Ләйс ибн Сағд бал сатумен айналысқан екен. Бір күні оның кемесі жағалауға келіп тоқтады. Кемеде үлкен бөшкелерге құйылған бал болатын. Осы мезгілде кішкентай ыдысын ұстаған күйде бір қарт әжей Ләйс ибн Сағдқа келіп, оған бал құйып беруін өтінді. Алайда, Ләйс ибн Сағд бал беруден бас тартты. Әлгі әжей өз жөніне кетісімен Ләйс ибн Сағд өзінің көмекшісіне оның мекен жайын анықтап, бір бөшке балды үйіне апарып беруді тапсырды. Оның бұл ісіне таңырқаған көмекшісі:
– «Ол кейуана сізден кішкентай ыдысына шамалы мөлшерде бал құйып беруін сұрағанда оның бетін қайтарып, енді қазір балды бөшкесімен үйіне апарып бер дейсіз! Бұныңыз қалай?».
Көмекшісінің сауалына Ләйс ибн Сағд:
– «Ей, бозбала! Әлгі әжей шамасына қарай сұраған болатын, ал мен, оған өз шамама қарай бергелі жатырмын. Әрбір садақа жасаушы адам өзінің берген садақасы пақырдың қолына тимей тұрып, Алланың құзырына жететіндігіне сенімі кәміл болған жағдайда, садақаны алушыдан қарағанда оны беруші әлдеқайда ләззатын көбірек сезінетін еді»,- деп жауап қатқан екен.
Жалпы, көңілі дархан қазақ халқының бойынан, жомарттылық, кеңпейілділік қасиеттері ешқашан ажыраған емес.
Қайырымдылық жасасаң,
Қайырын өзің көресің, – демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен.
Шағырай шешен өз кезегінде:
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
“С.Ғылмани” мешітінің бас имамы
Нұрлан Рамазанов