Садақаның кез-келген түрін Аллаға деген шын ықыласпен жасаңыз
Садақаның кез-келген түрін Аллаға деген шын ықыласпен жасаңыз
Кез-келген игі істі және садақаны тек Алла Тағала үшін орындау, адамның сауапқа ие болуының қажетті шарты болып табылады.
Алла Тағала: «Олардың өзара күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ кім бір садақаны не бір игілікті немесе адамдардың арасын жарастыруды әмір етсе (сол қайырлы). Және біреу, осыны Алланың ризалығын іздеп істесе, сонда оған тез арада зор сауап береміз» («Ниса» сүресі, 114-аят), – деген.
Бір күні Пайғамбар (с.а.с.) садақа, шариғат мақұл көрген сөздерді айту, әлсізге жәрдемдесу және басқаларды ренжітуден бас тарту секілді істерді айтып: «Жаным қолында болған (Алла) мен ант етемін! Осы (аталған) істердің кез келгенін Алла қасындағы нәрсеге жету үшін орындаған әрбір пендені Қиямет күні (осы іс) міндетті түрде қолынан ұстайды да, қашан ол жаннатқа кіргенше (жібермейді)», – деген (Ибн Хиббан).
Хасан әл-Басри мен Ибн Сирин: «Кімде-кім шариғат мақұлдаған істі жасаса, оның ойында соған сәйкес ниеті болмаған болса да, оған сауап жазылады», – деп айтқан.
Хумайд ибн Зәнжәуия: «Бір күні Хасаннан: «Егер біреуден өзі жек көретін адам бір нәрсе сұрап, бұл ұялғанынан оның сұрағанын берсе, бергені үшін сауап ала ма?» – деп сұрапты. Сонда ол: «Расында, бұл шариғат құптаған іске жатады, ал құптағанға міндетті түрде сыйлық жазылады», – деді», – деген.
Біреудің Ибн Сириннен: «Егер бір адам мәйітті жерлеуге Алла Тағаланың сыйлығы үшін емес, (өлген адамның) отбасы мүшелерінен ұялғандықтан қатысса, ол сауап ала ма?» деп сұрағанда, Ибн Сирин: «(Тек қана) сауап па?! Жоқ, ол екі сауап алады: бірі өлген бауырының жаназа намазына қатысқаны үшін, екіншісі – өлген адамның туыстарымен қатынасын үзбегені үшін», – деген.
Бұл хадистің мақсаты садақаның түрлерін осы хадисте көрсетілген істермен шектеу емес, керісінше осы хадисте айтылмай қалған садақаның түрлеріне көңіл аударту. Олардың қатарына адамға және Алла Тағаланың барлық мақлұқтарына пайдалы болатын іс-амалдардың бәрі жатады, өйткені Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір жан иесіне (жасалған жақсылық) үшін сауап бар»; «Расында Алла барлық амалды жақсы орындауды міндеттеді», – деген.
Бұл хадисте Алла Тағала адамдардың тәніне саламаттық беру арқылы оларға жақсылық жасайтыны туралы айтылады және адам әр күні денесінің әр бөлігі үшін Алла Тағалаға шүкірлік етуге міндетті. Ал шүкірлік етудің түрлеріне келсек, олар – шариғат құптаған әрекеттер, адамдарға жақсылық жасау, мұқтаждарға көмектесу, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау, игі істермен айналысу, жамандықтың бетін қайтару және қайырлы істердің қандайын болса да адамға ғана жасаумен шектелмей, барлық жан иелеріне де жасау. Мұның бәрі де пайда келтіретін садақа түрлеріне жатады.
Ал садақа беретін адамның өзіне ғана пайдалы болатын садақа түрлеріне Алла Тағаланы зікір ету, мадақ айту, ұлықтау, дәріптеу, куәлік сөздерін айту, Одан кешірім сұрап жалбарыну, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айту, Құран оқу, мешітке бару, онда намазды күтіп отыру немесе білім алу үшін бару және Алла Тағаланы еске алу сөздерін айтып отыру жатады. Бұған сонымен қатар жүріс-тұрыстағы кішіпейілділік, киім киюдегі қарапайымдылық, жұмысқа шын ықыласпен берілу, адал кәсіппен айналысу және соған ұмтылу, өз-өзінен іс-амалдары жөнінде есеп алу, өткен өмірінде басынан өткен күнәлары үшін өкіну және солар үшін тәубеге келу, Аса Құдіретті де Ұлы Алладан қорқып жылау, аспан әлемі мен жер туралы, сондай-ақ Ақырет амалдары туралы және онда не болатыны жайлы, нақтырақ айтқанда, жаннат пен тозақ және Алла Тағаланың уәдесі мен ескертулері жайлы ойлану т.б. кіреді.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
sunna.kz