Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Уақыт пен денсаулықтың қадірін білу

0 1  217

Әрбір сағатымыз бен күніміз – баға жетпес құндылық. Өткен күн қайтып келмейтіні белгілі. Сондықтан адам өмірі үшін уақыттың маңызы зор. Уақытсыз ештеңені елестете алмаймыз. Мәселен, аптамызды, жылымызды уақытқа сай жоспарлаймыз. Адам әрбір тыныс алуымен ажалына жақындай  түсетінін естен шығармауы тиіс. Ислам бізге уақыт мәселесіне немқұрайлы қарамауды ескертеді. Ал, уақыт – адамға берілген аманат, оның өлшемі құнсыз.

Алланың «Асыр» сүресінде уақытпен ант етуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсілінде, Алла сөзін дәлелдеу үшін ант етуге мұқтаж емес. Ғасырмен ант етуінің мақсаты – адамдарға уақыт жайындағы ойларының қате екенін ұқтыру. Екіншіден, уақытпен ант етілуі уақыттың маңызын меңзейді. Кейбір пенделер ұшырасқан қиыншылықтар мен жамандықты заманнан көреді. Нәтижесінде басына келген бақытсыздық үшін уақыт пен заманды кінәлайды. «Заман өзгерді», «заман бұзылды» деген теріс пікірді тарату дұрыс емес. Адамның бақытсыздығына уақыт пен заманның ешқандай зияны мен қатысы жоқ және оған тіл тигізуіне болмайды. ‏‏‏

Әбу Һурайрадан  риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жеткізеді: «Алла Тағала былай деді: адам баласы заманға тіл тигізеді. Ақиқатында, заман менікі, күндіз бен түн менің құзыретімде».‏

Заман, уақыт Алланың пендесіне берген ең қымбат нығметі болғандықтан, адам уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалануы тиіс. Бұл нығметті тиімді пайдаланбаса, екі дүниеде де зиянға ұшырайтындардың қатарынан болады. Әрине, «Асыр» сүресінде айтылғандай иман етіп, ізгі амал жасап, бір-бірлеріне ақиқатты насихаттап, сабырға шақырса, жамандықтан тыйылса, зиянға ұшырамай, екі дүниесі абат болмақ.

«Асыр» сүресін тәпсірлеген ғалымдар түрлі пікір айтқан. Мәселен, Фахруддин Рази есімді ғалым былай дейді: «Уақытты пайдалану тұрғысынан адам зиянға ұшырайды. Бұл зияннан құтыла алмайды. Ал, зиянға ұшырау деген сөз – жемісінен айырылу. Адамның жемісі – оның өмірі. Ал, өмірін босқа өткізбеген сәті тым аз. Өмірдің әрбір секунды оның ғұмырын азайтады. Егер адам өмірін күнәлармен өткізсе, үлкен зиянға ұшырайды. Ал, жақсы да ізгі амал жасау мүмкіндігі бола тұра, мүбах амалмен шектелсе, онда да зиянға ұшырайды».

Адамның өмірі әр минут сайын еріп таусылатын мұз секілді. Егерде өмірінде екі дүниелік пайдасы үшін амал етіп, әрекет етпесе, өкініші сол болмақ.

Құранда уақыттың қадірі жайында бірнеше аятта баяндалған болса (қараңыз: Юнус сүресі, 49; Фатыр сүресі, 36-37; Хаж сүресі, 47),  ардақты Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да уақыттың қадірі жайында көптеген өсиеттер қалдырған.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт».

«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлім келместен өмірдің, ауру келместен денсаулықтың, шұғылданбастан бос уақыттың, қартаймастан жастықтың, кедей болмастан бұрын байлықтың».

Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатынын айтады:

1. Өмірін қайда өткізгендігі.

2. Жастық шағын қалай өткізгендігі.

3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы.

4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы.

5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі.

