30 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Шығыстың бас шаһарында брайль шрифтімен жазылған «Абай жолы» романы жарық көрді, деп хабарлайды baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Осылайша, Мұхтар Әуезовтің белгілі роман-эпопеясын көру мүмкіндігі шектелген жандарға оқуға мүмкіндік берген облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымы Брайль шрифтін пайдаланып «Абай жолы» романының төрт томын қазақ тілінде басып шығарды.
– Биыл ел болып Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтетініміз белгілі. Оны жоғары деңгейде өткізу жөнінде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен болатын. Осы орайда біздің кітапханада да бір жылға іс-шаралар жоспары жасалды. «Абай жолы» романының брайль шрифтіндегі нұсқасын басу осы шаралардың басы деп айтуға болады. Оның үстіне біз көзі көрмейтін, нашар көретін адамдарға қызмет көрсететін және кітаптарды бедерлі-нүктелік шрифтпен шығаратын өңірдегі жалғыз мекемеміз. Біздің мамандар жыл сайын осындай адамдар үшін бірқатар басылымдар шығарады, – деді кітапхана директоры Гүлнар Қадырова.
Оның айтуынша, бүгінде бұл кітапхананың қорында 83 мыңнан астам кітап болса, оның 18 473-і бедерлі-нүктелі шрифтпен жазылған көрінеді. Бұл жолы аталмыш кітап қорына тағы да 21 кітап қосылып отыр.
Кітаптың техникалық редакторы болып келетін Денис Ишуниннің өзі де зағип жан. Алайда мүгедектігіне қарамастан кітапханада сегіз жыл бойы еңбектеніп келе жатқан ол орыс тілімен қатар қазақ тіліне де өте сауатты. Кітаптың тұсаукесерінде ол Абай әндерін нақышына келтіріп орындап, қара сөздерін жатқа айтып берді. Бұдан бөлек, шараға қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына арнап шығарылған «Абай» фильмін тамашалап, «Абай жолы» романынан үзінділер тыңдады.
Кітаптарды өзіміздегі тифлокешенде басып шықтық. Өзімізге қажетті кітаптарды 2013 жылдан бері аз тиражбен шығарып келеміз. Бұған дейін Абайдың ғақлияларын, өлеңдер жинағын шығарған болатынбыз. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай жолы» романының төрт томын 21 дана етіп екі аптада басып шығардық, – деп қосты Гүлнар Қадырова.
Кітапты әлі де болса көп данамен шығаруға болатынын алға тартқан ол Санкт-Петербургтен алдыратын арнайы қағаздың тапшылығы бұған көп жағдайда мүмкіндік бере бермейтінін атап өтті. Болашақта кітапхана мамандары «Абай жолы» романын брайль шрифтімен орыс тілінде, сондай-ақ басқа да қазақ ақындарының өлеңдерін және көзі көрмейтін, нашар көретін азаматтарға арналған тактильді кітаптарды шығаруды жоспарлап отыр.