Ұлы Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының бірінші сөйлемі «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деген жолмен басталады. Яғни, көркем шығарманың «әл-қиссасы» Абайдың үш жылдық медресе оқуын ойдағыдай тәмамдап, екі ағасымен елге оралған кезін суреттеумен өріледі.
Иә, Абай Құнанбайұлы 1855-1858 жылдар аралығында, алдымен, Ғабдулжаппар деген имамнан сауатын ашып, одан әрі Ахмет-Риза медресесінде білімін тереңдетеді. «шәкірт Абай» осы үш жыл ішінде медреседегі барлық сабақтарды үздік оқып, дін ілімдерін (Құран, хадис, фиқһ, тәпсір, т.б.), Шығыс тарихы мен филиософиясын, поэзиясын, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгереді. Тіпті шағатай тілінде өлең жазатын деңгейге жетеді. Одан әрі білімін шыңдау мақсатында үш ай орысша да оқиды. Ақыры осы білім бұлақтары Абайды ғылым теңізіне бастап, «толық адам» шыңына жетелей түседі.
Осы ретте Абайдың хәкімдік биігіне көтерілуіне және қазақтың бас ақыны атануына білімдердің түп атасы, ілімдердің төресі – Құранның рөлі үлкен болғаны анық. Жоғарыда айтқанымыздай, Абай алғашқы сауатын ауыл молдасы мен медреседе ашты. Сол кездегі молданың алдын көрген барлық қазақ балалары секілді Абай да «Әптиек» кітабын оқыды. «Әптиек» – сол кездегі мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстары мен медреселерде шәкірттерге бірінші кезекте оқытылатын араб әріптері мен араб тілі грамматикасының бастапқы ереже-қағидалары қамтылған әліппе кітап. Бүгінде «Әптиектің» орнына «Мұғалім сәни» (Екінші ұстаз), «Тәжуид» (Құран оқып-үйрену кітабы) сынды кітаптар оқытылады. Қысқасы, бұл кітаптарды оқымаған кез келген шәкірт дін ілімдерінің қайнары болған араб тілі мен Құран ілімдеріне бойлай алмасы хақ. Ал Абай осы кітаптармен жіті таныс болған. Өзінің тырнақалды шығармаларының бірі «Әлифби» өлеңінде араб әріптері мен Құран оқудың ереже-қағидаларын шебер қолданған. Абай бұл өлеңін:
«Әлифдек ай йузіңе ғибрат еттім,
Би, бәләй дәртіңа нисбат еттім.
Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат,
Си, сәнәй мәдхия хүрмәт еттім…» – деп бастап, араб тіліндегі жиырма сегіз әріпке кезегімен тоқталады. Осылайша Абай ислам ғалымдарының өлеңмен үйрету тәсілін қолдана отырып, араб әріптері мен Құран оқуға қатысты ережелерді түсіндіреді. Бұл сегіз шумақ өлеңінде жиырмаға тарта араб сөздері мен біршама шағатай сөздерін еркін қолданады. Өлеңнің соңында:
«Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің.
Үтірмен асты-үстілі жазуға бар…» – деп араб жазуындағы сөздерді дұрыс оқу үшін қойылатын белгілерді келтіреді: мәт (~) – қыздың қасына, тәштит (ш) – кірпігіне, сәкін (сүкін Е.Ш.) (о) – көзіне балап суреттеледі.
Сонымен қатар Абай «Шығыс ақындарынша» деген өлеңі мен шығыстың әулие ақындарынан медет тілеген рубаятында 12 араб-парсы сөзін қолданған екен. Мәселен, әхмар (арабша) – қызыл, шағири (арабша) – ақын, құдрет (арабша) – күш, т.б. Мұның барлығы да ұлы тұлғаның Құран тілін терең әрі еркін меңгергенін анық көрсетеді.
Абай тіпті «Абыралыға» деген өлеңінде Құран аяттарын келтіреді. Бұл өлең, негізінен, Абаймен қатар өмір сүрген Абыралы деген адамға арнап жазылған. Өлеңде Абай Абыралыны Құранның қырағатын (оқуын) білмейтінін жазғырып, «ниет қыла білмейді, не қылады нәпілді» деп сынайды. Мұндай білімсіздікпен оқылған нәпіл (қосымша намаз) түгіл, «намазы – бәрі желге кететінін» ашып айтады. Құранды мәнерлеп оқудың маңыздылығы мен міндеттілігін қатаң ескергенін байқаймыз. Тіпті Құран аяттарын «Әні-шәні күлаптар» деп қате оқудың күнә екенін ескертеді (дұрысы – «Иннә шәниәкә һуәл әбтәр»). Содан Абай өлеңнің соңында:
«Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар», – деп түйін жасайды.
Қазақ ішіндегі діні мен құлшылығына салғырт қарайтын, Құранды мәнерлеп оқуға тілін жаттықтырмайтын жаман мінезге Абай кейіннен Он алтыншы қара сөзінде: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай Тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?» деп сын тезіне алады. Демек, Абай Құранға тілім келмейді деген сылтауды қатты айыптай отырып, оны үзір ретінде қабылдмағанын көреміз.
Елді дін талаптары мен Құрандағы мораль-ахлақ құндылықтарына шақырып:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – деп жырлайды.
Осылайша әрбір қазақ баласын «ғылым таппай мақтанбауға», «ғылымға көңіл бөлуге», «білгендердің сөзіне махаббатпен еруге», «ақыл сенбей сенбеуге», «надандарға бой бермеуге», «шын сөзбенен өлуге» үндеп:
«Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз», – деп ақиқаттың нұрлы жолына шақырады. Сонымен қатар соңғы шумақта Құран аятына қарсы шығуды қаралап, оған кіршіксіз сену керектігін ескертіп отыр.
