Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Біз салафизммен күресте Хазіреті Әлидің тәжірибесін ұстанып отырмыз!

0 1  999

(Дінтанушы Қанат Жұмағұлмен сұхбат)

– Бұрынғы және бүгінгі діни ахуалымызды қысқаша ғана қалай сипаттап берер едіңіз?

– Ел егемендік алғанға дейін ислам дінінің мамандары тапшы болды. Кеңес үкіметінен дін сұраудың өзі қисынсыз. Жарты әлемді қан қақсатқан алып империя дінге де орасан зор зардаптарын тигізді. Қазақ елі тәуелсіздік алған кезде барлық бұғаулар мен құрсаулар шешілді. Жан жақтан әр түрлі діни ағымдар ене бастады. Адамның наным-сенімін еш уақытта қысыммен ұстай алмайсыз, сондықтан да еліміз зайырылылық жолын ұстанды. Кім қалай жүргісі келеді – кеңшілік жасалды. Алайда, елдің тұтастығына нұқсан келтіретін жат пиғылды ағымдар пайда болды.

Осылай жат ағымдар жас мемлекетке лап қойды. Ал, қазақтар арада сәл қол үзіп қалған мұсылманшылық жолы осы екен деп көбін қуанышпен қарсы алды. Енді міне, бүгінгі жағдайды көріп отырсыз. Діни экстремизм белең алды. Жат діни ағымдар ұлттың ерекшеліктері, салт-санасын жоққа шығарды. Аға буын мен жат ағым жетегінде кеткен жастардың арасында түсініспеушілік пен бостық пайда болды.

Аллаға шүкір, еліміз осындай қиындықтарға қол қусырып қарап отырмай,  егеменік алған алғашқы он жылдақтан бастап өз жерімізде діни оқу орындары ашыла бастады. Медресе, колледж, университет т.б. оқу ордалары жұмыс жасап жатыр. Ол жерлерден қаншама діни сауаты терең азаматтар шығып имандылықты насихаттауға өз үлестерін қосып, қызмет атқаруда.

Салафизм ағымы – жат сананың біреуі ғана. Басқа да қаншама ағымдар бар. Солармен салыстырғанда елімізде дін мамандары әлі де тапшы ма деп ойлаймын. Аталмыш ағымдар да қарап қалмай, күн сайын тамырын жайып, жақтастарын көбейте бермек. Оның ар жағында қаншама қаржы, қандай зымиян саясат жатыр ол да белгісіз… Ондай ағымды меніңше, қолдап отырған сыртқы күштер бар.

– Өткенде Дін істері министрі салафиттік ағымға заңмен тыйым салу керек деген сөз айтып қалды. Бұған не дер едіңіз маман ретінде?

– Әрине, мұндай әңгіме болғаны рас. Мұның бәрі бекерге айтыла бермейді. Тарихта да мұндай ағымдармен күрес болған. Біз салафизммен күресте исламның атақты төртінші халифасы Хазіреті Әлидің тәжірибесін ұстанып отырмыз! Хазреті Әли ең алғаш ислам тарихында хауариждермен күрескенде: ең бірінші оларға Абдулла ибн Аббас секілді тәжірибелі мамандарды жіберу арқылы идеологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылай біразының бетін бері қайтарды. Екінші кезекте олар, яғни сөз ұқпайтын, діни-ғылыми дәлелге тоқтамайтын тасыр адамдармен былайша айтқанда, «басқаша» жұмыс жасады. Халыққа қауіп төндіргендерге әскер жіберді.

Ал, қазіргі жағдайда да осы тәсіл арқылы күрес жүріп жатыр деп ойлаймын. Бірінші түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді. Дін істері министрлігі, ҚМДБ және де қаншама жекелеген дін ғалымдары аталмыш жат ағымдарға осы күнге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді түсінбесе, халыққа шынымен қауіп төндірсе, Ислам атын жамылып бұлғақ сала берсе, әрине заңмен тыйым салуы да мүмкін. Себебі, алдыңғы шарттар жасалды, бұл бағыт дұрыс еместігі ескертілді, насихаттар жүргізілді.

Қазақстанда 17 миллионнан артық халық бар, ал елімізде 2 жарым мыңдай ғана мешіт жұмыс істейді. Орта есеппен алғанда шамамен ауыл, ауданды қосқанда 5 мыңдай имам. Бұл да жеткіліксіздеу. Сондықтан әлі де болса түсінікті, дәйекті тілмен үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Өйткені, оларға толыққанды ақпарат жеткізудің механизмдерін қарастыруымыз тиіс. Себебі, мешіттерде ресми имамдарды тек ханафи мазһабын ұстанатын мұсылмандар тыңдайды. Ал, жат ағымдағы бауырларымыздың имамдардың уағызын тыңдамай, тұрып-тұрып кетіп қалатындары да бар.

