Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Аса мұқтаж болмайынша қайыр тілеу – харам

0 374

Кедей адам өзіне берілетін нәрсені алмай тұрып мына үш жағдайға назар аударуы қажет: 1. Берілген садақа

2. Берушінің мақсаты

3. Алушының мақсаты

Біріншісі: садақаның адал және барлық күмәндардан таза болуы керек. Егер малдың адал екендігінде күмән туындаса, алудан аулақ болған жөн.

Екіншісі: садақаны берушінің мақсаты кедейді қуанту, қажеттілігін жеңілдету болса, қабыл алуға болады. Бірақ бұны бергеннен кейін міндетсіну, даңдайсу болса, алмаған дұрыс. Сонымен қатар, берушінің мақсаты атақ-даңқ, рия болса, мұндай адамның бергенін алу, оның бұрыс мақсатына жәрдем беру болып табылады. Мұсылман ғұлама Суфиян Саури берілген садақаны кері егесіне қайтарып, былай деген екен: «Егер олар берген садақаларымен тәкаппарлыққа салынбайтынын білгенде, садақаларын қабыл алар едім».

Үшіншісі: садақаны алудағы мақсатқа келер болсақ, алушы өзінің сол садақаға мұқтаж екендігіне, оны дұрыс жұмсай алатындығына көз жеткізуі керек. Егер берілген садақа қажеттілігінен асып жатса немесе оны харам жолға жұмсар болса, артығын қайтарғаны дұрыс.

Ал Алла жолында жұмсайтын болса алуында еш әбестік жоқ. Меккенің маңында мекендейтін біреу былай дейді: «Алла жолына жұмсағым келген біраз ақшам болатын. Қағбаны тауап етіп жүрген едім. Бір кедейдің бәсең дауыспен былай деп дұға етіп жатқанын естідім: «Уа, Раббым! Көріп тұрғаныңдай ашпын, жалаңашпын. Бұл көріп тұрған жағдайыма шара тапқайсың! Уа, көрінбейтін, барлық нәрсені көруші Раббым!» Кедейге назар салып қарасам үстінде ескі екі киімі бар. Денесін толық жабуға да жетпейді. Мен ішімнен: «Ақшамды осы кедейге беруден басқа лайықты жер көріп тұрған жоқпын» дедім дағы, дереу ақшаларымды алып келіп оған ұсындым. Сонда әлгі кедей: «Төрт дирхам екі шапанның құны. Ал бір дирхамды үшке бөліп кедейлерге таратамын. Осы маған жетеді деп», – бес дирхамын ғана алып, қалғанын кері қайтарды. Келесі күні әлгі кедей кісі үстіне екі шапан киіп алыпты. Мұны көріп іштей өкінгендей болдым. Ол маған бұрылып қарады да қолымнан ұстап, Қағбаны жеті мәрте тауап еттірді.

Қағбаны әр тауап жасаған сайын аяғымыздың астында асыл тастар қаттала берді. Тобығымызға дейін көтеріліп, дыбыстары шығып жатты. Бірақ бұны екеуміз ғана көре алдық. Кедей маған: «Бұл байлықтың барлығын Алла маған берді, бірақ оны қабыл алмадым. Өйткені байлық ауыр жүк, әрі сынақ үшін беріледі. Халықтың бергенін аламын. Өйткені олардың бергені өздері үшін сауап және Алланың мейірімі болады» – деді. Қайыр-садақа сұрауды жалпы түгелдей харам немесе түгелдей дұрыс деп айта алмаймыз. Тіленудің харам жағы да бар. Сұраудың дұрыстығы жайлы Алла елшісі (с.а.с.): «Тіленші ат мініп келсе де, сұрауға құқы бар», – деген. Олай болса, тіленшіге беру оған көмектесу болып табылады. Ал егер мұқтаж болмаған жағдайдың өзінде тіленшілік жасаса бұл харам. Тіленшілікті харам ететін үш жағдай бар:

1. Алла Тағалаға наразылық таныту. Мұндай кезде қайыр тілену өзінің кедей екендігін жұртқа паш ету және Алланың нығметтерінің оған аз берілгендігін айту болып табылады. Яғни осы әрекеті арқылы адамдарға өзінің жағдайын баяндап, Алла тағаланың үстінен шағым айтқандай сезіледі.

2. Қайыр тілеу басқа біреудің алдында өз дәрежесін төмендетеді. Пенде Алладан басқаның алдында өзін төмен түсірмеуі керек. Аса зәру жағдайға душар болмайынша, басқа адамдардан сұрау харам.

3. Тіленші берушіні жауапкершілігінен құтқара алмайды. Берген адамның ниетіне сай амал етуі керек. Міне, мұндай үш жағдай қайыр тілеудің дұрыс емес екенін көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Тіленшілік – жаман іс. Жаман істердің ішінде тек тіленшілік қана халал етілген», – дейді. Яғни, дініміз бойынша тіленшілік жағымсыз істердің қатарынан саналған және аса зәру жағдайдың тысында оған рұқсат берілмеген. Сондықтан кімде-кім бай бола тұра тіленшілік жасаса, ол тозақтың отын жинағаны. Бір кеште Омар (р.а.) әлдебір тіленшінің дауысын естиді. Қасындағылардың біреуін шақырып: «Мына адамды алып барып, кешкі тамағын бер!» – деп тапсырады. Ол кісі оған кешкі тамағын жегізеді. Бір кезде Омар (р.а.) әлгінің тіленген даусын тағы естиді. Жанындағы адамға: «Мен саған мына адамды тамақтандыр деп айтпадым ба?» – деп сұрайды. Қасындағы адам: «Мен оны тамақтандырдым», – дейді. Сосын Омар тіленшінің қолының астында бір дорба нан жатқанын байқап қалып, тіленшінің қасына барады да: «Сен тіленші емес, саудагерсің!» деп қолындағы нан толы дорбаны алып, зекетке берілген түйелердің алдына жемге тастайды да, тіленшіге дүре соқтырады.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.