Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ: АСТАНАДА IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕОЛОГИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТЕДІ (ФОТО)

0 3  207

Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармаларының ұйымдастыруымен Астана қаласында 2019 жылдың 11 сәуірінде «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері алдында» атты IV халықаралық ғылыми-теологиялық конфереция өтеді.

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында халықаралық деңгейдегі айтулы іс-шараның ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарына арналған алқалы жиын өтті. Алқалы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының Бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Ресей мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Рушан Аббясов, сонымен қатар ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен қызметкерлері қатысты.

Басқосуда конференцияның тақырыбына орай жасалатын баяндамалардың мазмұны, қабылданатын Қарар мен Үндеудің бағыт-бағдары, жалпы ұйымдастыру-үйлестіру шараларына қатысты мәселелер сөз болды.

Халықаралық жиынға Еуразия елдерінің Бас мүфтилері, мұсылман мемлекеттерінің діни көшбасшылары, исламдық ұйымдардың жетекшілері, теолог-ғалымдар, дін қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

2019 – «Жастар жылы» қарсаңында өтетін конференция барысында жас жеткіншектерді қазіргі сын-қатерлерден сақтау, теріс ағымдардың арбауынан құтқару, діни экстермизмді алдын алу, жас буын өкілдерін ғылымға баулу, өскелең ұрпақты мұсылмандық пен адамгершілікке жат әрекеттерден алыс болуға үндеу, т.б. мәселелер талқыланбақ.

Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың Ресей Федерациясына жасаған ресми сапары барысында «Рухани Жібек жолы» атты халықаралық конференция өткізу туралы келісім жасалған. Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль хазірет Гайнутдин Серікбай қажы Ораздың бұл ұсынысын қолдап, оң пікірін білдірген болатын.

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.