Содан Абай елді Құран мен хадистің ақиқатына апаратын есті сөзге көп тоқталады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп ақиқат сөздің салмағын сезіндіреді. Осы өлеңнің үшінші шумағында:
«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы», – деп аят пен хадистің маңыздылығын сөз етеді.
Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде бастан-аяқ Алланың бірлігін, Құранның шындығын, Пайғамбардың хақтығын айтады. Яғни, ақын әуелі мен ақыры болмаған рас (хақ) Алланың сөзі (Құран) де рас (хақ) болатынын айтып, оған дәлел ретінде:
«Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айырмас», – деп, Алла тарапынан төрт пайғамбарға түскен қасиетті төрт кітап айрықша мәнге ие екенін тілге тиек етеді. Өлеңде сөз болған «төрт кітап»:
Мұса пағамбарға түскен кітап – Тәурат, Дәуіт пайғамбарға түскен кітап – Зәбүр, Иса пайғамбарға түскен кітап – Інжіл, Мұхаммед пайғамбарға түскен кітап – Құран. Бұдан біз ұл Абайдың Құранмен және өзге діни қасиетті кітаптарға қатысты имани ұстанымы мен көзқарасын көреміз.
Сондай-ақ, асыл дінімізде Алланың барлығы мен бірлігіне, періштелеріне, Пайғамбарлардың хақтығына, Қасиетті кітаптардың Алла тарапынан түскеніне, Тағдырға (жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екеніне), Ақырет күніне және өлгеннен кейін қайта тірілуге сену иман шарттарынан екені белгілі. Абай бұл жайында:
«Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уа кутубиһи дегенмен ісі бар ма?..» – деп иман мен сенім негіздерін тек тілмен айтып қою жеткіліксіз екенін, оған дәлел-исбатпен және сенімді жүрекке бекіту (тасдиқ) арқылы анық нану керектігін айтады.
Содан Абай Құран – Алланың рас сөзі екенін тағы бір жыр жолында былайша баяндайды:
«Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ».
Мұндағы «тәуил» сөзі Құран тәпсірінде кең қолданылатын терминдердің бірі. Мағынасы: Құрандағы аяттар мен ондағы сөздердің сырларына көз жүгіртіп, аяттың түпкі мағынасы мен мәнін ашу әрі анықтау дегенді білдіреді. Алайда, бұл терминді тәпсір ғылымына терең бойлаған мамандар ғана қолданып, оның мағынасын солар ғана түсінеді.
Жалпы Абайдың Құран жайлы ойлары жоғарыдағы өлең жолдарынан бөлек, бірнеше қара сөздерінде де айтылады. Мәселен, соңғы жылдары абайтанушы ғалымдар Абайдың отыз сегізінші қара сөзін «Китабу тасдиқ» (Иманды бекіту) деген жеке кітап, рисала ретінде қарастырып жүр. Расында Абайдың діннің асыл құндылықтары мен иман мәселелері ең көп қамтылған шағармасы да осы – Отыз сегізіші қара сөзі.
Бұл қара сөзінде Абай біз жоғарыда келтірген «Аманту оқымаған кісі бар ма? Уа кутубиһи дегенмен ісі бар ма?..» деген сөзіне анықтама беріп: «Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла Тағаланың бірлігіне, уә Құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) оның тарапынан елші екендігіне инандың…» деп айтады.
Одан бөлек Абай Отыз сегізінші қара сөзінде Алланың зати һәм субути сипаттарына және Алланың 99 көркем есіміне тоқталады. Соның ішінде Алланың сегіз субути сипаттарының бірі – кәлам (сөйлеуші) сипаты туралы айтқанда: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» деп ақида іліміндегі негізгі қағидаларға жүгінгенін көреміз. Сонымен қатар бұл қағида саланың өте нәзік әрі кәсіби тақырыптарынан болып саналады.
Сондағы Абайдың негізгі мақсаты – туған халқы мен адамзат баласын, өзі жырлаған, «Махаббатпен жаратқан», «Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкан» болған «Түп Иені» көксеуге, «Адамды сүюге», «Алланың хикметін сезуге, «Хақ сәулесімен жүректің көзін ашуға», «іштегі кірді қашырып, кеудені хикметке толтыруға» шақыру болатын. Дегенмен Абай Құран ақиқаты мен Аллаға жетудің оңай емес екенін айтып:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа қол емес», – дейді.
Соңында ақиқатты тануға ақыл және хауаси бес сезіммің жеткіліксіз екенін, оған жүректі қосу керектігін айтады. Ал бұлай болмаса мантық (логика) ілімімен айналысқан мұтәкәллимдердің (кәлам ілімімен айналысушылар) өзі ақиқатқа жетпейтінін:
«Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин мантикин
Бекер босқа езедүр», – деп келтіреді.
Абай шығармаларынан асыл дініміз бен Құран құндылықтарын оқығанымызда, Құранның «Шұғара» (Ақындар) сүресінде: «Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алып, Оған құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін ақындардың жөні бөлек…» деп Алла мақтаған ақиқатшыл ақынның бірі ретінде Абайды еске алатынымыз анық.
Қазақ ұлтының руханият шырақшысы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, Ахмет Байтұрсынұлы «қазақтың бас ақыны» десе, Мағжан Жұмабай «шын хәкім сөзің асыл – баға жетпес» деп жоғары баға берген. Олай болса, Абай Құнанбайұлын тану әрі ұлы ақынның ғибратты ғұмырын кеңінен насихаттау, тағылымын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз.
Еркінбек ШОҚАЙ,
Алматы қаласының бас имамы