Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шын Құдай кім?

0 1  818

ХХ ғасырдың басы қазақ поэзиясының адамзаттық деңгейде ой қаузауға құлаш ұрған шағы болды. Осы дәуірде өмір сүрген Мәшһүр Жүсіп «Қазақтың көп сөздері жұмбақ, оларды шешу керек» депті. Бұл біздің жазбамызға да қатысты сөз екен… Шынында біз айтып отырған кезеңнің поэзиясын (әсіресе, терең пәлсапалы, сопылық сарында жазылған Абай, Шаһкәрім, т.б. өлеңдерін) діндегі мүтәшабиһат аяттарға тәуиіл жасағандай ежігін ашып, ақыл дүрбісімен, ақиқат таразысына салып, айтатын ақиқатын нақтылау лазым.

«Көңілінің көзі ашық, сергегі үшін» «жастарға (келер ұрпаққа, кейінгі дәуірге)» «үлгі (адамдық нұсқа, рухани бағдар)» (Абай)  беріп жазылған соны поэзия үлгілеріне ықыласты лексикалық (семантикалық) талдау қажет. Болмаса, «соқыр тауыққа бәрі бидай».

Ал, енді сөз Шаһкәрім қажының «Шыннан өзге Құдай жоқ» ныспылы өлеңі хақында…

Мақала әлқиссасында айта кетейік, бұл өлеңде бір дәуірдің тұтас шындығын жоғалтуы туралы ұлттық дүние танымның ғаламат зары бар. Сонымен қоса, қажының сөз (өлеңнің тұлғалық детальін) таңдаудағы қырандығын ойға қалай қызмет еттіргені жайында ғажап тәжірибесі бар. Бұл айтқанымыздың әммесі өлеңдегі «шын» сөзінде жатыр.

Сондықтан, аталған өлеңдегі тұлғалас «шын» сөздерінің семантикасын жеке-жеке қарастыру керек. Ендеше…

                                        ШЫННАН ӨЗГЕ ҚҰДАЙ ЖОҚ

Шыннан өзге Құдай жоқ,

Анық Құдай – Шын Құдай.

Ұқпай қалма алаң боп,

Шын болмаса, кiм Құдай?

Қазақ дүниетанымына зер салсақ, Құдайдың аты ретінде «Алла», «Құдай», «Тәңір» деумен қатар, Алла Тағаланың сипаттарын жаңағы аттарының алдына қосып та айтады. «Құдірет Алла» деп таң қалып, «Жасаған (Бізді бар (халиқ) қылған) Алла-ай» деп мұң қармап күрсініп отырған қарияларды бала күнімізде талай көрдік.

Ойшылдар мұрасы біз айтқан нұсқаның қалыбымен жасалатын синтегмалық тіркестердің қатарын байыта түседі. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи «Бір және Барым!» (Алланың 99 сипатының ішінде «әл-Ахад (Жалғыз, Біреу ғана, Дара)Хакім Абай «Патша Құдай» (Алланың 99 сипатының ішінде «әл-Мәлик (Патша, екі дүниенің, барлық жаратылыстың, барша ғаламның патшасы, патшалардың Патшасы)» сипаты бар). Кей жағдайларда «Патша» (Абай), «Ие», «Жар» (Шәкәрім), «Бар және Бір(м)» (Яссауи), «Жаратушы» (Мәшһүр Жүсіп)  т.б. метафоралары арқылы айтқаны талассыз іс.

Мұндай метафоралар шын мәнінде Алланы тоқсан тоғыз есім-сипатының бірімен (немесе екеуімен) жасалып тұр. Оны ғалымдар жазып та, айтып та жүр. Көзқарақты оқырман ойшылдар еңбегін парақтаса-ақ түсінетін айдан жарық, күннен раушан бір шындық.

Жоғарыдағы тіркестер мен метафоралар әрбір автордың шығарма жазудағы мұраты пен жеткізбек ойына орай аздаған мағыналық реңте өзгешелік беретіні болмаса, аталған синтагмалық тіркестердің семантикалық мағынасы бірдей. «Алла» деген сөз. Ондай болса, «Анық Құдай – Шын Құдай». Анық Құдай – Хақ Құдай(Хақ Алла). Демек, бұл жердегі қажының «Шын Құдай» дегені «Анық Құдай», «Нағыз Жаратушы», «Хақ Алла» ұғымдарын білдіретін синтагмалық тіркес. «Яғни, «өзгермейтін «Бір және Барым» (Яссауи тағылымы бойынша) болған Алла» деген ойдың өзгеше метафоралық тұлғасы.  Метафора болғанда да, индивидуалдық метафора деп қарастыруға болады. Яғни, мағыналық реңк үшін талдап алынған ақындық қуаттың, зор шабыттың, кең ойлау сферасы мен өзіндік стильдің шырын жемісі. Болмаса, кім қалай атаса да Құдайдың Құдайлығына бір мін, кеміс болмайды.