Саннан сапа шығады ғой. Сондықтан әлі де дін мамандарының көбеюін қажет етеді. 

– Қоғамның әр саласында өзіндік проблема болады. Алайда, қазіргі діндегі проблема неге әлі күрделі. Арабия, Түркиядан ағымдар келіп жатыр. Өз ішімізде де бар. Осы мәселенің негізгі кілтипаны неде деп ойлайсыз?

– Дін төңірегіндегі проблеманың ең негізі – діни сауатсыздық. Біздің міндет: діни түсінікті таза, пәк күйінде халыққа жеткізу. Мынау – бұрыс, мынау – дұрыс, мынау – ата-бабам ұстанған салт деп танитын деңгеңге жету. Сонда мәселе толық шешілмесе де азаяр еді.

– Діндегі аса бір күрделі, тым нәзік, үлкен дін ғалымдарының арасында талқыланатын мәселелерді кейбір азаматтар жаппай көптің миына бірден құйып жібергісі келеді. Бұл енді ғана қалыптасып келе жатқан діни түсініктегі қарапайым халықтың миын ашытып жібермей ме? Осындай күрделі ілімдерді жаппай жұртқа ашық насихаттау дұрыс па?

– Жақсы сұрақ. Рас, ақида-сенім мәселелері өз ішінде қаншама тармақтарға жіктеледі. Талас-тартыс тудыратын мәселелер бар. Мұндай мәселелер белгілі бір деңгейге жеткен ғұламалардың талқысынан өтіп, түсінікті тілде жеткізілуі керек еді. Бірақ оның жалпы халыққай айтылуының мынадай себебі бар. Мұны көп адамдар біле де бермейді. Жаңағы сіз айтып отырған терең мәселелерді бірінші біздің имамдарымыз емес, әуелі салафиттік және т.б жат ағымдардың лидерлері, рухани «көсемдері», уағызшылары айта бастады. Біртіндеп халықтың миын улады. Олар имамдардың өзін адасушы деп көрсеткісі келді. Енді Діни басқарма бұған қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын түсініп. Сондықтан да, осындай күрделі мәселер уағыздалды. Яғни, қоғамдағы таласты мәселенің дұрыс пен бұрысын ажыратулары үшін айтылуы керек болды. Бір ауыз сөзбен айтқанда мұндай іргелі тақырыптарды жалпы жұртқа ашық айту қажеттіліктен туындады.

– Атыру облысында дін саласындағы бір мекемені басқарып отырсыз, батыс аймағындағы діни ахуал қалай?

– Атырауда расында да дін мәселесі әлі де күрделі. Жалпы бұл өңірде дін мамандары аз. Бұрын да аз болды. Құспан молда секілді Исламға жолында қызмет атқарған аталарымыз көп болмады. Екінші, ар жағы Ресейге тиіп тұр. Кавказ жақын. Сол жақтан да кейбір біздің аталарымыздың мұсылманшылығына ұқсамайтын ағымдар ертерек дендеді. Оңтүстіктен де келіп жатты. Үшінші, бұл мұнайлы өңір… Сондықтан, жат ағым бізде көп. Бірақ, әрине, дәстүрлі бағыттағы жамағаттан көп емес. Имамдарымыз, теолог мамандар қызмет жасап жатыр. Әлі де уақыт керек. Оңалып келеміз деп ойлаймын.

– ҚМДБ ағарту бөлімінің басшысы Бақтыбай Бейсенбай ағамыз бір сұхбатында: «Дін мамандарын даярлау орындарында өзіміздің Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді ғұламаларымыздың да еңбектерін оқытуды енгізіп жатырмыз» деп сүйіншілеп еді. Осы жұмыстардың нәтижесі қалай болып жатыр?

–Діни басқарма болашақ имамдарды өз халқымыздан шыққан хаким, ақын, жырауларымыздың шығармашылығымен етене таныстыра отырып, жетілдіру туралы биылғы жасаған реформасы қуантарлық жаңалық. Бұл мәселеге келгенде көп имамдарымыздың ақсап жататыны жоқ емес.

Мен өзім де ақын, жырауларымыздың шығармашылығындағы мұсылманшылықты тереңірек зерттеп-зерделемеймін деген ойдамын.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

  Сұхбаттасқан Бақытбек Қадырұлы

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.