызды бірден сонда әкелген екен)[42].

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейін халқымыз мұсылмандық парыздарын жалтақтамай өтеуге мүмкiндiк алды. Қасиеттi Мекке, Мединаға қажылыққа баруға  жол ашылды. 70 жылдан астам идеологиялық құрсауда болған қазақ халқы ұлттық мәдени рухани сұраныстарын қанықтыра алатын уақытқа да жетті.  Қажылыққа барушы адамдардың санының күннен күнге өсуі де соның айғағы.

Тұңғыш рет Егеменді Қазақстаннан 21 адам  1991 жылы қажылыққа аттанса,1993 ж.  елбасы Н.Назарбаевтың Алматыдағы Орталық мешiтке арнайы келiп берген ақ батасымен Қазақстаннан 300-ден астам адам қажылыққа аттанды. Сол бiр тарихи мерзiмнен бастап күнi бүгiнге дейін жылда республика мұсылмандары қажылық парыздарын өтеп қайтуда. Мекке, Мәдинаға сапар шегiп, қажылық парыздарын өтеу бақытына ие болған бауырларымыздың қатарында елімiздi мекен еткен 26 ұлттан тұратын отандастарымыз түгел қамтылған. 12-95 жас  аралығындағы азаматтар арасында елiмiзге танымал қоғам қайраткерлерi, ғылыми зиялы өкiлдерi,  өнер жұлдыздары да бар. Олардың көпшiлiгi қасиеттi Мекке, Мединадан оралған соң, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге үлес қосуда.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.