Қазіргі кезде көптеген жандар уақыт жетпейді деп шағымданып жатады. Біреуге бір нәрсе айтсаң, намаз оқы десең, уақытым жоқ дейді. Алайда, пайдасыз, маңызы жоқ істің соңынан жүгіремін деп уақытын бос нәрсеге жұмсағанына мән бермейтін адам құлшылыққа келгенде уақыт таппауы өкінішті-ақ. Адам баласы жоғалтқан байлығын, затын қайта еңбектеніп таба алады. Бірақ босқа өткізген уақытын қайтара алмайды. Уақытымен қаржы таба алады, бірақ ақшамен уақытты сатып ала алмайтынын ойламайды.

Адам уақытын тек дүние тіршілігі үшін ғана пайдаланып, құлшылығы үшін бөлгісі келмейді. Әркім өзіне тиесілі ризыққа ғана қол жеткізеді, одан артығы бұйырмайды. Аятта бұған қатысты былай дейді:

«Біреулер дүниенің қызығын көздейді. Ал, Біз ол қызықты өзіміздің ұйғарған адамдарымызға береміз де (оның есесін) қияметте жазамен қайтарамыз. Тозаққа олар қор болып қуылады. Ал, кімде-кім ақырет күнін ойласа, мүмин ретінде сол дүниенің қам-қаракетін жасаса, ондайлардың еткен істері сауапқа жазылады».

Бір хадисте былай дейді: «Кімнің дерті ақырет болса, Алла оның көңілін бай етеді, екі жағасын біріктіреді. Дүние қаламаса да, дүние оған мәжбүр барады. Ал, кімнің мақсаты дүние болса, Алла оны кедейлікпен бетпе-бет қалдырады да, екі жағасын біріктірмейді. Дүниелік байлықтан тек өзіне бұйрылғаны ғана нәсіп болады».

Құлшылық пен Алланы зікір етуге уақыт таба алмаған немесе немқұрайлық танытып уақытын бос нәрсемен өткізген пенденің ақыреттік өмірі қиын болмақ. Алланы зікір етуге уақытын бөлмеген ондай жан о дүниеде соқыр болып тірілетін болады. Бұл турасында аятта былай дейді: «Егер кімде-кім менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі тарлыққа түседі, қияметте Біз оларды көрсоқыр қалпында жинаймыз. Сонда ол: «Ей, Раббым! Мені не үшін қабірден соқыр етіп тұрғыздың? Менің (дүниеде) көзім болып еді ғой?» – дейді. «Саған Біздің айқын аяттарымыз келді, сен оларды ескерген де жоқсың. Ал, бүгін сен де еске алынбайсың», – дейді Алла».

Уақыттың қадірі жайында ғалымдарымыз да  көптеген қанатты сөздер қалдырған. Солардың бірнешеуін айтып өтейік.

Хазіреті Омар (р.а.): «Төрт нәрсе кері қайтарылмайды: атылған оқ, жұмсалған ақша, қолға түскен мүмкіндік және өткен уақыт».

Хазіреті Әли (р.а.): «Уақытпен жақұтқа қол жеткізуге болады, бірақ жақұтпен уақытқа қол жеткізе алмайсыз»;

«Дүние әр сәт бізден алшақтауда, ақырет болса, жақындап келеді. Осы екеуін таңдайтындар бар. Сіз ақыретті таңдайтындардан болыңыз, дүниені таңдайтындардан болмаңыз. Себебі, бүгін еңбек ету бар, есеп жоқ. Ертең есеп бар, еңбек ету жоқ».

Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Жамандықтың ең үлкені – уақытын босқа өткізу».

Имам Шафиғи: «Уақыт қылыш секілді, сен оны кеспесең, ол сені кеседі».

Имам Ахмад: «Өткен өтті. Оны енді ғибрат алу үшін ойлауға болады. Келешекке арқа сүйелмейді. Себебі, бұдан кейін өмір сүретініңіз мәлім емес. Олай болса, көңіл бөлетін уақыт өзіңіз тірі тұрған сәтіңіз. Біз тек соған ғана иеміз. Не істей алсаң, қазір жасап қал».

Имам Шарани: «Ақылсыз адам уақытын қалай өткізетінін ойласа, ақылды адам уақытын қалай пайдаланатынын ойлайды».

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.