Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұғаның мағынасы және маңыздылығы

0 3  913

Дұғаның мағынасы

Дұға – Алланың ұлылығының алдында адамның қауһарсыздығы мен әлсіздігін көрсетіп мойындауы, махаббатпен және құрметпен Оның мейірімі мен жәрдемін, дүние мен ақыретте жақсылықтар мен нығметтер нәсіп етуін сұрауы. Дұға – адамның бойындағы қиындықтар, дерт пен бәле-жалалардың шешілуі, күнә, қателіктер мен кемшіліктерінің кешірілуі үшін Ұлы Раббымызға жалбарынуы және Оған өзінің мұқтаж екендігін мойындауы.[1]

Дұға – шектеулі, ақырғы және құдыретсіз болған адамның, өзінің халін шынайы шектеуі болмаған, ақыры жоқ және құдырет иесі болған Ұлы Аллаға бет бұрып, арасында бір көпір іспеттес байланыс құруы. Осылай шынайы жасалған дұға адамның Раббысына деген сенімінің, Оған шын жүректен берілуінің бір көрінісі болып табылады.

Дұғаның маңызы

Дұға – адамның жаратылысынан бойында бар болған бір сезім (қасиет). Адам баласы аяқ асты көптеген қиындықтар мен қайғыларға ұшырауы мүмкін. Бұндай жағдайларды Аллаға сиынып одан жәрдем сұрап, мұқтаждығына дұға етіп тілектер тілейді.

Күнделікті өмірімізде дұға жасамаған немесе Аллаға сенбеген адамдардың өзі қиындықтарға ұшыраған сәттерінде дұғаға мұқтаж болады. Ұлы Раббымыз Юнус сүресінің 12-ші аятында былай деп бұйырады:

«وَإِذَا مَسَّ الإِنْسَانَ الضُّرُّ دَعَانَا لِجَنْبِهِ أَوْ قَاعِدًا أَوْ قَائِمًا فَلَمَّا كَشَفْنَا عَنْهُ ضُرَّهُ مَرَّ كَأَنْ لَمْ يَدْعُنَا إِلَى ضُرٍّ مَسَّهُ كَذَلِكَ زُيِّنَ لِلْمُسْرِفِينَ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ»

Аудармасы: «Қашан адам баласына бір қауіп-қатер төне қалса, жатса да, отырса да, немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады. Алайда қашан одан қауіп-қатерді алыстатсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай кете береді. Осындай шектен шығушыларға істеген істері көркем етіп көрсетілді.»[2]

Ұлы Раббымыз осындай аяттарда зиянға үшыраған адамдардың дұға жасағандығын білдіруде және дұға етудің адам жаратылысынан бергі бір ерекшелігі екендігін білдіруде. Осылайша, қиындыққа тап болғанда ғана дұға етіп, рахатына бөленген соң дұға жасауды тәрк ететіндерді сынға алып, дұғаны тек қана қиын жағдайларда емес, әрдайым жасау қажеттігін еске түсіруде.

Дұға жасағаннан кейін адамның көңілінде бір жайлылық пен рахаттықты сезініп, қалаған нәрсесінің дереу жүзеге асатынына сеніп, көңілінде оған деген үміт пайда болады. Сонымен қатар дұға, рухани қиындықтарға (стресс, депрессия) қарсы бір қорғаушы ретінде денсаулықты сақтаудың бір нышаны іспеттес.

Дұға – Алланың әмірі

Дұға етудің маңыздылығы мен қажеттілігі жайында Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерінде былай деп мұсылмандарға әмір етілген:

«اُدْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً», «Раббыларыңа жалбарынып және жасырын түрде дұға етіңдер»[3],

«وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا», «Және Аллаға қорқып әрі үмітпен жалбарыныңдар (дұға етіңдер).»[4]

Бұл екі аяттан байқағанымыздай, дұға етуді мұсылмандарға міндеттеп әрі әмір екендігін және де қалай дұға жасалатыны білдірілген.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мұсылмандарды дұға жасауға шақырғаны турасында көптеген хадистері бар. Солардың кей біреулеріне тоқталар болсақ:

