Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақида ілімінің тарихы

0 1  509

Хазіреті  Пайғамбарымыздың  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  пайғамбарлық кезеңінде   ақиданың   және   өзге   ислами   ғылымсалаларының  қайнар  көзін  құрайтын  уахилар  келіп тұрды. Пайғамбарлықтың  осы  23  жылдық  кезеңінде ақида  (саласын)  ілімінің  жазбаша  болғандығын  айту мүмкін  емес.  Өйткені,  барлық  сала  мен  сенімге  байланысты  сұрағы  болғандар  Пайғамбарымызға  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жүгінетін.

Ал,  Пайғамбарымыз  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  болса,  кез-келген  мәселеге дер  кезінде  қанағаттанарлық  жауап  беріп,  шешімін көрсетіп отырған. Сондықтан да Хазіреті Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  кезеңінде  сенім  мәселесінде  толық  мойынсұну қалыптасты.

Пайғамбарымыз  қайтыс  болғаннан  кейін сенімге  байланысты  кейбір  мәселелерде  азды-көпті түсініспеушіліктердің пайда болғаны белгілі.

632  жылы  Хазіреті  Пайғамбар  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  қайтыс болғаннан  кейін  ислам  дінінің  әкелген  ой  еркіндігінің нәтижесінде мұсылмандар Құран мен хадиске түрлі түсінік беріп, ағымдарға бөлінуге көшті.

Бұған қоса сырттан түрлі тіл, дін, ұлт пен мәдениеттің адамдары Исламды қабылдап, сан-алуан  саяси  идеологиялық  әрекеттердің  өршуіне  де ұйытқы болды. Мәселен, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткен  соң  халифалық  мәселе  төңірегіндегі  жанжалдар шиит  мәзһабының  шығуын  жылдамдатты.  Кейіннен үшінші халифа Хазіреті Осман 656 жылы шейіт болғаннан кейінгі Жәмәл оқиғасы, 657 жылы болған Сыффин соғысы секілді өзара қақтығыстарға ұласты. Осы соғыстарда адам өлтіру,  әсіресе  мұсылманды  мұсылман  қолымен  өлтіру әрекетінің  ақыры  үлкен  күнәларға  соқтырды.

Осындай жағдайда үлкен күнә істеген пенденің халі не болады деген сұрақтар туындады. Иман мен күпірдің өлшемі қандай, сонымен қатар адамның қалау еркіндігі мен еркіндіктің шегі қандай деген бірқатар мәселелер де өз жауабын талап етті.

Бұл мәселелер төңірегінде әртүрлі көзқарастар айтылып, ақырында Мүржия, Харижит, Қадария, Муғтазила және Жәхмия  секілді  мәзһабтардың  шығуына  себеп  болды.

Сонымен қатар, Ислам халифатына қарасты жердегі түрлі дін мен мәдениет өкілдерімен мұсылмандардың қарым-қатынас құруы, пәлсафалық түсініктердің Ислам әлеміне жайыла бастауы секілді сырттан келген әсерлер де, сенім мәселесінде түрлі көзқарас пен топтардың тууына бірден-бір түрткі болды.

Сахабалар дәуірінің соңына таман Мабәд әл-Жухани (өл.699 ж.) деген кісі алғаш рет тағдыр мәселесін талқылай келе адамның ықтиярымен болған істердің ерік қалауымен болатындығын  айтып,  тағдырды  қабылдамағанымен қоймай   оны   теріске   шығарды.

 Бұл   ұстанымды жалғастырушылардың бірі Ғайлан әд-Димашқи (өл. 743 ж.)  болды.  Ол  халифа  Хишам  ибн  Абдулмәлик  (724-743  ж.)  кезеңінде  тағдырға  көбірек  тоқталды.  Осындай түбегейлі  теріс  пікірлерге  байланысты  Абдуллаһ  ибн Омар (өл. 692 ж.), Жабир ибн Абдуллаһ (өл. 697 ж.), Әбу һурайра (өл. 679 ж), Абдуллаһ ибн Аббас (өл. 687 ж) және Әнәс  ибн  Мәлик  (өл.  712  ж.)  сынды  ғұлама  сахабалар олардың көзқарастарын бірден жоққа шығарып, мұндай теріс  пайымнан  елдің  аулақ  болғаны  абзал  екендігін айтты.

Және де ондай теріс пиғылды кісілерге сәлем де берілмей, өлсе жаназа намазы да оқылмайтынынан елді хабардар етті (Абдулкааһир Бағдади, Әл-Фарқ бәйнәл фирақ, Истанбул 1979, 21-22 бет; Ислам ансиклопедиси, Түркие диянет вакфы баспасы, Истанбул, 1984, 2-том, Акайд тармағы, 214 -бет).

Сол кезеңдерде Жағд ибн Дирхәм (өл. 736 ж.) деген кісі Құранның махлұқ (жаратылған) екендігін айтып, Алланың «кәләм» (сөйлеу) сипатын жоққа шығарады.

Жәхм  ибн  Сафуан  да  (өл.  745  ж.)  құлдың еркін қалауын қабыл етпей, Ислам тарихында алғаш рет «жәбр» (мәжбүрлік) пікірін, яғни адам өз қалауымен емес мәжбүрлікпен әрекет етеді деген тұжырымын алға тарты.  Оның  түсінігі  бойынша,  адам  робот  секілді  әрекет етеді.  Тағдырына  не жазылса,  соны  ғана  істейді.  Адам тағдырдан тыс әрекет етпейді. Сондықтан адамның басына келген нәрсенің бәрі тағдырында болғандықтан, адам бұған кінәлі емес дегенді айтады.

Ол мұнымен шектелмей  (өзге  адасқан  мәзхабтар  сияқты)  Алланың  болмысы жаратылғандарға ұқсамайды деген түсінікке сүйеніп, Жаратушының сипаттарын қабыл етпеді. Тіпті, ақыретте мұсылмандар  Алланы  көре  алмайды  дей  келе,  жәннат пен  жәһәннам  да  мәңгілік  емес  деген  мүлде  қисынсыз пікірге барады (философия ғылымында адамның тағдыр бойынша өмір сүретіндігін қабылдаушы, тағдырдан тыс өмір сүрудің мүмкін еместігіне «фатализм» термині қолданылады).

(Жалғасы бар)

«Иман негіздері» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.