30 мамыр. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Маңғыстау облысына ресми сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Оңғарбайұлымен кездесіп, діни ахуалды талқылады, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Ресми кездесуге ҚМДБ тарапынан Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қатысты.
Басқосуда Бас мүфти мен қала басшысы жастарға діни оңалту жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызын талқылады.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің діни қызметінде 4 бағытқа басымдық береді. Соның бірі – жастарды жат ағымның арбауынан сақтап, оларға діни оңалту жұмыстарын жүргізу. Жасыратыны жоқ, кейде осы өңірдегі кейбір жекелеген азаматтар мүфтият пәтуасына қайшы амалдарға барып қояды. Осы өңірге ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бірнеше ғалымын әкеліп, түсіндіру жұмыстарына кірісіп кеттік. Өзім де жекелей кездесулерге қатысып, мүфтият ұстанымы мен мемлекет талабын түсіндірдім. Осынау шараларға әкімдік тарапынан да тиісті қолдау қажет» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде қала басшысы Мақсат Оңғарбайұлы ортақ іске әкімдік тарапынан қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар өзара келісім мен ынтымақтастыққа қол жеткізді.