«فَعَلَيْكُمْ عِبَادَ اللَّهِ بِالدُّعَاءِ», «Ей Алланың құлдары! Сіздерге дұға жасауларыңызға кеңес беремін.»[5]

«سَلُوا اللَّهَ مِنْ فَضْلِهِ  فَإِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ أَنْ يُسْأَل وَأَفْضَلُ الْعِبَادَةِ اِنْتِظَارُ الْفَرَجِ»

«Алладан жақсылық тілеңдер. Себебі Алла өзінен бір нәрсе сұрағанды жақсы көреді. Ең жақсы ғибадат (дұға етіп) бір қиындықтың кетуін күту.»[6]

Дұға ету де ғибадат

Дұғаның ғибадат екендігін сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мына хадисінде жеткізген:

«الدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ», «Дұға ғибадаттың негізі.»[7]

«أَفْضَلُ الْعِبَادَةِ هُوَ الدُّعَاءُ», «Ең жақсы ғибадат ол-дұға.»[8]

Дұға жасамау Алланың азабына душар болады

«مَنْ لاَ يَدْعُو اللَّهَ  يَغْضَبْ عَلَيْه», «Кім Аллаға дұға етпесе, Алла оған азабын жібереді»[9] деген хадис, бұл шындықты көрсетуде. Себебі дұға етпеген адам Алланың әрі Пайғамбардың «дұға етіңдер» деген әміріне бойұсынбаған әрі өзін Алла алдында жоғары санаған болып есептеледі. Бұндай жағдай пендеге тән қылық емес және Алланың азабына ұшырайды.

Дұға – мұсылманның қаруы

«الدُّعَاءُ سِلاحُ الْمُؤْمِنِ، وَعِمَادُ الدِّينِ، وَنُورُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ», «Дұға мұсылманның қаруы, діннің тірегі, көктер мен жердің нұры.»[10]деген хадис, дұға мұсылманды түрлі бәлелер мен жаманшылықтан қорғайтындығын көрсетуде. Бұл жердегі «қару» сөзі ауыспалы мағынада келген. Адам кәдімгі қарумен өзін дұшпандардан қорғаса, хадистегідей дұға да осы қаруға ұқсас айтылған. Себебі адам баласы Аллаға дұға ету арқылы өзін қазалардан, бәле-жалалардан сақ болғанын қалайды. Егер шарттарына сай әрі шынайы ықыласпен дұға еткен болса, Алла оны қорғайды. Сондықтан да дұға мұсылманның қаруы болып табылады.

Әділ АГИТАЕВ

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пайдаланған әдебиеттер:

Ибн Манзур, Абуль Фазл Жамалуддин Мухаммад б. Мукаррам б. Али, б. Ахмад ал-Ансари ар-Руайиифии (ө. 711/1311) Лисану Араб,  «д-а-в» бөлімдері.

Құран Кәрім, Халифа Алтай Аудармасынан Юнус, 10/12. Ағраф 7/55

Тирмизи, Абу Иса Мухаммад б. Иса б. Саури әт-Тирмизи (ө. 279/892) Жами-у Сахих, «Дауат», 102-хадис..

Ибн Хиббан, Әбу Хатим Мухаммад б. Хиббан б. Ахмад әл-Бусти (ө. 354-965), Хадис жинағы, «Зикр» және «Дуа», 890-бет.

Ибн Мәджә,Әбу Абдуллаһ Мухаммад б. Язид Мәджид әл-Казуини (ө.273-887), Кутубу ситта (алтыншы кітабы) «Әс-Сунан», «Дуа» бабынан.

[1] Рағиб және Ибн Манзур, «д-а-в» бөлімдері.

[2] Юнус, 10/12.

[3] Ағраф 7/55

[4] Ағраф, 7/56.

[5] Хаким, Дауат, 1, 493; Тирмизи, Дауат, 102.

[6]Тирмизи, Дауат, 116.

[7]Тирмизи, Дауат, 1.

[8] Хаким, Дауат, І, 491.

[9] Ибн Хиббан, Зикр және Дуа, 890; Хаким, Дауат, 1, 491; Тирмизи, Дауат, 2; Ибн Мәджә, Дуа, 1.

[10] Хаким, Дауат, 1812; Хайшами, Әдиә, 5, №: 17198.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.