Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Етбетімен жату күнә ма?

0 1  154

Ислам дінінде тыйым салынған және жасалынуы күнә болатын іс-әрекеттер бар.

Солардың бірі етбетімен жату, оның үкімі – мәкруһ. Сахаба Тухфату әл-Ғифари былай дейді: «Мен сәресі уақытында мешітте етбетіммен жатқан едім. Кенет бір кісі мені түртті де: «Мына жатыс Алла Тағаланың қаһарына ұшыратады»,­ – деді. Қарасам: Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екен»[1] – дейді. Тағы бір риуаятта: «бұл тозақтықтардың жатысы», – делінген.

Сол секілді, Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарнымен жатқан адамды көргенде: «Алла Тағала бұл жатысты жақсы көрмейді»[2], – деген.

Имам Науауи: «Егер біреу ұйықтауға бет алса, оң жағымен жатқаны мустаһаб. Ал етбетімен жату мәкруһ. Сонымен қатар дәрет алып, Алланы еске алып барып төсегіне жату да сауапты іс»[3], – деп жатар алдында айтылатын зікірлерге қатысты бірнеше хадисті  келтіреді. Соның бірі Хузайфадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі ұйқыға кетер алдын алақандарыңды жайып былай дұға етіңдер деп мына дұғаны оқыды: «Аллаһуммә бисмикә әмуту уә әхя». (Уа, Алла! Тек Сенің есіміңмен өлеміз және тірілеміз). Ұйқыдан тұрған кезде мына дұғаны оқыңдар деді: «Әлхамдулилләһи әлләзи ахиаана бағда мә әмәәтәнә уә иләйһин-нушур» (Өлгеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мадақ болғай! Өлгеннен кейін қайта тірілуіміз тек Оған ғана тән)»[4], – деген.

Қорыта айтқанда, ер кісіге де әйелге де етбетімен жатуға тыйым салынады. Алайда сүннет бойынша оң жағымен жатып, түнде аунап, етбетімен оянатын болса оның оқасы жоқ. Сондай-ақ, басқа қырымен жатуға мүмкіндік болмаса, зәрулік жағдай болғандығы үшін «Зәрурат кезінде тыйым салынған нәрселерге рұқсат етіледі», «зәрулік белгілі мөлшерімен ғана мөлшерленеді [5] деген фиқһи қағидаға орай етбетімен жатуға рұқсат.

[1] Ахмад, Термизи, Әбу Дәуіт.

[2] Термизи.

[3] Мажмуғ шарху әл-Муһзиб, 5/449.

[4] Термизи, №2417.

[5] Ибн Нужәим, әл-Әшбәһу ән-нәзайыр, 73.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.