Мешіт ішіндегі тіреулер тақырыбын сөз етпес бұрын, намазды бастамай тұрып алдыңғы саптарды толтырып, сосын кейінгі саптарға тұру амалы сүннетке сай әрекет екендігін ескерген жөн.
Кейбір ғалымдар жамағатпен оқылатын намазды мешітте кең және бос орын бола тұра екі тіреудің арасында оқуды мәкруһ деп есептеген. Олар мынадай дәлелдерге сүйенеді:
عن عبد الحميد بن محمود قال: “صلينا خلف أمير من الأمراء فاضطرنا الناس فصلينا بين الساريتين، فلما صلينا قال أنس بن مالك: كنا نتقي هذا على عهد رسول الله صلى الله عليه وسلم
- Абдулхамид ибн Махмудтан жеткен хадисте былай айтылды: «Әміршілердің бірінің артында намаз ұйыған кезімізде адамдардың мәжбүрлегені үшін екі тіреудің арасында намаз оқыдық. Намаз біткеннен соң Әнәс ибн Мәлік (р.а.): «Біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде мұндайдан сақтанушы едік», – деді».
عن معاوية بن قرة، عن أبيه قال: “كنا نُنْهَى أن نَصُفَّ بين السَّواري على عهد رسول الله صلى الله عليه وسلم، ونطرد عنها طردا”ً.
- Муғауия ибн Қурра әкесінен жеткізген хадисте былай деqді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде екі тіреудің арасына намаз оқуға бізге тыйым салған еді әрі ол жерден алыстатылатын едік». Хадисті Ибн Мәжа жеткізген, алайда хадисті жеткізуші тізбегінде Харун ибн Муслим Басри бар, оның кім екені белгісіз.
عن انس قال” كنا نُنْهَى أن نَصُفَّ بين السَّواري على عهد رسول الله صلى الله عليه وسلم، ونطرد عنها لاتصلوا بين الاساطين و اتموا الصفو ف “
- Хакимнің жеткізген хадисінде Әнәс (р.а.): «Екі тіреудің ортасына намаз оқудан тыйылған едік және ол жерден алыстатылдық», – дей келе: «Тіректердің ортасына намаз оқымаңдар, сапты толтырыңдар!» – деп бұйырған. Хаким бұл хадиске «сахих» деп баға берген.
- Ибн Мәжәның хадис жинағынан басқа бес хадис жинағында бірдей келген.
Тіреулер арасында намаз оқудың неліктен мәкрүһ болатынына қатысты бұл көзқарасты ұстанушылар түрлі себептерді келтірді. Бірінші себебі – тіректермен сап бөлінеді деді. Екінші себебі – ол жер аяқ киімдердің қойылатын орны деді, ал үшінші себебі – ол мұсылман жындардың намаз оқитын жері деді.
Бұл мәселеге қатысты сәләф ас-солих[1] ғалымдар төмендегідей жауап берген:
Ибн Омар (р.а.) сынды сахабалар, табиғиндерден Хасан Басри, Ибн Сирин, Сағид ибн Жубәйр, Ибраһим Тайми, Суәйд ибн Ғафәлә, Имам Малик, имам Әбу Ханифа, Имам Шафиғи, Ибн Мунзир және басқалары мешітте бос орын бола тұра, жамағатпен екі тіректің ортасында оқылған намаздың дұрыс екенін алға тартты. Олар: «Бұл амал мәкрүһ болмайды», – деді. Олар мынадай дәлелдерге сүйенді.
عن ابن عمر” صلى الله عليه وسلم لما دخل الكعبلة صلى بين الساريتين “
- Қос «Сахих»[2] жинағында Ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Қағбаға кіргенде екі тіректің ортасында тұрып намаз оқығанын айтады.
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың және кейін келгендердің Мадина қаласындағы Пайғамбар мешітінде намаз оқығандары мутауатир[3] жолмен жеткен. Онда мешіттің шатырын ұстап тұратын тіректер болған. Имам Бухари мен имам Әбу Дәуід Ибн Омардың (р.а.): «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде мешіт қабырғасы кірпіштен, шатыры құрма бұтақтарынан, ал тіректері құрма ағашының діңгегінен салынған»,[4] – деген сөзін жеткізген. Бұл көзқарасты ұстанушылар айтады: «Жамағаттың сап түзеуі тіректерден алыс болды деу ақылға қонымсыз. Өйткені, ол тіректер шатыр астында өте көп болған. Сонымен қатар, олар үнемі қысылысып тұрып намаз оқыды деген пікір ақылға сыймайды. Себебі, намаз оқитын жер тарылған сәтте тіреулердің арасында намаз оқуға болатыны белгілі ғой. Мешіт іші кейде намаз оқушылармен толы болса, енді кейде ішінде бос орын көп болатын. Солай бола тұра адамдар намаздарын екі тірек арасында оқыған.
