14 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайтану ғылымы және Қайым Мұхамедханов» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ruh.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілішсі.
Іс-шараның мақсаты – абайтану ғылымының зерттелуін сақтап, дамуына үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедхановтің еңбегін насихаттау. Ол – алғашқы Абай мұражайының негізін қалаушы.
Жиын барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан ғалымның ғылыми еңбектері мен Қ. Мұхамедхановтың мұрағаттық қорынан фото-құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Жиын барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан ғалымның ғылыми еңбектері мен Қ. Мұхамедхановтың мұрағаттық қорынан фото-құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Ербол Іргебай, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры, Қ. Мұхамедхановтың еңбектерінің 10 томдығын құрастырушы:
– Абайды ең алғаш қалың елге танытқан – Ә. Бөкейханов. Одан соң «Қазақтың бас ақыны» деп «Қазақ» газетіне мақала жазған – А. Байтұрсынов пен «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деп айтқан М. Дулатов. Кейін, әрине, қалыптасып, ғылыми жүйеге түсуіне айтулы еңбек сіңірген – Мұхтар Әуезов. Қ. Мұхамедханов – М. Әуезовтың қасында болған талантты інісі. Қ. Мұхамедхановтың абайтану ғылымына қосқан ең үлкен үлесі – «Абайдың ақын шәкірттері» атты диссертациясы. Ол 1951 жылы қорғалды. Қалай қорғалғаны жөнінде Т. Жұртбайдың жетекшілігімен шығарылған Қ. Мұхамедхановтың 10 томдық шығармасының 10-шы томында толық берілген.
Тұрсын Жұртбай, Қ. Мұхамедхановтың шәкірті, абайтанушы ғалым, профессор
– Абайдың 175 жылдығын тойлау қарсаңындағы бір бизнес-жоспар деген ақшаға таластың тұсында біреу: «Сен Әуезовты қоя тұршы, әуелі Абайдың мәселесін шешіп алайық», – деді. Сонда мен: «Әуезовтың мәселесі шешілмей, Абайдың мәселесі ешқашан да шешілмейді» дедім. Сол сияқты, Қайымның мәселесі шешілмей, Әуезовтің мәселесі шешілмейді. Абай үшін өмірін қылға байлаған, жанымен Абай деп өмір сүрген Қайымның әруағы риза болмай, Әуезовтың, Әуезовтың әруағы риза болмай, Абайдың әруағы риза болмайды. Абай үшін өмірін, жанын, үйін, бала-шағасын, бәрін тәрк қылып, құрбан қылған адамдарды, соның ішінде Қайымды ешқашан да ұмытуға болмайды. Бүгінгі «Абай және Қайым» деген мәселенің қойылуы заңды. Оның Ұлттық кітапханада талданып, туған күніне қарсы өткізілуі үлкен құрмет.
Алмахан Габдулина ақын, жазушылар одағының мүшесі, «Жас Абайтанушылар» клубының жетекшісі:
– Қ. Мұхамедханов Абай өлеңдерінің 250-ден артық өлең-сөздеріне текстологиялық өзгерістер енгізді. Біз Семейдегі мұражайда қызмет істеп жүргенде, ол кісі сонда келіп, дәріс оқитын. Биязы, баппен, қарапайым тілмен жеткізетін. Мысалға айтсақ, «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. Жүрегіңнің бе, жүрегімнің бе?». Екі нұсқа да Абай шығармашылында әлі күнге дейін бар. Сонда Қайым аға: «Жүрегіңнің жүрегіне үңіл де, түбін көзде. Жүрегіңнің түбінде бар асыл тас» деп айтатын. «Жүрегіңнің түбіне терең бойлап, менің оқы. Мен бір жұмбақ адаммын» деген мағынада. Содан кейін «Махаббатсыз дүние – дос, хайуанға оны қосыңдар. Дос па, бос па?», – дейді. «Дүние ешқашан да бос болмайды, махабаты жоқ дүниеге, қане, дос адамды хайуанға қосыңдар» деп айтты. Сондықтан да Қайым ағаның Абай шығармашылығндағы еңбегі ерен. Оның ұлықтылығының өзі мұражайдан басталады.
Сондай-ақ шараға, Ғарифолла Есім, Бүркіт Аяған, Шәкір Ыбыраев, Несіпбек Айтұлы, Төлен Әбдік, Әбдіжалел Бәкір, Шерубай Құрманбайұлы, Дихан Қамзабекұлы, Омар Жәлел, Асан Омар, Сағымбай Жұмағұлов, Қайырбек Кемеңгеров және т.б. сынды қоғамға белгілі қайраткерлер мен ақын-жазушылар қатысып, сөз сөйледі.