Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ

0 1  668
 Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы 

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.
Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Құдси хадисте Алла Тағала:

«Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» деп сүйіншілеген.

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге мүмкіндік мол.
Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап:

«Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» деп дұға еткен.

Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жаннат.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ­ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» деген.

Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла Тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.

Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».

Рамазан – рухани жаңару айы. Жерді мекен еткен аң мен құстың, барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық.

Рамазан – Құран айы. Құран – адамзатты надандықтан, зұлымдықтан тура жолға, ілім мен өркениет жолына бастайтын Хақ кітап. Қасиетті кітабымыз өмірдің барлық саласын қамтыған, адамның адамға тән өмір сүруін үйрететін Алланың кемшіліксіз кемел сөзі. Құран – ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, керісінше, ғасырды, заманды өз соңына жетелейтін Жаратушыдан тірілер үшін түскен ұлы сөз. Оның көркемдігінде шек жоқ. Бүгінгі күнге дейін, осы сағатқа дейін ұлық кітаптардың ішінде өзгеріске ұшырамаған тек Құран ғана.

Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқыл­ма­ған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиын­шылықта болады. Яғни ондай үйде тыныштық болмайды» деген.

Рухани байлықтан алшақтай бастаған адамның жүрегі мазасыз күй кешетіні белгілі. Тіпті үмітсіздікке ұрынады. Бұдан құтылудың жолы қайсы? Әрине, тағы қайталап айтамыз, ол – Құран. Құран Кәрім өзіне ұмтылған жандар үшін – үміт көзі. «Құран оқу – көңілдің шипасы» деп Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) текке айтпаған. Иә, дәрі-дәрмекпен емделмейтін дерт Құранмен емделеді. «Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ» деп айтқан Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөзі түсінгенге көп ой тастайды.

Рамазан – сабыр айы. Ауыз бекіткен адам өзгенің өрескел әрекетіне төзіп, өзін күнә жасаудан тыйып, оған сабыр етеді. Сабыр дегеніміз – ойламаған жерден әлдеқандай бір қиындыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп, торыққан сәтіңде өз-өзіңді жігерлендіріп, өмірдің өзі Алланың сынағы екендігін ойыңа алып, шайтанның салған сан түрлі уайым-қайғысына берілместен, түк болмағандай қасқая қарсы тұру. Сабыр сақтай білудің өзі Алланың жазған тағдырына шынайы иман келтіруден, оған ризашылықпен мойынсұнудан, яғни шүкірлік етуден келіп шығады.

Хадисте:

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда бұл мұсылманның қана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады – бұл оған қайырлы» делінген.

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.