Олар тағы: «Тіректер, мінбер немесе дуалдар сап арасына кірсе де сапты бөлмейді», – деді. Имам Нәуаи «Сахих» Мүсілімнің шархында былай дейді: «Хадистерде артықшылығы баяндалып мақталған сап – имамның арқасындағы әуелгі сап. Намазға еруші бұл сапқа ерте келсе де, кеш келсе де, жамағатпен арасында дуал сынды нәрсе болса да бұл сап артықшылығын жоғалтпайды. Бұл – мухаққиқ ғалымдардың ұстанымы»[5].
Ибн Абидин «Хашия» атты кітабында Шам мешітінің ортасындағы қос дуал намаздың сапын бұзбайтынын айтқан. Ол мешітте имамға ұйыған жамағаттың бір жартысы екі дуалдың ішінде оқыса, екінші жартысы оның сыртында тұрып оқитын. Әлгі дуалдың соңына дейін жалғасқан жамағаттың қатары бұл дуалмен үзілмейді. Сол сияқты саптың арасында тұрған мінбер де сапты бұзбайды. Шафиғи мәзһабының ғалымдары да осы ұстанымда болған.
Кең жер бола тұра тіректердің арсында намаз оқуды мәкрүһ санаған ғалымдарға бұл топтың ғалымдары мынадай жауаптар айтқан:
- Абдулхамид ибн Махмудтан жеткен «Әміршілердің бірінің артында намаз оқыған кезімізде…» деген хадиске дәлел ретінде сүйенуге болмайды. Себебі, Әбу Мухаммад Абдулхақ ол кісіге «әлсіз» деп баға берген. Өйткені, бұл Бухари мен Муслимнің «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаға кіргенде екі тіректің арасында намаз оқыды» деген хадистеріне қайшы келіп тұр. Сондай-ақ, Пайғамбар мешітінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен жамағат болып намаз оқығанда, тіректердің арасында да намаздың оқылғанына қатысты мутауатир хадиске қайшы келеді. Бұндай жағдайда, яғни екі хадис бір-біріне қарама-қайшы келіп қалса, онда «сахих» және «асах» (одан да күштірек) хадиспен амал етіледі. Сол сияқты, «Адамдардың мәжбүрлеуімен екі тіректің арасында намаз оқыдық…» сөздеріне келсек, бұл сөз бейнебір орын тарылған сәтте де екі тіреу арасында намаз оқуға болмайды деп тұрғандай. Бұл болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың іс-әрекетіне теріс келеді. Мұндай сөзді ешбір ғалым айтпайтыны белгілі. Тіпті, Ибн Араби Мәлики: «Жамағатқа орын тарылған кезде екі тіреу арасында намаз оқудың рұқсат екенінде еш қайшылық жоқ», – деп нақтылаған. Бұл-дағы әлгі хадистің әлсіз екенін көрсетіп, оның дәлелге жарамсыз екенін қуаттай түседі.
- Мағауия бин Қуррадан жеткен хадистің тізбегіндегі Харун бин Муслим Басри бар. Оның кім екені белгісіз. Сондай-ақ, бұл хадис сахих хадиске қайшы келіп тұр. Сол үшін ол дәлел болмайды.
- Ал-Хакимнің Әнәстан (р.а.) жеткізген: «Екі тіреудің ортасына намаз оқудан тыйылған едік және ол жерден алыстатылдық», – деген хадисіне келер болсақ, ондағы мақсат – алдыңғы сапта орын бола тұра, артқы жақтағы тіректер ортасында намаз оқудан тыю ғана еді. Алдаңғы қатардың сапын толтыруға бұйырып тұр. Сол үшін де: «Тіректердің ортасына намаз оқымаңдар, сапты толтырыңдар!» – деген.
