Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАТА БЕРУДІҢ ӘДЕБІ

0 4  008

Жуықта қазақтың небір қасқа-жай­саңдары бас қосқан дастарқанда болдық. Ас ішілді, аяқ босатылды. Кезек бата беру рәсіміне келіп тірелді. Төрде отырған танымал ғалым ағамыз қос алақанын айқара жайып алып, бата емес кедір-бұдыр жадағай тост айтып шықты. Кәдімгі шарап толы тостақ ұстап тұрып тойда айтатын тост. «Сіздің  (той иесін айтады) жұмыстағы беделіңіз жоғары, әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспіз, осындай дастарқан басында бас қосайық!». Мынадай «батаға» не бет сипарымызды, не әумин дерімізді білмей салбырадық та қалдық.

Өз басым мұндай жағдайға өте жиі тап болам. Көрген сайын көңіл құрғыр құлазиды, естіген сайын еңсе шіркін езіледі. Расын айтқанда, қазір ақсақалдық деңгейге жеткен ағаларымыздың көбі осы бата мен тостың аражігін ажыратпайтыны өкінішті.

Бата – дегеніміз халқымыздың байырғы тұрмыс-салтымен берік ұштасқан, күн­делікті өмір дағдысындағы адами қарым-қатынастың рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған, ағайын-туыс, жегжат-жұ­рағаттың бір-біріне ыстық ықылас-пейілін білдіретін, сонымен қатар жасы үлкен адамдар немесе ел ағалары өздерінің тілек-дұғасын айтып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін сөлді сөз.

ХІХ ғасырдың аяғында Сібір халықтары мен солтүстік өңір қазақтарының өмір-тіршілігін зерттеген этнограф-фольклорист ғалым В.Н.Васильев: «Қазақ даласында болған адам, сол халықтың батаға қандай ерекше назар аударғанын аңғарар еді. Бата –  қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықыласы, пейілі, ақниеті, Алладан тілер тілегі поэзия түрінде ақтарыла айтылады», депті. 

Дана халқымыз: «Жауынменен ел көгерер, батаменен ер көгерер» немесе «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп бекер айтпаған. Яғни жастар «ер болып көгеру» үшін дана қарияларды әдейі іздеп барып, бата алу дәстүрі бұрынғы қазақ қоғамында берік сақталған. Тіпті ұлыстың мызғымас  ұстыны десе де болады.

Мысалы атақты Шақшақ Жәнібек батыр бозбала кезінде елуді еңсеріп, танымы толысқан Төле биге келіп:  «Уа, биеке, бозбала болдым, ерлік қылайын ба, әлде сізден үлгі алып билік құрайын ба, батаңызды беріңіз?» дегенде Төле: «Өгізіңді өрге салма, Қанатың талар, Наданға көзіңді салма, Сағың сынар, Досыңа өтірік айтпа, Сенімің кетер, Дұшпанға шыныңды айтпа, Түбіңе жетер, Қыс қарға жығарын, Ұрыншақ жарға жығарын ұмытпа, Тұмаудың түбі құрт, Тұманның түбі жұт, Ақылдың түбі құт қарағым, Менің батам осы!» деген екен (Шешендік сөздер /құрастырған Б.Адамбаев – Алматы: 1990. – 70 б). 

Сол сияқты қазақ ұғымында батаның түрі де көп. Атап айтқанда, дастарқан батасы, сапар батасы, ұзатылған қызға беретін бата, сонымен қатар бір тәңірден елге, жұртқа, қауымға жақсылық, тыныштық тілеп жасайтын бата, т.б. Осы орайда дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы қазақтың «бата» ұғымы Құранның беташары «фатиха» («фатқа», «фата», «бата») сүресінің рухани құндылығымен тығыз байланысты, өйткені қасиетті кітапта айтылғандай фатихасыз құлшылық болмайтыны сияқты, қазақта батасыз істің пәтуасы да болмайды, дейді. Яғни мұндағы теолог бауырымыздың пікірін сәл тәпсірлесек, батаның қазақ қоғамындағы рөлі Құран аяттарынан алынып, ұйқасты жыр форматында қазақыланған  дұға-тілек түрі екен. Демек бата берудің әдебі – дұға жасау дегенге саяды. Ендеше мұндай құнды дүниемізді жаттан сіңген «тост» дейтін дәстүрге жығып бергеніміз жарамас.

Осы орайда тост деген не? Осыған да аз-кем тоқталайық. Бұл әуелі христиандық әдеп негізінде қалыптасқан дәстүр дейді зерттеушілер. Негізінен бұл арақ-шарап құйылған ыдысты ұстап тұрып, көпшілікке тілек-сөз айту арқылы орындалатын дүние. Дінімізде харамдалған затты көтеріп тұрып жақсылық, амандық, бақыт тілеу ақылға сыя ма?! Осыған қарағанда отарлаушылар тарапынан аса бағалы әдет-ғұрпымызды өзгертіп, оның бастапқы мәнін жою үшін жасалған дүние екені анық.

Жоғарыдағы пікірімізге дәлел ретінде айтарымыз тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев отар­лаушылар қазақтың байырғы дәстүрін әлсірету арқылы, санасын мәңгүрттендіріп, жат өркениетке бас игізіп, мәдени асси­миляцияға ұшыратып, ұлтсыздыққа душар етерін жақсы білді де, осыдан кейін олар ең әуелі дәстүрлердің озық үлгілерін жоюмен айналысты,  дейді.

Өткен қоғамда осы «тост» ұғымын өмір сүру дағдысына айналдыру арқылы жоғарыдағы қасиетті батаның құнын әлсіретіп алдық. Ақырында міне, бата мен тосты қойыртпақтап айтатын, оның не екенін ажырата алмайтын бір буын өсіп шыға келді.  «Ат айналып қазығын табады» дегендей әлі де кеш емес, ақсақал жасына жеткен ағаларымыз бұдан былай халқымыздың бағалы баталарын дастарқан басында төгілтіп айтып, өшкен дәстүрді тірілтер деген сенім мол.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.