Әмір Темір заманында ғұмыр кешкен әйгілі шығыс ойшылы Ибн Халдун деген оқымысты «Мұқаддима» атты еңбегінде өркениеттер мен мемлекеттердің де өмірге келгеннен кейін өсіп, өркендейтінін һәм уақыты келгенде өлетінін айта отырып, олардың өшуіне ынсапсыздық пен ысырапшылдықтың себеп болатынын жазған екен.
Ғұламаның пікірінше, араны ашылған ашкөздік пен ындыны жаман ынсапсыздық көп қарыздануға, қанағатсыздыққа, сол арқылы рухани дертке ұшыратып, ақыры қоғамның ажалына алып келетін көрінеді. Осылай тұжырым жасаған ол қираған ежелгі Рим, Грек өркениеттерін өз сөзіне мысал ретінде келтіреді.
Қазіргі қоғамтану мен әлеуметтанудың атасы саналатын Ибн Халдун туралы Абайдың ұстазы, татардан шыққан ғұлама Шихабеддин Маржани жақсы жазған. Ол «Вафиат ал-аслаф ва тахият ал-ахлаф» деп аталатын еңбегінде Ибн Халдунға жан-жақты тоқталып, «Мұқаддима» кітабын біршама талдайды. Сондықтан жәдитшіл-жаңашыл Маржани еңбектерін жата-жастана оқыған Абайдың ХІV ғасырда өмір сүрген ойшылдың шығармасымен таныс болуы әбден мүмкін. Грек өркениеті дегеннен шығады, Абай атақты «Ескендір» поэмасына осы ашкөздікті арқау етпей ме? Дастанда данышпан «Алған сайын көңілі бір тоймаған, Араны барған сайын қатты ашылып, Жердің жүзін алуға ой ойлаған» Ескендір патша «құдайға бастайтын қақпаның» алдына келгенде ар жақтан күзетшінің бір қу сүйекті лақтырғанын айтады. Сонда жұмбақтың жауабын шешкен Аристотель хакім сүйекті таразыға салып, «Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да, Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда» дейді. Бес күн жалғанның түйінін осылай тарқатады.
Ибн Халдунның өзге де озық ойларын Абай шығармаларының өне бойынан кездестіруге болады. Бірақ бұл туралы әңгіме бөлек. Шығыстың даналық мектебінің тұңғиық терең иірімдерін игерген Абай осы «Мұқаддима» кітабынан үш ғасыр бұрын жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегін де оқыған, ондағы биік мұраттарды бойына сіңірген деуге толық негіз бар. Кезінде Радлов зерттеген бұл шығарманы Шәкәрім де оқыған.
1069 жылы жазылған шығармасында Жүсіп Баласағұнның уәзірдің бауыры Одғұрмышты қанағат бейнесінде сөйлеткені белгілі. Дүние малына құмарлықты Жүсіп ойшыл «өткінші, кезбе құт» дейді, оның пайымынша ашкөздік – елді аздырады, тойымсыздық – төрені тоздырады. Сондықтан қанағат пен қайырым, парасат пен пайым – ердің қасиеті болуы тиіс.
Кісіліктің кілті – Құтты білікті оқи отырып, толық адам туралы толғанған Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңіндегі «бес асыл іс» пен «бес дұшпанды» білімпаз Баласағұннан алғанын топшылаймыз. Бес дұшпанның бірі деп «бекер мал шашпақты» – ысырапшылдықты айрықша атаған абыз ақын «қанағатты» да бес асыл істің бірі ретінде бағалайды. Иә, «қанағат – қарын тойғызар» деген, аста-төк шашылатын ысырапқа жол бермеудің емі – қанағат сезімі екені анық. Қанағат – қол қусырып, нәсібеңнен қағылып, қарап отыру емес, керісінше, шектен шықпау, өзіңе тиесілі емес дүниеге ұмтылмау, рухани болмысқа қиянат жасамау! Сондықтан қанағатшыл адам – қайырымды адам.
Абай жырларында қанағатпен бірге ынсап туралы да жазады: «Ынсап, ұят, терең ой – Ақыл, зейнет, біліп қой» деп қайырады хакім. Бұл жерде ынсап пен ұяттың қатар айтылып тұрғаны бекер емес. «Ынсапсыздың ұяты жоқ» дейді халық даналығы. Ұят кеткен жерде ынсапсыздық орнайды. Ынсапсыз адамда ұят, иман болмайды. «Ынсап сайын береке» деген де сөз бар. Құранда айтылатын «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтатын Қарынбай хикаясы бұған жарқын мысал бола алады.
Данышпан ақын ынсап пен ысырап, қанағат пен қайырым туралы тек жазып, айтып қана қоймаған. Өзі бас болып, жұртқа үлгі көрсетіп, ысырапқа тыйым салуға тырысқан. Соның бір көрінісі ретінде оның қажы әкесі Құнанбайға ас бермей, оған сойылатын малдың қаражатын оқып жүрген қазақ балаларына бөліп бергенін айтуға болады. Бұл – сол кезең үшін айтуға ғана жеңіл үлкен ерлік еді. Өзі «Бейіштен татқан шәрбатты …Әділ, мырза, ер болып, Әлемге жайған өрнекті. Ол сыпатты қазақтан, Дүниеге ешкім келмепті. Өлмейтін атақ қалдырып, Дүниеге көңіл бөлмепті» деп асқақ жырлаған әкесіне – халықтың қадірлісі, Алашқа аты жайылған аға сұлтан Құнанбайға ас бермеу аруақты қадірлейтін ағайынға да, алыс-жақындағы қалың қазаққа да ұнамағаны анық. Бірақ Абай осы әрекеті арқылы той мен асқа шашылмай, қолдағы малды ғылым мен білімге жұмсау қажеттігін өнегелі ісімен де көрсете білді.
Абайдың өнегесі қашанда өзекті. Бос мақтан үшін есепсіз шашылатын түрлі той дүрмекті тыйып, дарақылықтан бойды жиып, қанағат пен қайырымдылықты, ынсап пен парасаттылықты басшылыққа алсақ, кісілік һәм ұлттық қалпымызға да жақындай түсер едік…