Бүгін Астанадағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас ғимаратында Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиевтің жетекшілігімен қажылық маусымына қатысты іс-шаралардың бағдарламасы мен жоспары бекітіліп, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Басқосуға Бас мүфти кеңесшісі Дәулет Әлиханов, ҚМДБ Қажылық және Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, Қажылық миссиясының құрамымен баратын nur.kz порталының тілшісі Ардақ Саттарқызы қатысты.
«Қажылық – ҚМДБ қызметкерлері үшін аса жауапты маусым. Сондықтан, Қажылық миссиясымен бара жатқан дін қызметкерлері, дәрігерлер тобы, журналистер, жол бастаушы мамандар, т.б. өзіне қатысты жұмыстарды тиянақты әрі жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Бекітілген іс-шаралар уақытылы әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуын жан-жақты қамтамасыз етіңіздер», – деп атап өтті Ғылымбек Жәдігерұлы.
Айта кетейік, ертең, яғни 23 тамызда Астана қаласынан қажылар ұлық сапарға аттанбақ. Әуежайдағы шығарып салу рәсіміне Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатыспақ.