Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қанат Алшынбаев: Қажылықтың сыйлығы – жәннат

0 2  024
Асыл дініміздегі бес парызының бірі – қажылық десек, оның мұсылман пендеге мол сауап әкелетіні анық жай. Бүгінде әлем мұсылмандары бесінші парыздарын өтеу үшін қасиетті Мекке мен Мәдинаға сапар шегеді. Бірақ, алдыңғы парыздарын орындаған мұсылман әртүрлі себептермен қажылыққа бара алмай, Алла тағаланың құзырынан болатын сауаптан да құр қалып жатады. Сондықтан, жағдайың келсе, қажылықты өтеп қайту ізгі амал ретінде қабылданатынын ұмытпаған абзал.

Бір жағынан көп мұсылмандар қажылықтың сауабы мол екенін ұғына бермейді. Алланың ардақты елшісі (ﷺ)  ұлы ғибадаттың әр амалына қатысты Алланың өз қонағына берер сыйлығын хадистерінде баяндаған. Бұл хадистерде Жаратқан Иеміздің өз құлдарына деген мейірімі қаншалықты шексіз екені аңғарылады. Мәселен, «Екі умра арасындағы (күнәлардың) кешірілуіне себеп, ал қабыл болған қажылықтың сыйлығы – тек жәннат» делінеді. (Бухари және Мүслим). Олай болса, өздеріңізге Аллаһ елшісінің (ﷺ) асыл сөздері ұсынылады. Осы ақиқи сөздердің тереңіне бойлап, оның пайымын түсініп көрейікші. Мысалы, Жәбирден (р.а.): «Пайғамбарымыз (ﷺ)былай деді: «Қабыл болған қажылықтың сыйлығы – тек жәннат. Оған: Қабыл болғандығының белгісі не? – деген сұрақ қойылды. Ол: тамақтандыру және жақсы сөз»». (Ахмад, Табарани т.б.). Ахмадтың риуаятында: «Тамақтандыру және сәлемді жаю» деп хадистің мағынасын аша түседі.

«Қажылық етушіге және ол кешірім сұраған адамға (күнәлары) кешіріледі». (Әл-Баззар тізбегінде бір риуаятшының есімі аталмаған жолмен Әбу Мұсадан (р.а.) марфуғ жолмен). Ибн Хузайма мен Әл-Хакимнің риуаяттарында: Алланың елшісі (ﷺ): «Аллаһым! Қажының және ол кім үшін кешірім сұрағанның күнәларын кешір» делінген. (Әл-Хаким Мүслимнің шартына сәйкес сахих деген).

Әбу Һурайра Алланың елшісі (ﷺ): «Қажылық етушілер мен ұмра жасаушылар Алланың өкілдері (қонақтары). Егер олар дұға тілесе жауап береді, кешірім сұраса, кешіреді» дегенін айтады. (Ән-Насәи, Ибн Мәжә, Ибн Хузеймә, Ибн Хиббән).

Жәбирден (р.а.): «Қажылар мен ұмра жасаушылар Алланың өкілдері (қонақтары). Оларды (Алла) шақырған еді, олар жауап берді. Олар сұрап еді, Ол (сұрағандарын) берді». (Әл-Баззар жақсы тізбекпен).

Әбу Зардан (р.а.): Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ақиқатында Дәуіт пайғамбар (а.с.) былай деді: «Иә, Алла! Сені Үйіңе зиярат етіп келген құлдарыңның алар ақылары қандай? Алла: Әр зиярат еткеннің ақысы бар. Ей, Дәуіт! Олардың менен алар ақылары – дүниеде кеңшілік етуім, Ахиретте кезіккен кезде кешірім етуім» деп жауап берді». (Ат-Табарани).

Ибн Омардан риуаят етілген ұзақ хадисте Алла тағала үйінен шыққан қажының әр қадамына жақсылық жазатындығы, әр басқан қадамы үшін күнәсін кешірілетіндігі және Арапада тұрған кезде Алла періштелеріне былай деп айтатыны келтірілген: «Шаршаған, шаң басқан құлдарыма қараңдар. Олардың күнәларын кешіргендігіме куә болыңдар» дегендігі айтылған. (Әл-Баззар, Ибн Хиббән).

Бурайда (р.а.) Алланың елшісі (ﷺ) былай дегенін жеткізеді: «Қажылықта берілген садақа Алланың жолындағы садақадан жеті жүз есе артық». (Ахмад жақсы тізбекпен, Ат-Табарани, Әл-Байһақи).

Әбу Һурайрадан (р.а.): Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деді: «Адам тәһлил (Лә иләһа иллаллаһ) айтқан сайын сүйіншіленеді. Иә, Алланың елшісі! Жәннатпен бе? – деген  сұраққа: «Иә» – деп жауап қатты».

Ибн Омар Алла елшісінің былай деп айтқанын естігінін айтады: «Кім Үйді (Қағба) тәу етіп, екі ракағат намаз оқыса, құл босатқанмен тең». (Ибн Мәжә, Ибн Хузайма).

«Алла тағала әр күні Қасиетті үйін зиярат етушілерге жүз жиырма рақым (сауап) түсіреді. Алпысы тәу етушілерге, қырқы намаз оқушыларға, жиырмасы (Қағбаға) қарап тұрушыларға». (Ибн Аббастан (р.а.) жақсы тізбекпен Әл-Байһақи).

«Бір адам Пайғамбарымыздан (ﷺ) тас лақтырудың бізге қандай сауабы бар? – деп сұрайды. Ол: «Алланың тарапында ең мұқтаж болған нәрсе екенін табасың»». (Ат-Табарани қысқаша жақсы тізбекпен). Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте:  «Тастарды лақтырған кезде ешбір адам Қиямет күні Алламен кездескенше оның сауабын білмейді».  Әл-Баззардың риуаятында: «Әр лақтырған тасың үшін ауыр күнәң кешіріледі».

«Шашыңды (тақыр ғып) алғаныңның сауабы – әр талың Қиямет күні нұр боп келеді». (Әнастан. Әл-Хайсәми Мәджмағу-з-зәуәйд кітабында). Ибн Омардан риуаят етілген сахих хадисте: «Шашыңды алғаның үшін әр бір талына жақсылық жазылады, бір қатең кешіріледі».

Үммү-л-Хусайн (р.а.) риуаят етілген хадисте Қоштасу қажылығы кезінде Пайғамбарымыз (ﷺ) шаштарын тақыр ғып алғандарға үш, ал қысқартқандарға бір мәрте дұға тілегендігін естігендігін айтады.

Алланың елшісі (ﷺ): «Аллаһым! Шашын тақыр қып алғандардың күнәсін кешір» – деді. (Қасындағылар) Қысқартқандар үшін де, иә, Расулулла – деп өтінді. Ол: Шашын тақыр ғып алғандардың күнәсін кешір» – деді. (Қасындағылар) Қысқартқандар үшін де, иә, Расулулла – деп өтінді. Ол: Шашын тақыр ғып алғандардың күнәсін кешір» – деді. (Қасындағылар) Қысқартқандар үшін де, иә, Расулулла – деп өтінді. Ол: «Қасқартқандар үшін де» – деді. (Әл-Бухари және Мүслим).

Осы келтірілген хадистер жеткілікті болар. Осындай сауабы бар қажылықтың құнын білген адам сапарға ниетін тек Аллаға арнап, қажылықтың әр амалын ұқыпты да мұқият орындайтынына сенімдіміз. Алла тағала қажылықтарыңызды мабрур, өздеріңіз бен біздер үшін тілеген дұға-тілектеріңізді қабыл қылғай. Амандық пен есендікте елге оралып, жанұяларыңызбен қауышуларыңызды нәсіп еткей! Әмин.

Қанат Алшынбаев

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.