Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Нұрлан Рамазанов: Имам Ғазали және Тәуелсіздік танымы

0 2  598

Пайғамбар отанын қалай сүйді?  

Құдай Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Бүгінгі таңда, жұдырық болып жұмылған, ынтымық-бірлігі жарасқан ел қатарында ұлық нығметті басымыздан кешіріп жатырмыз.

Көгімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Елімізді қазақ елі деп әлем таныды. Мешіттеріміздің саны күн санап артуда. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыз аңсаған, халқымыз сағына-сарқыла жеткен күн. Тәуелсіздікте атқан әрбір таңымыз үшін шүкіршілік етуге міндеттіміз. Отанды сүю турасында ардақты пайғамбар (с.ғ.с.)-ның өмірінен және ғұламалардың сөздерінен төмендегідей деректер бар.

Имам әл-Ғазали (р.х): “والبشر يألَفُون أرضَهم على ما بها، ولو كانت قفرًا مستوحَشًا، وحبُّ الوطن غريزةٌ متأصِّلة في النفوس، تجعل الإنسانَ يستريح إلى البقاء فيه، ويحنُّ إليه إذا غاب عنه، ويدافع عنه إذا هُوجِم، ويَغضب له إذا انتقص”.

«Адамзат өз жерін қандай болса да жақсы көрері сөзсіз. Тіпті, ол қуаң шөл дала болса да. Отанды сүю әу бастан адам табиғатында бар дүние. Онда қалу арқылы адамның көңілі жай табады. Одан қашық кетсе, оны сағынып, көңілі жабырқайды. Оған шабуыл жасаса оны жән-тәнімен қорғайды. Біреу оған тіл тигізсе намыстанып ашуланады»,- деп отанға деген сүйспеншілікке осылайша анықтама берген.

Отанды сүю мәселесіндегі мұсылмандардың ұлы ұстазы – Расулулла (с.ғ.с.) екені мәлім. Бұған – хадис дәлел.

Әнас ибн Мәлик (р.ғ.) айтады:

كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَدِمَ مِنْ سَفَرٍ فَأَبْصَرَ دَرَجَاتِ الْمَدِينَةِ أَوْضَعَ نَاقَتَهُ وَإِنْ كَانَتْ دَابَّةً حَرَّكَهَا

«Расулулла (с.ғ.с.) сапардан қайтып келе жатып Мәдинаның төбелері көрінген кезде түйенің жүрісін тездететін». (Бахари риуаят етті.)

«Фатхул-Бариде» осыған қосымша “حركها من حبِّها” «Мәдинаны жақсы көргеннен» деп айтылған және осы хадис отанды сүюге қатысты дәлел делінген.

Бұған қоса Расулулла (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға һижрет етіп бара жатып, бір төбеден Меккеге қарап тұрып:

مَا أَطْيَبَكِ مِنْ بَلِدٍ وَأَحَبَّكِ إِلَيَّ، وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمِي أَخْرَجُونِي مِنْكِ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكِ

Мен үшін сенен сүйікті ел жоқ. Қауымым мені шығармаса еді, сенен өзге жерді мекен етпейтін едім-деді емес пе? Имам Әл-Ғайни (р.х.) бұл хадистің түсініктемесінде былай дейді: «Алла Тағала өз пайғамбарын отанынан кетіріп сынады». Имам Бұхари мен Мүслим жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с): дұғасында: 

اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ

«Аллаһым, бізге Меккені сүйдіргендей немесе оданда артығырақ Мәдинаны жақсы көруімізді нәсіп ете гөр!» деп дұға жасайтын. Демек, бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) өзінің кіндік қаны тамған отаны Меккені жақсы көргендігі және қоныс аударған екінші отаны Мәдинаға деген махаббатты арттыруын Жаратқаннан жалбарынып тілегені анық айтылып тұр.  

Отанды сүю  

Һижри жыл санағының сегізінші жылында мұсылмандар Меккені иеленді. Сол кезде ансарлар, яғни Мәдина мұсылмандары Расулулла (с.ғ.с.) енді қайта Меккеге қайтып, соны мекендей ме деген ойға кетті. Алайда, Расулулла (с.ғ.с.) Мадинада тұрақтайтынын айтып, олардың көңілін жұбатты. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туып өскен, кіндік қаны тамған қасиетті қаланы қашанда сағынып тұратын. Бұған мына хадис дәлел: Асыль (р..ғ.) Мекке жайында айтып жатады. Сол кезде оның сөзін тыңдап тұрған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеге деген сағыныштан көзінен жас тамады. Сол сәтте көзіне жас алған Расулулла (с.ғ.с.): «Уа Асыль! Тұра тұршы! Жүрегімді толқытып жібердің ғой!»-деп оны тоқтатады.

Ғұлама әл-Хафиз әз-Зәһәби (р.х.) Пайғамбарымыз (с.ғ.)-ның жақсы көргендерін тізбектеп:

رسول الله – صلى الله عليه وسلم -: “وكان يحبُّ عائشةَ، ويحبُّ أَبَاهَا، ويحبُّ أسامةَ، ويحب سبطَيْه، ويحب الحلواء والعسل، ويحب جبل أُحُدٍ، ويحب وطنه”

«Алланың елшісі (с.ғ.с) Айша (р.һа) мен оның әкесін және Усәмәны, екі немересін, халуа мен балды, ухуд тауы мен оз отанын жақсы көретін еді»,- деп айтты.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында мұсылмандар Меккеден Мәдинаға һижрет етті. Ал тарихтан біз сол муһажирлердің, яғни дін үшін Меккеден Мадинаға қоныс аударған мұсылмандардың ерекше сауапқа ие екенін білеміз. Осы жерде «неге?» деген сұрақ туындайды. Мұның жауабы, біріншіден: олар Алла Тағаланың әмірін орындады.

Екіншіден: қашанда өз елі мен кіндік қаны тамған жер адам баласы үшін ерекше қымбат. Дін үшін осындай қымбат нәрседен жырақ кеткен үшін муһажир сахабалар Алла Тағаланың ерекше разылығына лайық болды. Отандарымен қоштасар сәт келген кезде көздері жасқа толды.

Біз бүгін кешегі ата-бабаларымыз армандаған, аңсап өткен, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған мамыражай, тыныш та бейбіт заманындамыз. Ендігі кезекте, тәуелсіз еліміздегі осы бейбіт өмірімізді, бабалар арманын жалғастырып, келешек ұрпаққа табыстай білуіміз керек. 

Нұрлан РАМАЗАНОВ,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.