Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Рухани жеті қазық» Бас мешіт жамағатына таныстырылды (ФОТО)

0 1  551
Кеше республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Рухани құндылықтар – ел бірлігінің негізі» атты жамағатқа арналған семинар болып өтті. Ақшам намазынан кейін мешіттің астыңғы қабатына лық толған жамағатқа Бас мешіт имамдары Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатын таныстырып, жалпы түсіндірме жұмыстарын өткізді.

Жақында ғана өткен ІІІ Имамдар форумында қабылданған бұл тарихи құжат жамағат бойында ізгі қасиеттерді қалыптастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсуге бағытталған. Аталмыш құжатта адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті қасиет айрықша аталады. Дәлірек айтқанда, имандылық, отанды сүю, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділетті болу сынды асыл қасиеттердің пайдасы мен хикметі түсіндіріліп, оқырманын ізгілікке үндейді. Әр адам баласы өз бойында осы қасиеттерді қалыптастыра білсе, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған берекелі қоғам орнайтыны сөзсіз.

Жеті қасиеттің әрқайсысына жеке-жеке баяндама жасап, насихат жүргізген «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері аталмыш құжаттың артқан аманаты мен көтерген жүгі жайлы кеңінен қозғап, жамағатты ізгілікке үндеді. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Жеті рухани қазық» құжаты Қазақстан халқына жол сілтеп, жөн көрсетіп тұратын шамшырақ іспеттес екенін атап өтті. Сөз соңында барша әріптестерін, мешіт жамағатын осы қасиеттерді насихаттау, ұлттық болмысымызға сіңіру жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Кеш соңында мешіт басшылығының ұйымдастыруымен жамағатқа арналып дастархан жайылып, келелі әңгіме жалғасы ас үстінде жалғасты. Аталмыш тақырып аясындағы түрлі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптармен алмасты.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.