Енді бірінші тармақпен бірлестіре талдау жасасақ, «Хақтан (Алланың сипаты) өзге Құдай жоқ, Анық Құдай – Хақ Алла» деген ұғым алуға болады.  Демек, «Ұқпай қалма алаң боп, Шыннан өзге Құдай жоқ» дегені «жалған ұрандар мен мүдделерге байланған саяси үрдістерге, желікпе науқандарға алданып, алаң боп ұқпай қалма; Алладан өзге Құдай жоқ» дейді. Яғни, сопылық поэзияда, асықтар жырында неше ғасыр бойы ашық һәм астары жырланып келген «Ләә иләһә иллә Алла» деген шындығын Шаһкәрім құбылтып, астарлап, соны тіркеспен күрделікке бой алдырып түрлентіп береді. Анық Құдайдың тұлға («күн көсем») де емес, (коммунисті) жүйе де емес, құдайдай табынған алдамшы «құндылықтар» да емес Шын Құдай – Хақ Алла екенін жеткізеді.

Бұл өлең жазылған 1928 жылы бұлай ашық айту мүмкін болмағандықтан, аталған жолдар һәм әулие, һәм қажы, һәм ақынның зор көркемдік ойлау шеберлігінен туған сәтті тіркестер. Діндегі «Хикметпен жеткізу» деп осыны айтса керек-ті.

«Шыннан өзге Құдай жоқ». Сөз сементикасына үңілмей, тұлғасына ғана бойлап осы тармақты жеке талдап «Ақиқаттан өзге Құдай жоқ» деп жаңсақ түсінік шығармау лазым. Бұл жерде қажының айтқысы келгені «Ақиқаттың (Шәкәрімше айтсақ шындықтың) Құдай екендігі» емес.

Бұған қатысты айтарымыз: Егер бұл өлеңдегі «Құдай» сөзін ауыспалы мағынада «(өлмес, тозбас, ешкімнің ығына жығылмас) құндылық» деп топшыласақ, онда жаңағындай түсінік шығады. Өкінішке орай, өлеңде бастан-аяқ «Құдай» сөзі өз мағынасында беріліп отыр. Себебі, «Шын болмаса, кiм Құдай?» дейді қажы. Қазақ діни танымында Аллаға «кім?» деген сұрақ қойылады. Мәселен, «Раббың кім?», «сені кім жаратты?», «кімнің құлысың?». Шаһкәрім қажының «Мұсылмандық шарты» еңбегінде «Уа, достар, адам өлгеннен кейін мүңкір-нәңкір деген періштелер келіп, сұрау алады. Сонда Құдайың кім, дінің қай дін, Пайғамбарың кім деп, сондайларды сұрайды» дейіледі. Егер өлеңде «Құдай» сөзі ауыспалы (құндылық немесе басқа) мәнде қолданылғанда бұл жерде қажы «не?» деген сұрақ қойған болар еді.

Мұсылмандық рух сіңген бұл бөлімде Аллалы адамзат санасындағы «Құдай Бар», «Құдай Бір» дейтін ұлы шындығын ақын өз азаматтық үніне айналдырып бір ғана тіркеске шебер сыйғыза отырып, сөз бетонымен келер ұрпақ тамашалап, ғибратланып жүрер ескерткіш құйып кетіпті.

                                       БҰЗЫЛМАЙТЫН ШЫН КЕРЕК

Енді өлеңді ары қарай бірге оқиық:

Бұрын шын бар, бүгiн шын,

Ертең шын бар – үш бөлек.

Бұл арадағы «шын» сөзі «шындық, ақиқат» деген мағынада қолданылып отыр.  сол дәуірдегі «тарихи шындық» делініп жүрген ал, ақиқатында бұрмаланған ұлттың тарихи шындықтар меңзеледі. Алайда қажы:

Керегi жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын шын керек, – деп ұлттың таза танымын, бұрмаланбаған шындықты іздейді.