Бұл хадис «саптар толғанда да тіреулер арасында намаз оқуға болмайды» деп тұрған жоқ. Себебі, Пайғамбардың (с.ғ.с.), сахабалардың және табиғиндердің намаздары – тіреулер арасында намаз оқуға болатынына ашық дәлел. Егер тіреулердің арасында намаз оқу түбегейлі тыйылған амал болғанда, онда Пайғамбар (с.ғ.с.) да, сахабалар да, табиғиндер де тіректердің арасында намаз оқымас еді әрі: «Сапты толтырыңдар!» – деп те бұйырмас еді.
ҚОРЫТЫНДЫ
- Тіректер арасында адам бір өзі намаз оқыса – мәкруһ емес. Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаға кіргенде, екі тіректің арасында намаз оқығаны айтылады.
- Егер мешіт лық толса немесе алдыңғы қатар толық болса, онда екі тіректің арасында намаз оқу – мәкруһ емес. Себебі, Пайғамбарымыздың мешітінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен екі тіректің арасында намаз оқығаны белгілі. Сол үшін де Ибн Араби: «Жамағат орын тарылған кезде екі тіреу арасында намаз оқудың рұқсат екенінде еш қайшылық жоқ», – деген.
- Бос орын бола тұра, екі тіректің арасына жамағатпен намаз оқу – жайыз (рұқсат), ол – мәкрүһ емес. Оған дәлел – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітінде сахабаларымен үнемі намаз оқығандығы. Ол мешіт кейде жамағатқа толатын, ал кейде ішінде бос орын көп болатын. Имам алдыға михрабқа шығады. Имамның арқасындағы саптар толуы керек. Себебі, Әнәс (р.а.): «Тіректердің ортасына намаз оқымаңдар, сапты толтырыңдар!» – деп бұйырған. Әнәс (р.а.) екі бағана ортасында намаз оқуға тыйым салып тұрған жоқ, бәлкім имамнан кейінгі әуелгі сапты толтырмастан, кейінгі бағаналар арасындағы сапта тұрғандарға қарата алғы сапты толтырыңдар дегенді меңзеген.
- Мінбер, тіреу және дуал сапқа кедергі келтірмейді. Имам мен жамағат арасын бөліп тұрған кез келген нәрсе имам мен жамағат арасын немесе жамағат пен жамағат арасын үзбейді. Намаз оқушы имам мен өзге имамға ерушілердің іс-әрекеттерін көру немесе есту арқылы біліп отырса болғаны.
عن عائشة قالت”كانت لنا حصيرة نبسطها بالنهار و نحتجزها باليل فصلى فينا رسول الله صلى الله عليه وسلم ذات ليلة فسمع المسلمون قراءته فصلّوا بصلاته فلما كانت الليلة الثانية كثروا فاطلع عليهم فقال اكلفوا من الاعمال ما تطيقون فان الله لا يمل حتى تملّوا
Себебі, Айша анамыз (р.а.) айтады: «Бір төсенішіміз бар еді, оны күндіз жерге төсеп, түнде қоршау ретінде (есік-терезені) жабатын едік. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.) біздікінде намаз оқыды. Дауысын естіген мұсылмандар оның намазына ерді. Екінші күні адамдар көбейіп кетті. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың алдына шықты да: «Шамаларың келгенін орындаңдар. Расында, Алла сендер шаршамағанша шаршамайды», – деді».
- Жалғыз намаз оқитын адам мешіттің белгілі бір жерін таңдап алса болады. Бұған қос бірдей екі «Сахих» хадистер жинағында келген Сәләмә ибн Әкуағтың (р.а.) ісі дәлел. Ол мінбердің жанындағы тіректің қасында намаз оқып: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі осы жерде намаз оқығанын көрдім», – дейтін.
Имам Табарани бұл жерді мұсылман жындардың намаз оқитын жері десе, кейбір ғалымдар бұл орын аяқ киім қоятын орыны дейді. Қазіргі таңда жоғарыда айтылған орындарға намаз оқымауға еш негіз жоқ, сол себепті ғалымдар хадистің себептеріне сүйене отырып, оған амал етілмейтіндігін алға тартқан.
Серікбол Хаманұлы
«С.Ғылмани» мешітінің ұстазы, исламтанушы
[1] Исламның алғашқы буын ғалымдары.
[2] Бухари және Муслим хадис жинағы.
[3] Мутауатир – дегеніміз бірігіп жалған айтуы мүмкін болмаған бірнеше жамағаттар арқылы жеткен хадистер.
[4] Әл-Бидая уа ан-Ниһая ли ибн Касир 3/216.
[5] Нәйлул әутар ли аш-Шаукани 3/216.