Ата-анаң қарияға айналып, таяқ ұстар кезге жеткенде, оларға қамқорлық жасауың және перзенттік парызыңның өтелуі ғана емес, рухани өсуің үшін де таптырмас мүмкіндік. Неге дейсіз ғой: Ислам дінінде ата-анаң үшін дұға жасау жеткіліксіз. Сәби кезімізден бастап біз үшін отқа да, суға да түскендерін түсініп, біз оларға шексіз махаббатпен қарауымыз керек. Олар қартайған сәттен бастап, ата-анамызға барынша мейіріммен, ізгілікпен және риясыз қарайласуымыз қажет.
Дініміз бойынша ата-анамызға қамқорлық көрсету – мұсылман міндеттерінің қатарында ғибадат жасаудан кейінгі екінші орында тұрады және ата-анамыз бізден мұны күтуге құқылы. Ата-анамызбен қарым-қатынас жасау қиын болған сәтте, қандай да бір кейіс білдіруіміз дұрыс емес.
Раббымыз айтады:
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда қалай мейіріміне бөлеп, әлпештеп тәрбиелегендей Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!”, – де» (Исра сүресі, 23 – 24 аяттар).
Ата-анаңа қатысты дауысты көтеру, олармен дөрекі, әдепсіз әңгімелесу, сондай-ақ реніш білдіріп, ашулану көздеріне тіке қарау – мұның барлығы қатаң тыйым салынады.
Хазреті Ибн Аббас: «Ата-анаңның алдында құлдың қожайыны алдында жүргендей бол, яғни, барынша қарапайым және момын мінезді болып жүр», – деген екен.
Біз оларға барынша алғыс айтуымыз керек. Олар бала кезімізден мәпелеп, бар еркелігімізді көтеріп өсірді, қатарға қосты. Әрине, еңбектің көбі анамызға тиесілі, себебі ол бізді тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатып дүниеге әкелді. Сол себептен болуы керек, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдымен жақсылықты анаңа, кейін әкеңе жаса деген.
Бір кісі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?», – деп сұрады. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз. Әлгі кісі: «Одан кейін ше?», – деп сауалын жалғастырды. «Анаңмен», – деді пайғамбарымыз. Үшінші рет: «Одан кейін ше?», – деп сұрады әлгі адам. тағы да: «Анаңмен», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?», – деп қайта сұрақ қойған кісіге пайғамбарымыз : «Әкеңмен», – деп жауап қатыпты.
Ибн Хаджар ата-анаға бағынбаушылыққа қатысты былай айтқан: «Ей, Құдайды елемей, ең қатаң міндеттерге немқұрайлы қараған, ізгілікті тілазарлыққа ауыстырған, өзіңе бұйырылған нәрсені ұмытқан пенде. Ата – анаңа мейірім танытуың – сенің дінің! Сен Жұмақты қалаймын дейсің, жұмақ анаңның табаныңның астында. Ол сені 9 ай көтерді, сені жарық дүниеге әкелді, сені омырауымен тамақтандырды, үстіңді нәжістен тазалады, саған жақсы қарады. Ол сен ауырғанда қатты уайымдады, сені емдеу үшін дәрігерге ақша төледі. Егер оған сені құтқару үшін өз өміріңді құрбан ет деп айтылса, ол мұны міндетті түрде жасайтын еді. Осыдан кейін сен онымен дөрекі сөйлесесің. Ол Алладан анық және жасырын түрде саған бақыт нәсіп етуін сұрады. Ол қартайып, саған мұқтаж болғанда, сен оны байқамайсың. Сен тоқсың, ол аш, ол шөлдеп жатыр, ал сенің аузың су сұрамайды. Сен өз отбасыңды, балаңды таңдап, оның көмегін ұмытып кеттің. Сен оңай нәрсені қиын деп ойлайсың. Оның өмірі ұзақ болып көрінеді, шын мәнінде ол қысқа. Сен оны тастап кетесің, бірақ оның сенен басқа қорғаушысы жоқ. Жаратқан Иең оған нашар қарым-қатынас жасауға тыйым салған жоқ па. Бұл дүниедегі жазаң – өз балаларыңның тілазарлығы ретінде көрініс тапса, о дүниеде – Раббыңнан алыс болу арқылы жазаланасың. Құдай сені осы әрекеттерің үшін жауапқа тартатын болады. Ақиқатында, Ол өз құлдарын ренжітпейді».
Қазіргі уақытта ата-анасына құрмет көрсету төмендеп кеткен жоқ па?! Күйбең тіршілікке беріліп, ата-анамызға аз көңіл бөле алмай жүргенімізді ұмыттық. Біз ата-ана құқықтарына ұқыпсыз қарамауымыз керек. Себебі, ата-анамызға мейірімділік таныту – Раббымыздың ризашылығы һәм мұсылман адамның сипаты.
«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы
Әділ Агитаев