Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАС МҮФТИ: ДІНДАРЛАРҒА ДАНАЛЫҚ ПЕН КӨРКЕМ МІНЕЗ АУАДАЙ ҚАЖЕТ (ФОТО)

0 2  898
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Нұр-Мүбарак университетінің студенттерімен кездесуінде осылай деп атап өтті.

Кездесу барысында Бас мүфти білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, діни білім алып жатқан студенттермен арнайы кездесіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып, ел бірлігі, білім алу жолдары жайлы сөз қозғап, ақ тілегін білдірді.  

«Сіздер ел арасында, діни, рухани салада айтары бар, қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген тұлғасыздар, болашақ ғалым, дін қайраткерісіздер! Сіздер болашақ имам, ұстазсыздар! Мына мәселені қаперлеріңізге салып кеткім келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір қоғамда діни көзқарастар қайшылығы байқалып жатыр. Менікі ғана дұрыс, басқалар менің пікіріммен санассын деген ұстанымда жүрген діндарлар бар. Біздің қоғамға жетіспей жатқан мәселе – пікір білдіру мәдениетінің төмендігі, өзгенің көзқарасы мен ұстанымына төзбеушілік таныту немесе оның көзқарасына құрметсіздік. Осы факторлар азаматтар арасында қатыгездік пен жек көрушілік сезімдерді оятуда», – деп атап өтті Нұр-Мүбарак университетінің студенттерімен кездесуінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Бас мүфти дінді жеткізу үшін қоғамның рухани, мәдени, тарихи өміріне көкірегі ашық, зердесі жетік дін қайраткерлері керек екенін, бұл әрі заман талабынан туындап отырған басты нысана екенін жеткізді.

«Әсіресе, әлеуметтік желідегі сынап-мінеп тастау сипатындағы пікірталастар адами құндылықтардың құлдырауына әсер етуде. Ғаламтор жүйесі монитордың тасасынан тас атып, сөйтіп бүлік отын тұтандырып, адамдар арасындағы бауырмашылдыққа сына қағып, сызат түсіруде. Сондықтан Ислам ғұламалары айтқандай, көркем мінез бен даналық дегеніміз – қажетті жағдай мен қажетті уақытта сөз айту. Қазір біздің қоғамға, оның ішінде мұсылман қауымына, діндарларға даналық пен көркем мінез ауадай қажет»,- деп қоғамдық жағдайға баса назар аудару керек екенін айтты Бас мүфти.

Бас мүфти «білім иесінің ұстаздарға деген құрметі қандай болу керек?»- деген сауалға да тоқталып өтті.

Ұстазға құрмет көрсете білген адамға ілім де қонымды әрі хайырлы болады,-дей келе сахабалардан бастап, Имам Ағзам Әбу Ханифаның ұстаздарына деген құрметтерінен тағылымды әңгімелер келтірді.  

Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің жұмысын жетілдіре түсу мақсатында арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеп, оның құрамымен таныстырды.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың білім ордасына арнайы келіп, шәкірттермен жүздесіп, салиқалы сұхбат жасағанына ризашылығын білдірген университет басшылығы Бас мүфтиге естелік ретінде ұжымның шығарған «Арабша-қазақша» сөздігін сыйға тартты.

 Әсет Бектұр

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.