Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Карантин кезіндегі 320 онлайн дәріс

0 968

Наурыздың басында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі төтенше жағдай талабын ескере отырып, мүфтият тарапынан жүргізіліп келген дәрістерді онлайн режимге көшіру жайлы тапсырма берген болатын. Соған сай Діни басқарма жанындағы «Хикмет» студиясы төтенше жағдай кезінде елге белгілі имам-ұстаздардың дәрісін онлайн таратуды бастап кетті.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төтенше жағдай кезінде жұма насихатын көрерменге тікелей эфирде жеткізді. Одан бөлек «Ислам әдебі», «Құрандағы қиссалар», «Пайғамбарлар тарихы», «Ислам тарихы», «Сөйлеу әдебі» және «40 хадис дәрістері» сынды күнделікті уағыз-насихат LIVE режимінде өтті. Осы күнге дейін Діни басқармадағы ұстаздардың тек youtube желісінде 80-ге жуық дәрісі ұсынылды. Бас мүфтидің әр апта сайын болатын жұма насихаты тікелей эфирден 12 рет көрсетілді. Сонымен қатар ҚМДБ Рамазан айында да онлайн жобаларды тоқтатқан жоқ.

Күн сайын ҚМДБ-ның бөлім басшылары мен мешіт имамдары «30 күнге 30 сұхбат» онлайн сұхбат жобасы бойынша уағыз-насихат айтты. Өңірдегі өкілдіктердің де youtube арналарынан 120 онлайн сұхбат өтті. Діни басқарманың muftyat.kz сайтында күн сайын Рамазан айына қатысты мақалалар мен сұхбаттар, жаңалықтар жарияланды. Сонымен қатар ramadan.muftyat.kz сайты іске қосылып, барлық ақпараттар мен сұрақтар аталған сайтта жарияланды.

Діни басқарманың youtube және Instagram парақшалары арқылы 320 онлайн дәріс өткізілді. Мuftіyatkz Instagram парақшасы арқылы күн сайын «Еркін әңгіме» жобасы көрермен назарына ұсынылды. Тікелей эфирге Діни басқарманың әр аймақтағы бас имамдары мен белгілі ұстаздар уағыз-насихат айтып, желі қолданушыларының сұрағына жедел түрде жауап берді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы бойынша еліміздің әр өңірінде имамдар мен қарилардың атсалысуымен бір ай бойы онлайн Құран хатым оқылды. Қасиетті Қадір түні «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты екі сағаттық онлайн бағдарлама ұйымдастырылды. Тікелей эфирде өткен жобаға Бас мүфти арнайы қатысып, Құран хатым дұғасын жасады.

Сонымен қатар елге белгілі ұстаздар қасиетті Қадір түнінің маңызына тоқталып, тағылымды сұхбат өрбітті. Діни басқарма Ораза айт қарсаңында да арнайы бағдарлама ұсынды. ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылман жамағатын ұлық мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Аталған жоба барысында ел ағалары да Ораза айтпен құттықтаса, имам-ұстаздар осынау ұлық күннің қасиеті турасында әңгіме өрбітті.

Қайырымдылық – діни басқарма жұмысының бір бағыты. Карантин кезінде игі істер іркілмей, жалғасын тапты. «Зекет» қоры мұқтаж жандардың өтінішін онлайн қабылдады. Сонымен қатар жер-жерде «Зекет» қоры мен мешіттердің ұйытқы болуымен ауызашар қоржындары ұйымдастырылды.

Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, індеттің қаупі сейілген жоқ. Осыны ескерген ҚМДБ тікелей эфирдегі дәрістерді жалғастырып жатыр.

p style=”text-align: justify;”>

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.