Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақида ілімінің тарихы (ІІ)

0 644

(Мақаланың жалғасы. Басы өткен жарияланымда)

Хижри жыл санауы І ғасырдың соңы мен ІІ ғасырдың басында осы мәселелерге орай Муғтазила мәзхабы пайда болды. Құрушысы Уасыл ибн Ата (өл. 748 ж.).

Бұл ағым сенім мәселелерін талқылау мен діни үкімдерді түсінуде ақылға көбірек басымдық береді. Ақылға көбірек мән бергендігі соншалық, ақыл қамти алмайтын (олардың тілінде «ақылға қайшы келген») аят пен хадистерді қисынмен түсіндіруге тырысты.

Уасыл ибн Ата «Құран-махлуқ» дей отырып, пенде іс-әрекетті өзінің ерік қалауымен жаратады деген пікірді қолдап, үлкен күнә істеген кісі иманнан шыққанымен, кәпір болмайды деген түсінікті ұстанды.

Муғтазила ғалымдары өздеріне пікірі қарама-қайшы келген, кейбір адасқан мәзхабтармен және өзге дін өкілдерімен күресу жолында көптеген еңбектер жазды. Осы ғасырларда жазылған ақидаға байланысты еңбектердің мазмұны негізінде Алланың сипаттары; Тағдыр; Үлкен күнә істегеннің жағдайы; имамдық (халифалық) мәселесі төңірегінде болды.

Әһли сүннет ақидасының іргетасы хижри I ғасырда қаланды. Бірақ, бұл кезеңдегі шығармалар ақида тақырыбына байланысты мәселелердің бәрін толығымен қамтымай, әсіресе адасқан ағымдарға қарсы жауап беру мақсатымен кішігірім шығармалардан тұрды.

Ал ақиданы біршама толық қамтитын негіздер – Хижри ІV ғасырда Имам Әшғари (872-936) мен Имам Матуриди (852-944) сынды ғалымдардың есімдерімен байланысты. Бір жағынан бұл имамдар калам ілімінің ұстаздары болғандықтан, әһли сүннет ақидасын түсіндіріп, үйрететін калами ерекшеліктерге ие болды.

Ал, фиқһ ғалымдарынан ақидаға байланысты алғашқы еңбекті Имам Ағзам Әбу Ханифа (өл.767 ж.) жазды. Ислам ғұламасының «Әл-Фиқһул әкбар», «Әл-Фиқһул әбсат», «Әр-Рисәлә», «Әл Алим уәл-мәтәаллим» және «әл-Уасия» атты әйгілі шығармалары осы ақида мәселелеріне арналған( Ислам ансиклопедиси, ж.к.е., 2 -том, 214-215-бет;).

Аббасидтер кезеңінде (750-1258) Ислам ақидасына тағы бір ушыққан мәселе тудырған салапәлсафа болатын.

Пәлсафалық еңбектер әсіресе Халифа Мәмунның (813-833 ж.) әмірімен грек тілінен араб тіліне көптеп аударылды. Көп ұзамай-ақ, мұсылман пәлсафашылар дүниеге келді. Олар ақида тақырыптарын пәлсафалық тұрғыдан қарастырып, яғни сенім негіздерін ақылға жүгіне отырып дәлелдеуге тырысты.

Өкінішке қарай, мұндай әдістердің көпшілігі Құран мен хадиске қайшы келіп отырды.

Пәлсафашылардың мұндай әрекеттері ислам ғалымдарының оларға қарсы шығуына, керек болса кейбіреуін кәпір деуге дейін алып барды. Бір жағынан ақылды бірінші негіз етіп алған Муғтазила мен Ислам пәлсафашыларының ғылыми әрекеттері әһли-сүннет ғалымдарының жүйелі жұмыс істеуіне септігін тигізді.

Әйгілі ғұлама Имам Ғазали (өл.1111 ж.) Ислам әлеміндегі пәлсафаның 20 мәселеде дінге қайшы келетіндігін «Тахафутул фәләсифа» атты еңбегінде дөп басып көрсетті.

Имам Ғазали бұл мәселелерді жан-жақты зерттеп барып, қорытынды жасай келе дінге қайшы келетін 20 мәселенің үшеуінде Ислам пәлсафашылары үлкен қателікке ұрынғандығын айтады. Осы қателіктерінің маңыздылық деңгейіне байланысты оларды кәпір деп айыптауға дейін барады. Қалған 17 мәселе бұл үш мәселеге қарағанда айтарлықтай қауіпті емес. Бірақ, түптеп келгенде осы 17 мәселенің өзі адам санасын адасушылыққа жетелейтіндігіне тоқталады.

«Иман негіздері» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.