Расында сәресі үлкен бір нығмет, Алланың сыйы, пайғамбардың ﷺ өсиеті. Кімде-кім оның қадірін білсе көптеген жақсылықтарға қол жеткізеді. Ал кім бейғам қараса көптеген берекеден мақұрым қалады. Сәресімен адамның дәрежесі өседі, қателіктері кешіріледі. Сәресі – Алланың құлдарына берген игілігі, ол игілікке қалаған құлдарын ғана жеткізеді.
Сәресі – әулие құлдардың сәні, шайтанның мазасын алушы, Алланың ризалығына қол жеткізуші. Сәресі – ислам шариғатындағы тіректердің бірі болған ораза ғибадатын жеңілдетуші, ораза ғибадатын кемел түрде орындауға себепші. Сәресі адамға күш береді, ол сүннет амалға кіреді. Ол тек мұсылмандарда бар.
Алла сәресін берекелі етті, оны мұсылмандарға сый етті, сол себепті мұсылмандар ол үшін Аллаға шүкірлік пен мақтаулар айтады.
Әнәс (р.ғ.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз ﷺ:
تَسَحَّرُوا؛ فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً
«Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде береке бар»,[1]-дейді.
Мұндағы «Сәресі ішіңдер!» деген сөз бұйрық райда келген. Алайда үммет ғалымдарының бірауыздық келісімдерімен сәресіне тұру уәжіп дәрежесіндегі амал емес екенін, алайда мұстахаб сүннет амалы екенін айтқан.
Сәресі ішу – ораза ұстаған адамға көмекші болады, онда Алланың рахметі бар.
Пайғамбар ﷺ айтады:
اِسْتَعِينُوا بِطَعَامِ السَّحْرِ عَلَى صِيَامَ النَّهَارِ
«Күндізгі ұсталатын оразаға өздеріңе сіресінің тамағын ішумен көмек тесіңдер»,-дейді. [2]
Пайғамбар ﷺ:
يَرْحَمُ اللهُ الْمُتَسَحِّرِينَ
«Алла сәресін ішкен адамға рахымдылық танытады»,– дейді.[3]
Пайғамбар ﷺ:
فَصْلُ مَا بَيْنَ صِيَامِنَا وَصِيَامِ أَهْلِ الْكِتَابِ: أَكْلَةُ السَّحْرِ
«Біздің оразамыз бен кітап иелерінің оразасының арасындағы айырмашылық – сәресі ішуде», – деген. [4]
Пайғамбар ﷺ.
إِنَّ اللهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى الْمُتَسَحِّرِينَ
«Расында Алла және Оның періштелері сәресі ішушілерге салауат айтады»,– дейді. [5]
Тағы бір хадисте:
اَلسَّحُورُ كُلُّهُ بَرَكَةٌ، فَلَا تَدَعُوهُ وَلَوْ أَنْ يَجْرَعَ أَحَدُكُمْ جُرْعَةً مِنْ مَاءٍ؛ فَإِنَّ اللهَ – عَزَّ وَجَلَّ – وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى الْمُتَسَحِّرِينَ
«Сәресінің барлыңы береке.бір жұтым су ішсеңдер де оны ысырып қоймаңдар. Расында Алла және Оның періштелері сәресін ішушілерге салауат айтады»,- дейді. [6]
Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
اَلْبَرَكَةُ فِي ثَلَاثٍ: اَلْجَمَاعَاتِ، وَالثَّرِيدِ، وَالسَّحُورِ
«Береке үш нәрседе: көпшілік ішінде, сәридте (тамақ түрі) және сәресінде», – деді. [7]
Ибн Дақиқ әл-Ъид осы хадистегі берекені ашықтай келе: «Бұл береке ақыретке қатысты болуы мүмкін. Себебі сүннетті орындау сауапқа кенелтеді. Сол сияқты дүниеге қатысты да болуы мүмкін. Себебі ол оразада денені қуаттандырады, еш нұқсан келтірместен жеңілдік береді», – дейді. [8]
Пайғамбар ﷺ:
نِعْمَ السَحُورِ التَّمْرُ
«Құрма – сәресіге нендей жақсы»,- деген. [9]
Пайғамбар ﷺ:
بَكِّرُوا بِالْإِفْطَارِوَأَخِّرُوا السَّحُورَ
«Ауызашарға асығыңдар, сәресіні кейіндетіңдер»,-деген. [10]
Тағы бір хадисте:
لَا تَزَالُ أُمَّتِي بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا الفِطْرَ وَأَخَّرُوا السَّحُورَ
«Үмметім ауызашарды жылдамдатып, сәресіні кейіндетіп тұрғанында бастарынан жақсылық кетпейді»,-дейді. [11]
___________________________________
[1] Бухари, Муслим
[2] Ибн Мажа, Хаким
[3] Табарани
[4] Муслим, Абу Дауд
[5] Ибн Хиббан
[6] Ахмад
[7] Табарани, Байхақи
[8] Ихкам әл-ахкам, шарх ъумдатил-ахкам
[9] Табарани
[10] Ибн Ади
[11] Ахмад