Бала тәрбиесі: Тамақтанудың шариғат бойынша әдептері
Тамақтанудың шариғат бойынша әдептері:
1. Оң қолмен тамақтану;
2. Тамақтанар алдын «Бисмиллә» айту;
3. Жеке отырса да, топпен болса да, өз алдындағы тамақты ғана жеу;
4. Тамаққа басқалардан бұрын ұмтылмау, өзгелер қол созғанша сабыр сақтау.
5. Тамаққа немесе тамақ жеп отырған адамға көз тастап, тесіле қарамау.
6. Тамақты асығып жемеу, оны тісімен мұқият әрі жақсылап шайнау.
7. Асты бірінен соң бірін тоқтатпай ауызға тыға бермеу. Себебі бұл әрекеттердің бәрі — ашқарақтықтың, нәпсінің төмендігі мен әдепсіздігінің белгісі.
8. Қолды үш саусақтан артық тамаққа батырып кірлетпеу.
9. Тамақты үстіне түсіріп, киімін былғап алмау.
Одан бөлек, балаға көп тамақ жеуді жек көрткізіп, санасына сіңіру керек: мысалы, тым көп жеу — хайуандарға тән қасиет екенін, ал шектен тыс ашқарақтық адамға жараспайтынын айтып тәрбиелеу қажет. Себебі, бала хайуандарға ұқсаудың арсыз іс екенін ұғына алады. Сонымен қатар, баланың көзінше көп тамақ ішетін адамды сөгіп, әдеппен, аз тамақтанатын адамды мақтау керек. Сол кезде баланың үнемі жақсы нәрсеге ұмтылып, жаман нәрседен қашатынын көретін боласың.
материал «Бала тәрбиесінің қағидалары» кітабынан алынды,
sunna.kz