Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

МҰСЫЛМАНДЫ ЖАЗЫҚСЫЗ ӨЛТІРУ

0 1  657

Бұл мәселеге қатысты Ибн Масғуд (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманды сөгу – арсыздық, онымен шайқасу – күпіршілік» деп айтқанын риуаят етеді.     

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде  – кім үмметіме қарсы соғысып, салиқалы мен күнәһарын айырмастан өлтірсе, келісім жасасқандармен келісімін орындамаса, оның маған еш қатысы, менің оған еш қатысым жоқ» деген. (Мүслим 1848)

Убада ибн Самиттен (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде – кім мүминді өлтіріп,  істегеніне  қуанатын  болса,  Алла  оның не нәпіл амалдарын, не парыз амалдарын қабыл етпейді» деп айтқаны риуаят етіледі. Бұл хадисті Әбу Дәуд келтіріп, соңында Халид бин Дахқаннан былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен Яхья ибн Яхьядан «қуанатын болса» деген сөздері жайында сұрадым, ол: «Бұл жерде әңгіме бүлік кезінде шайқасатындар жайында қозғалып отыр. Біреу екіншісін өлтіріп, өзін тура жолда санап, істеген қылмысына өкінбейді» –  деп жауап берді» – деп айтты.

Мұсылманды өлтірмек түгіл ол жайында жаман ойлаудың өзі тыйым салынады. Ибн Умар (р.а.) былай деп айтатын: «Мен Алла елшісі (с.ғ.с.) Қағбаны тәуәп етіп жүріп, былай деп айтқанын естідім: «Сен қандай әсемсің, иісің де қандай керемет! Сен қандай ұлықсың, сенің қасиетің қандай керемет! Мұхаммедтің жаны құзырында болғанмен ант етемін! Алланың тарапында мүминнің ұлықтығы сенікінен жоғары. Оның мүлкі, қаны біз үшін қастерлі және біз ол жайында тек жақсылық ойлауымыз керек»». (Ибн Мәжә 2619, Хадистің сахихтігін әл-Бусайри, шейх Ахмад Шәкир және әл-Албани мақұлдаған. «Сильсилә әс-сахиха» 3420)

Ибн Умар Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Мүмин тыйым салынған біреудің қанын төкпейінше дінінің (иманының) кеңшілігін сезініп жүре береді» деп айтқанын жеткізеді. (әл-Бухари 6862)

Бұның барлығы мұсылманның Алланың алдындағы дәрежесін көрсетеді.

Айта кететін жағдай: кез келген адам жаза қолдана алмайды, оны жасауға ислам мемлекетінде тек патша хұқылы. Бұған ғалымдар бір ауыздан келіскен.

Ибн Тәймийя: «Мұсылмандардың патшасы бір жерге әмір етіп қойған адам (мухтәсиб) өз бетімен жазалауға, қол шабуға хақысы жоқ»  – деп айтқан. («Мәжмағул-фәтәуә» 28/109)

Егер мұсылмандардың патшасы әмір етіп сайлап қойған адам жазалау жөнінде үкім шығаруға хақылы болмаса, қарапайым адамдардың өлім жазасы үкімін бергенге не айтуға болады?!

Істің бәрі осылай болатын болса, жастардың ұрандатып жүргені не қылған шариғат, не қылған жиһад?!

Құран мен сүннетті ұстанушы бауырым! Егер шын мәнінде осы екі (Құран мен Алла елшісінің сүннеті) нәрсеге  ұстансаң, айтылғанды қабыл ет! Қабыл етпесең, онда өз нәпсіңе ерген екенсің. Онсыз да дінге жаман ат әкеліп, діннің абыройын түсірудесің. Атай кетсек, мекемелер, оқу орындары мен абақтыларда  намазханалар  ашамыз  деп  жүргенде, ашылғанды  жабуға тура келді. Орамал киген қарындастарымыздың жағдайы нашар еді, одан сайын қиындай түсті. Ата-ана баласының мешітте  дәріс алғанына қарсы. Мұның бәріне мемлекет пен имам-молда кінәлі емес, сен кінәлісің. Дініңе қызмет ете алмасаң, кедергі жасама, бұл сенің дінге әкелген пайдаң болар.

Уа, жастар! Алладан қорқып, бұл дүниенің қайғысына, ахиреттің азабына жетелейтін шайтанның қармағына түсіп қалмаңдар!

Алладан қорқыңдар, қарт адамдарды, балаларды өлтірмеңдер!

Алладан қорқыңдар, аналарды, қыз-қарындастарымызды өлтірмеңдер!

Алладан қорқыңдар, Аллаға құлшылық етуші қарттар мен сәбилерді өлтірмеңдер!

Алладан қорқыңдар, тыйым салынған қанды төкпеңдер, біреудің мүлкіне қол сұқпаңдар!

«Отыны адамдар мен тастар болатын Оттан қорқыңдар» (әл-Бақара:24)

«Адам өзі тапқанын алатын және оларға еш зұлымдық жасалмайтын, Аллаға қайтарылатын күннен қорқыңдар!» (әл-Бақара:281)

Ұйқыдан оянып, надандықтан арылыңдар! Жер бетінде арсыздықты жаю жолында шайтанның қаруы болмаңдар!

Мен Алладан мұсылмандарға діндері туралы  дұрыс түсінік беріп, ашық және жасырын адасудан, бүліктен сақтауын сұраймын. Әмин.

Алшынбаев Қанат Мұқанғалиұлы

“С.Ғылмани” мешітінің наиб имамы, теолог-исламтанушы

Материал “ЖИҺАД ЕМЕС, ТЕРАКТ” 2013 еңбегінен алынды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.