Шын мәнінде тарихи шындық бұзылмайды. Бұзылатын тарихи шындыққа «шын» деп берілген баға. Сатылатын да, иілетін де, өзгеретін де, бұрмаланатын да – осы. Берілген, жазылған, айтылған бағалар, жазылған, жаздырған «шындар» ғана өзгереді.

Аталмыш өлең 1928 жылы жазылған. Сол тұста «бұрын шын» деп отырған  тарихи шындық бұрмаланған (Тарихымыз бен әдебиетімізді «ұлы ақпан төңкерісінен басталады» деген пікірді ескеріңіз). «Бүгінгі шын» дегені сол замандағы қоғамдық-саяси, ұлттық-әлеуметтік һәм рухани-діни шындықтар. Ол да тұншықтырылған. «Ертең шын» деп болашақты меңзесе, ол да жалаң ұрандар мен руханиятсыз мүдделерге байланған. Мұндай елдің ертеңі болмайтындығы, азаматтарға ол елдің керек болмайтынын («Керегі жоқ бұлардың») оқырман есіне сала отырып, салдары бір халге соқтыратынын баяндайды; Яғни, осы Ұлы шындықтар күлегейленген қоғамда адамзат «бұның бәрі керегі жоқ» деп шарқ ұрып, «бұзылмайтын шындық іздеп» рухани және қоғамдық сансыруға түсетіні. Ақиқаты да сол ғой.

Ал, енді келесі өлең жолдарында ондай елде жеке тұлғаның тұлғалық дамуы тежелетінін баяндайды, адамдығы болмайтынын жеткізеді.

                                           ШЫН САБЫРЫҢ ЖЕТЕ МЕ?

Шын махаббат қылуға,

Шын сабырың жете ме.

Көрiнген әрбiр сұлуға

Көңiлiң толқып кете ме?

Бұл арадағы «шын» сөзі «жалған» дегеннің антонимі. Автор бұл шумақта зор шындықтардан ажырап қалған жеке тұлғағаның жағдайына тоқталып жатыр. Бұндағы «сұлу» сөзі де астарлы мағынада айтылған «код».

Олай болса, таза ақыл,

Әулиелiк сенде жоқ.

Баянсызға бәрi – құл,

Жынданбаған пенде жоқ.

Жоғарыдағы «сұлу» сөзі мен осы шумақатағы «баянсыз» сөзі бір мәнде. Бұл жерде  жүректе сірі боп қатқан жүрек дерті (алдамшы құндылықты сүю), «адамның баласы» болуға жібермейтін, өткінші дүние мастығы, Тәңірдей қадір тұтып ығынан шыға алмайтын арзан, көзқуаныш қана құндылықтарға мастық меңзеледі. Шәкәрім өлеңдерінде бұндай жалған дүниеге бауырбасушылықты «сағым» («Бір сағымды қуып едің, Қай уақытта жетесің?»), «той» («Шошыма, достым, сөзімнен»), «Жалған» («Анық асық – әулие») деп көп ұшырасады. Абайдың «Махаббатсыз дүние дос» деген ойының тарихи сабақтастығы дерсіз. Бұл дүниені мәнсұқтау емес. Керісінше, автордың дұрыс дүниетаным  мен тарихи санадан алшақтап, көз жұбатар әр неге сүмеңдеп бірін-бірі сатып азғындаған, «жынданып» бара жатқан адамдар өміріне бағасы. Сол аянышты халге деген қамырыққан азаматтық үн, өзінің ішкі жан күйзелісін қосу арқылы күйзелген әлуеметті меңзеп отыр.

Екі шумақта ұлы және зор шындықтарын жоғалтқан рухани алмағайып заманға тап болған жеке тұлғаның рухани құлдырау сатысына өтетінін айтады. Ол ендігі жерде жоғарыдағы баянсыздарға құл болып мейлі ұлттың, мейлі руханияттың, мейлі діннің ісіне «шын махаббат қыларға, шын сабыры» жетпейтін сарсаңға түскен тобырлық (автордың тілімен сөйлесек, жынданбаған пенде қалмайтындай) сана қалыптаспақ. Демек, адам ұғлы осы екі шындықты жоғалтса адамның өз шындығы (адамдығы, иманы, мінезі, махаббаты(отыз сегізінші қара сөзде Абай айтқан махаббат) бұзыла бастайды екен.

