Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ажал аузынан аман қалған

0 10  444

1929 жылдың күзі. Арқаның шұрайлы қоныстарының бірі – Ерейментаудың Төре ауылында мешіт пен медіресе бар еді. Бір күні ауылға сау етіп жетіп келген шолақ белсенділер мешітті құлатып, ойран салады. Бір қауіптің төнгенін аңдаған мешіт молдасы бір түнде бала-шағасын алып, ауылдан қашып шығады.

Арқаның ұйтқып соққан күзгі желі жолаушылардың адымын кең аштырмай, тасбақа жүріспен жылжып келеді. Екінші тәулікте шұбырған топ Ақмола қаласына келіп кіреді. Аталас ағайынның ауласына арбасын доғарып, атын қаңтарып, байыз тапқан молда қонақасын жеп қоңыр шайға қанған тұста, есіктен түсі суық қызыл жағалы милициялар кіріп келеді. Келеді де, әй-шәй жоқ молданы тұтқындайды.

Ақмола түрмесі. Молданың тас қабырғаға қамалғанына екі жылдың жүзі болды. Ұзақ тергеуден соң «мешіт-медіресе ұстаған жаңа үкімет саясатына қарсы үгіт жүргізген» дейтін бап бойынша ату жазасына үкім етілді.  Бірақ молданың сабыры мен көркем мінезіне таңғалған түрме күзетшілері ол кісіні еріксіз құрмет тұтатын еді. Бір камерада молдамен бірге қамауда тағы бір адам бар еді. Оның аты-жөні Әбдікәрім  Мүсілімов болатын. Өзі дімкәс аурушаң жан еді. Имамға тағылған үкім орындалатын күннің түнінде қасындағы жолдасы Әбдікәрім қаза табады. Түрме күзетшілері нұр жүзді молданы өлімге қимай, «Молдеке, сіз дінге шын берілген адам екенсіз, мұсылманға пайдаңыз тисін, біз сізді «өліп қалды» деп қағаз толтырамыз да, мына өлген адамның құжатын сізге беріп, түрмеден шы­ғарып жібереміз» дейді.

Дәл осылай жасайды. Әбдікәрім Мүсілімов деген атпен түрмеден босап шыққан молда дереу Омбы асып кетеді. Бұл кісі артынан Қазақстанның бас қазиы (мүфтиі) болған, атейстік жайлаған заманда дін үшін күрескен, үлкен ғалым, оқымысты тұлға – Садуақас Ғылмани болатын. 

Осылай ажал аузынан аман қалған Садуақас атамыз Омбы өңірінде 1946 жыл­ға дейін қара жұмыс істеп күн көрген.  Соғыстан кейін өкімет мешіт ашуға рұқсат берді дегенді естіп Ақмолаға келіп, 1952 жылға дейін осында дінге қызмет істейді. 1953 жылы Алматы қаласы меші­тінің қазиы Хабдығафар Шәм­шиддинов ауыр нау­қас­танып қалғандықтан сол кісінің орнына қазилыққа таға­йындалды.

Қази сайланғаннан кейінгі өмірі ислам дінін қорғаумен, дін ғылымын дамытумен өткен. Атеистік көзқарас дәуірлеп тұрған 1970 жылдары  оларға қарсы: «Құран туралы жала мен өтіріктер» атты кітап жазады. Бұл кітабы «Ислам дінінің негізі – екі нәрсе», «Дін жаратылыстан ба, жоқ па?», «Исламды кім бастады?», «Ислам барлық пайғамбардың діні болған» деген секілді 114 тақырыптан құралған.

Екінші сүбелі еңбегі – арабша-қазақша сөздігі қалың-қалың 5 том, жалпы 980 беттен тұрады. Осы сөздікті 1946 жылы бастап, 1966 жылға дейін жазыпты. Онда 108 мың 208 сөз қамтылған. Бұл бір адамға емес, бір институтқа жүк боларлық еңбек. Тағы бір еңбегі – билердің шешендік сөздері, ел ішіндегі атақты ақындардың өлеңдері, тарихи адамдардың өмірдеректерін қамтыған жазбасы. Осында 59 тұлғаның кейбірінің суреттерін де қоса сақтаған. 

Арабтанушы Ақжан Машани өзінің «Абай мен әл-Фараби» атты еңбегінде өзінің араб тілін үйренуіне осы Саудақас Ғылмани ұстаздық еткенін айтады. Сәбет заманында дінсіз, құдайсыз қоғам орнағаны белгілі. Ондай қоғамда діндар адам болып өмір сүрудің қандай қиын болғаны түсінікті. Алланың құдіретімен өлімнен аман қалып, онымен қоймай бүкіл ғұмырын ислам дінін насихаттау жолына арнаған, артына мол еңбек қалдырған атамыз 1972 жылы дүниеден өтіпті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.