Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Сендердің араларыңда ең жақсыларың Құран оқып, әрі оны өзгеге үйреткендерің», – деген.
Адам баласы Жаратушыға тек тақуалығымен ғана жақындайды. Аллаға шүкір, біз бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған берекелі де тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Ілім алуға, имандылық жолын ұстануға ешкім кедергі емес. Сондықтан осындай асыл уақыттың құндылығын бағалайық.
*** ***
Алла тағала баршамыздың бүгінгі жасаған дұға-құлшылықтарымызды қайырымен қабыл етсін. Жаратушы Иеміз дін жолында аянбай қызмет ете беруге күш-қуат, жігер, шынайы ықылас пен ниет нәсіп еткей. Бізге көркем мінез, адал ризық, құлшылыққа деген құлшыныс, ізгі амалдарды өз уақытында өтеуді баршамызға бұйырсын. Елімізге ынтымақ, мұсылмандарға ауызбіршілік, отбасымызға береке нәсіп етсін. Ел, дін қамында жүрген азаматтардың дендеріне саулық беріп, жұмыстарын берекелі етсін. Баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық етіп, жәннаттық құлдарының қатарына қосқай. Әмин.
*** ***
Құранымыз – бір, Пайғамбарымыз – бір. Онда бізді басқа нендей себептер бөлуі мүмкін? Жұдырықтай жұмылып, игі істерді бірлесе атқаруымыз керек.
*** ***
Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды.
*** ***
Дін дегеніміз – адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін Алланың бұйырған жолы.
*** ***
Алла тағала Құранда жақсы, игі істерде бір-бірімізге көмекші болуға бұйырды. Бізді ұлық мақсаттар ғана біріктіреді.
«Ғибратнама» кітабынан алынды.
Sunna.kz