Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам каллиграфиясының тақырыбында көшпелі көрме өтті

0 1  630

5 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Алматыдағы «Ғылым ордасында» «Ислам каллиграфиясының философиясы» тақырыбында көшпелі көрме өтті, деп хабарлайды egemen.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

«Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар музейі ғұлама-ғалым, әлемге әйгілі ойшыл, философ, көптеген ғылым саласына зерттеулерін арнаған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ислам каллиграфиясының философиясы» тақырыбында каллиграф Асылбек Орынбасаровтың туындыларынан тұратын көшпелі көрменің тұсаукесері мен шеберлік-дәрісі өтті.

Экспозициялық көрмеде арабтың көркем сүліс, насх, фарси, диуани жазу стилдерімен Құран сүрелері, лигатуралар, көркем сөздер мен мақалдар берілді.

Көрме туындыларының авторы Асылбек Байұзақұлы заманымыздың танымал мысырлық және түрік каллиграфия ұсталары Хасан Челяби, Ферхат Курлу, Мумтаз Дурду, Ахмад Фарес, Абдулла Османның шәкірті. Нұрсұлтан, Алматы, Мәскеу, Стамбул қалаларында персоналды каллиграфия көрмесін өткізген. Шеберлік-дәріске РМК «Ғылым ордасы» қызметкерлері, каллиграфия өнеріне қызығушылық танытқан қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Асылбек Байұзақұлы көрмеден орын алған туындылардың жасалу техникасын, қысқаша мазмұнын, түсініктемесін айтып, таныстырып өтті.

Шеберлік-дәріс барысында каллиграфия саласының тарихынан сыр шертіп, араб каллиграфиясында қолданылып келе жатқан жазу стильдерімен, орта ғасырда қолданылған сияның жасалу техникасымен, бамбук қаламдармен каллиграфиялық туындыларды жазуды үйретті. Шеберлік-дәріс соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. «Ислам каллиграфиясының философиясы» көшпелі көрмесін 20 ақпанға дейін Сирек кездесетін кітаптар музейінде тамашалауға болады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.