Сұрақ: Ауыз бекіткенде тіс пастасын қолдануға бола ма?
Жауап: Ораза ұстаған адам ауызын тазалауына болады. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аузы берік кісінің тіс тазалағышы ол – мисуак», [1] – деген.
Десе де, шариғатта аузы берік кезде себепсіз бір нәрсенің дәмін тату не шайнау – мәкрүһ, яғни ұнамсыз іс [2]. Бұған байланысты кей ғалымдар тіс пастасын қолданарда ішке кетіп қалмауын қадағалағанмен, оның дәмі, бәрібір, ауыз қуысында ұзаққа сақталып қалады. Сондықтан ораза ұстаған адамға тіс пастасы да мәкрүһ деген пікірде [3].
Алайда «оны қолдануға рұқсат. Тек ішке кетіп қалмауына көңіл бөлсін» деген ғалымдар да жоқ емес [4].
Ендеше, ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан, аузы берік кезде тіс пастасын қолданбаған абзал. Ал, қолданғысы келген кісілер, ішке кетіп қалмау жағын қатаң ескергені жөн. Себебі, ол ішке кетіп қалса, оразаны бұзады.
muftyat.kz
[1] Ибн Мәжә
[2] М.Исаұлы. Қ.Жолдыбайұлы, Ғылымхал – 319 бет.
[3] Таһмаз, Әл Фиқһул Ханафи – 1/422-424 бет.
[4] У.Зухайли, Фатауа муғасыра – 34 бет.