Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Аяттың түсуіне себепші болған отбасы

0 1  970

Бір күні Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті екі немересі Хасан мен Хүсейін (р.а.) науқастанып қалды.

Әкесі мен анасы, яғни, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрметті күйеу баласы Хазіреті Әли (р.а.) мен сүйікті қызы Хазіреті Фатима (р.а.) бауыр еті балалары ауруларынан айықса, Алла разылығы үшін үш күн ораза ұстауға нәзір сертін берді.

Алла Тағала да Хасан мен Хусейінге шипасын беріп, ауруларынан айықтырды. Әкесі мен шешесі де берген серттерінде тұрып, ораза ұстай бастады. Ақшам уақыты келіп, ауыз ашатын мезгіл жетті. Ауыз ашарға дастарханда су мен бір тілім нан ғана бар. Енді ауыз ашайын деп жатқанда есікті біреу қақты. Қараса, жетім екен. Талғажау етер бірдеңе сұрап тұр. «Өзімізде де бір тілім нан қалды, сонымен де ауыз ашқалы жатырмыз» демеді. Еш тартынбастан әлгі тілім нанды қол жайып, дәметіп келген балаға ұстата салды. Ал өздері құр сумен ауыз ашты.

Бұл оқиға алғашқы күнмен бітпеді. Үш күн оразаның қалған екі күнінде де дәл ауыз ашатын уақытта пақырлар келіп, қайыр сұрап, барын алып кете барды. Хазірет Әли мен Фатима үш күн бойы өздерін емес, өзгенің жағдайын ойлап, аш қала берді. Үш күн ашқұрсақ жатып, тек сумен ғана ауыз ашып, сумен ғана ауыз бекіткен бұл отбасының әбден дәрмені қалмай, әл-қуаттан айрылған еді.

Таң ата балаларын алып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құзырына келді. Өңдері қашып кеткен бұлардың жағдайын Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүздерінен-ақ байқады:

– Уа, Әли! Нендей халге түскенсіңдер? – деді Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.). Хазіреті Әли басынан өткен оқиғаны баяндап берді. Айтып аузын жиып үлгерместен Жәбірейіл (а.с.) періште келді де, «Инсан» сүресінің 5-10-аяттарын уахи ете бастады:

«Ізгі жандарға келсек, олар кеселерге құйылған хош иісті «кәфур» қосылған Жәннат сусынын ішеді. Ол сондай бұлақ: одан Алланың хас құлдары сусындайды һәм оны өздері қалаған бағытқа бұрып ағызады. Алланың аталмыш хас құлдары атаған нәзірлері мен тиісті міндеттерін лайықты түрде атқарады һәм кесапаты жер-әлемді жайлайтын күннен қорқады. Өздері мұқтаж болып, ауыздарының суы құрып тұрса да, пақыр-міскінді, жетім мен тұтқынды қуана-қуана тамақтандырады. Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырып жатырмыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз. Шүбәсіз, біз адамның түрін қашырып, қабағына кірбің түсіретін алапатты күн туғанда, Раббымыздың жазасына ұшыраудан қорқамыз», – дейді».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) келген бұл уахиді білдіргенде мұндай сүйінші хабардан кейін қуанғандары сонша, үш күндік аштықтары ұмытылып жайына қала берді…

Міне, ізгі жандардан да біздерге бір мысал. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Өзіне тілеген жақсылықты мұсылман бауырына да тілемейінше кәміл иманға қол жеткізе алмайды» (Ахмад бин Ханбал, «Мүснәд»), – дегеніне тірі мысал осы болса керек…

Сұлтан Керім

kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.