Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Малды шариғатқа сай сойып жүрміз бе?

0 1  598

«Ат – адамның қанаты, ас – адамның қуаты» демекші, қазақ халқы қашанда дастарқанындағы асының адалдығы мен құнарына мән берген. Малдың семіздігіне ғана емес, адал жолмен бауыздалуына да ерекше көңіл бөлген.

Адам баласының қажетіне жаратылған төрт-түлік шариғат жолымен сойылмайынша, еті адал және таза болмайды. Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте бауыздамай жеуге рұқсат етілген ет жөнінде: «Бізге екі өлексе ғана адал етілген, олар: балық пен шегіртке», – деп айтылған.

Малды бауыздауға қатысты басты талаптың бірі ретінде, Шаддад ибн Аус (р.а.) риуаят еткен хадисте:

«Ақиқатында, Алла Тағала әр істі жақсы деңгейде атқаруға бұйырған. Егер өлтіру (керек болса) жақсы (оңтайлы, дұрыс) тәсілмен өлтіріңдер. Ал мал соятын болсаңдар жақсылап бауыздаңдар. Пышақ жүзін өткірлеп, сойылатын малды азаптан құтқарыңдар» (Муслим) деп көрсетілген. Бұл барлық істі мейірімділікпен әрі ең жоғары деңгейде жасау керектігін білдіреді.

Мал соятын адам – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек. Теориялық тұрғыда, жеті жастан асқан әрі союдың мәнісін түсінетін бала бауыздаса, оның сойған малының еті – адал. Ал кітап иелерінің сойған малына қатысты Құран Кәрімде:

«…Кітап берілгендердің тамағы сендерге халал етілді…» деп (Маида сүресі, 5-аят) бұйырылған.

Малды құбылаға қаратып сою – абзал. Төрт-түлік малды электр тогымен құлатып барып, бауыздау әдістерін естіп-көріп жүрміз. Ең сорақысы, малдың маңдайынан ауыр темір затпен ұрып барып, соятындар да кездеседі. Бұл – малды қинау, азаптау. Мұндайға шариғатымыз қатаң тыйым салады. Ондай малдың еті арам, өлексе болып қалады. Ауыр соққы тиіп өлуге айналған малдың қаны етіне тарайды. Ондай ет адам ағзасына зиян және ауру қоздырғыш бактериялардың жылдам көбейіп кетуіне себеп болады.

Алманияның Ганновер университетінде аталмыш мәселе бойынша неміс және мысырлық профессорлардың бірлескен зерттеуі жүргізіледі. Зерттеу тақырыбы – «Ислам діні бойынша мал сою мен электр тогын пайдаланып бауыздау». Екі тәсілдің қайсысы малға жеңіл тиетінін зерттеу барысында  «ААС» және «АSC» дыбыстық құрылғылар пайдаланған. Тәжірибе ислам әдісі бойынша бауыздау малға ең жұмсақ әдіс екенін көрсеткен. Ал батыс елдерінде қолданатын электр тогымен өлтіруден жануар көптеген ауырпалықты сезінетіні анықталған.

Тәжірибе барысы төмендегідей:

Бір малды өткір пышақтың көмегімен тамақтың оң және сол жағындағы тамырларын кесу арқылы бауыздалды. Екінші малды токпен өлтіру арқылы бауыздайды. Екі жағдайда да «ААС» және «АSC» дыбыстық құрылғы арқылы жануардың миы мен жүрегінің жағдайы бақылауға алынады.

Ислам әдісі бойынша бауыздаудың нәтижесі:

1-кезең: «ААС» дыбыстық құрылғысы алғашқы 3 секунд ешбір өзгерісті көрсетпеді. Бұл бауыздау кезінде малдың ешқандай ауру сезбегенін білдіреді.

2-кезең: Келесі үш секундта малдың терең ұйқыға кеткенін айқындады. Бұл бауыздау барысында қанның басым бөлігі аққанының нәтижесі.

3-кезең: Өткен алты секундтан кейінгі малдың жағдайын дыбыстық құрылғы «нөл» (0) деп оқыды. Бұл малдың ешбір ауру сезбегенін көрсетеді.

4-кезең: «ААС» дыбыстық құрылғы нөл деп мидың жағдайын оқығанымен жүрек қағысы және дененің қимыл-әрекеті тоқтамады. Өйткені, жұлын әлі үзілмеген еді. Осы себепті жүйке қозғалысының нәтижесінде денеден қан толықтай дерлік шығып кетеді. Бұл мал етінің таза және қан тудыратын ауру мен бактериядан тазарғанын білдіреді.

Электр тогымен ұрып өлтіру нәтижесі төмендегідей:

1-кезең: Ток тиген мал бірден талып қалғандай көрінеді. Алайда «ААС» дыбыстық құрылғы бойынша малдың қатты ауру сезініп жатқанын көрсеткен.