                                         НЕГЕ ТҰРСЫН СЕНДЕ ШЫН?

Әулиедей асықтың,

Қасиетiн былғайсың.

Қылығын қылып жастықтың,

Бiр қалыпта тұрмайсың.

Әлде сайтан, әлде жын,

Бiрiн тастап, бiрiн мiн.

Адам емес – айуансың,

Неге тұрсын сенде шын?

Жоғарыдағы шындықтардың бәрінен көз жазған жеке тұлғаның сергелдең хәлі. Ең соңында өзін де жоғалтып «Боқ көтерген боқтың қабына» (Абай) айналаған. «Әлде сайтан, әлде жын, Бірін тастап, бірін мін» дегені мұндай халге түскен пенде баласы не көрінсе соған құл бола кететін бейшаралыққа кіріптар болады дейді. Санасы тәуелді, бейшындық адамның кез-келген сыпсыңға, кез-келген ұран мен жалаң айғайға, керекті-керексіз толқынға ілесіп кете беретін рухани салындыға айналған, өзіндік пайым, парасаты жоқ, тамырынан ажыраған сүлдер) деңгейінде түсетінін меңзесе, «Адам емес – айуансың» деген сөзінде күллі шындықтан ажырап ең соңында өз шындығын жоғатқан адамға берген Құранның бағасын қайталау жатыр. Алла Тағала Құранда былай деген: «Негізінде, Біз жаһаннам оты үшін көптеген адамдар мен жындарды жараттық. Олардың жүректері бар, бірақ (ақиқатты) сезбейді. Көздері бар, бірақ (жақсылықты) көрмейді. Құлақтары бар, бірақ (Алланың сөзін) естімейді. Олар хайуан секілді. Тіпті одан да төмен. Міне, нағыз бейқам жандар, солар» («Ағраф» сүресі, 179-аят).

(«Олар хайуаннан да төмен аятын еске алайық). Ендеше, ондай халықтың жауланыу да оңай, құлдық қамытқа мойын ұсынуы да оңай қалай айдасаң солай жүретін хайуан болатынын меңзеп тұр. Міне содан кейін де «неге тұрсын сенде шын?». Адамдықтан кеткенің болады деген автордың азаматтық үні емес пе.

Ойлы, шұңет ақындар кей өлеңдерін барық халыққа арнап жазбайтыны қалам ұстаған әммеге аян болса керек. Ішіндегі «көкірегі сезімді» адамдарға (Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңін ойға оралтыңыз), яғни бастағы емес көкіректегі көзге арнап жазады.

Мазмұндық жағынан бұл өлең макродан микроға дейінгі шындықтың сатыларын бауырына басып жатқанын көріп отырмыз. Бірінен кейін бірін саты-сатысымен жазуы бізге автор ойындағы «шындық гармониясын» меңзейді. Яғни құдайсызданған қоғам тарихи шындықты да, бүгінгі қоғамдық шындығы да күлегейленіп, болашағы бұлдырайды, сол халге жеткенде адамдардан бекзат адамдық, дұрыс ғақыл, шын ғылым (Абайша айтқанда махаббат осылар) жоғалады екен.

Өлеңнің «Шын Құдай» жайлы баяндалған бірінші шумақта мұсылмандық рух көрініс табады. Үш бөлек шындық баяндалған бөліміне ұлттық, мемлекетшілдік рух сіңген, ал, соңғы бөлімінде адамдық рух менмұндалайды. Өлеңнің ІІ жақпен жазылуы автордың өзінің бұл деңгейлерге құлдырамағанынан хабар береді.

Жанры жағынан бұл өлеңді Ұлы Жаратушыны қабыл етпеген қоғамның жететін «биігін» меңзеген сопылық поэзияның жаңғырып, түлеген заманауи жауһары деуге болады.  Міне, сол үшін де көп пысыққа бауырын көрсетіп, барын аша бермейтін бұл өлеңнің поэтикалық иірімі күрделілікке тартады.

Ендеше, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясында көркемдігі барынша жетілген, идеялық тереңдігі ғаламат Хикмет (даналық) поэзиясы гүлденіп дамығанының бір көрінісі осы өлең болады. Нәсіп айласа, бұл тақырыпқа әлі де тоқталатын боламыз.

Оразбек Сапархан

Abai.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.