2-кезең: Электр тогымен ұрғанда жүрек тоқтап қалады. Бұл малдың қанының басым мөлшері денеде қалып қоюуына алып келеді. Бұл етті ауру және бактерия тасушы етеді («Мажалла Арабия» журналы, № 334 саны, 2005ж, қаңтар айы).

Зерттеу қорытындысы мұсылманша бауыздау малды ешбір қинамай союдың жалғыз әдісі екенін көрсетті әрі ет құнарлы және зиянды бактерияларсыз болатынына көз жеткізді.

Ислам ережелеріне сай мал бауыздау – жануардың қиналмауына да, мал етінің гигиеналық тұрғыдан таза болуына да және ең бастысы сол етті тұтынушының денсаулығына пайдалы болу жағынан да ең тиімді әдіс. Мұны бүгінгі таңда ғылым да дәлелдеп отыр.

Шариғатымызда малды азаптауға, көзінше пышақ қайрауға, желкесінен бастап союға, электр тогы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа ауыр заттармен жарақат тигізіп талдыруға тыйым салынған. Сондай-ақ басын денесінен бөлуге, тірідей терісін сыпыруға, ыстық суға салуға, денесінің бір бөлшегін кесуге болмайды.

Мал сою ерікті және еріксіз деп екіге бөлінеді. Ерікті түрі – кез-келген адамның қажеттілігіне қарай сойылатын мал. Ондай малды бауыздағанда екі күре тамыры мен кеңірдек пен өңеші қатар кесіледі. Малдың жаны шықпай жатып жұлынын үзуге болмайды. Еріксіз жағдай – мал буынып өлейін деп жатса, ондай жағдайда «Бисмилланы» айтып, кез-келген тұсынан пышақ ұрып, қан шығару әдісі.

Мұсылман төрт-түлікті сояр алдын тазалыққа да көңіл бөлгені жөн. Сойылатын жерді тазалап, тізе бойындай шұңқыр қазып, малды ұрмай апару қажет. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.):

«Бір күні Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойдың құлағынан сүйреп бара жатқан адамды көргенде, оған: «Қойдың құлағын қоя бер де желкесінен ұста деді», – деген.

Малды сояр алдын құбылаға қаратып сол жағымен жатқызып, екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлайды. Пышақты оған көрсетпей қайрап «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп бауыздайды. Өңеш, кеңірдек және екі күре тамырын бір мезетте кесіп, қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтеді. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.

Бауыздау кезінде қанын ұрттап ішу – харам. Қараңғылық дәуірінде арабтар қарны ашса, түйені немесе кез келген малды өткір затпен кескілеп, аққан қанын жинап ішетін болған. Исламның келуімен аққан қан нәжіс болып, оны ішу харам етілді. Құстарды да пышақпен бауыздау керек. Балтамен шабуға, мойынын қолмен жұлып алуға шариғатта қатаң тыйым салынған. Олай істеген адам күнәһар болмақ.

Фиқһ ғалымы Әбу Абдулла Бажи: «Бес қасиетпен іс кемеліне жетеді: Аллаға иман ету, ақиқатты тану, ықыласпен еңбек (ғибадат) ету, құлшылықтың сүннетке сай болуы және адал ас. Осы бес қасиеттің бірі табылмаса, құлшылық Алла құзырында қабыл болмайды» деген екен.

Демек, адал ас құлшылыққа, адамның кемелденуіне ықпалы зор. Осы мағынаны һижри ІІІ ғасырдағы тасаууф ғұламасы Сәһл бин Абдулла Тустари: «Құтылу үш қасиетпен: адал ас, парыздарды өтеу және пайғамбар жолымен жүру»  деп өрбітеді.

Ең маңызды мәселенің бірі – малды «бисмиллаһ» айтып бауыздау. Құран Кәрімде: «Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам» деп («Әнғам» сүресі, 145-аят) ескертілген.

Сирияның бір топ дәрігерлері «бисмилла» айтудың малға қандай әрекеті барын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Үш жыл бойы «бисмилла» айтып бауыздалған және жай бауыздалған қара мал, қой және құс еттерін зерттейді. «Бисмилла Аллаһу Акбар» айтылмай сойылған ет жасушалары бактерияға толып кеткен. Ал «бисмилла» айтылған мал етінде бактериядан таза және  зарарсыздандырылған болған. Мұндай еттің жасушасы таза болып шыққан.

Бабаларымыз: «Ауру – астан» деуінің сыры да осында болмақ. Демек, астың адалдығы – имандылық, денсаулық һәм салауатты өмір салтының басты шарты.

Бақтыбай қажы Бейсенбаев,

Шымкент орталық мешітінің

 бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.