Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Осындай әйелден айналайын

0 935

Күйеуі ашу үстінде әйелінің жағынан тартып жібергенде әйелі: «Мен саған шағымданамын», – дейді. Сонда әлде де болса ашуы тарқамаған күйеуі: «Үйден шыға алсаң…», – деді.

– Сонда мені есік пен терезені жауып үйде ұстамақшысың ба? Жоқ, ол мен үшін кедергі бола алмайды.

– Сонда не істемек ойың бар?!

Сонда әйелі: «Оның жолын табамын»,-деп жуынатын бөлмеге бет алды.

Күйеуі: «Е-е-е, мынау терезеден қашамын десе керек», – деп, үйдің сыртынан жуынатын бөлменің жанында күтіп тұрды. Бірақ қанша күтсе де, терезеден ешкім көрінбейді. Содан соң: «Бұған не болды?», – деген оймен үйге кірді.

Үйге кірсе әйелі дәрет алып жуынатын бөлмеден шыққан беті екен. Жүзі мен қолынан дәреттің ізі көрініп тұр. Сол сәтте ол: «Енді не істер екен?», – деген күйеуінің бетіне күлімдеп қарап: «Мен қазір Алла Тағалаға шағымданамын. Ол үшін ешбір есік кедергі бола алмайды»,-деп жайнамазды алып намазға жығылады.

Мұны көрген күйеуі үндеместен тұрған жерінде мелшиіп тұрып қалды.

Әйелі намазын ұзақ оқыды. Әсіресе намаздың сәждесінде ұзақ жасады.

Әйелі намаз оқып болғаннан соң істің мәнін түсінген күйеуі: «Сәждеде ерекше көп дұға еттің ғой деймін, ә?»,-деді. Әйелі бетіне қарап тұрып байсалдықпен: «Сен қалай ойлайсың?», – деді.

Істегеніне өкіне бастаған күйеуі: «Негізі саған қол көтеру ойымда жоқ еді. Ашу үстінде байқамастан саған қол көтеріп қойдым», – деді.

– Оны мен де түсіндім. Сол себепті сәждеде саған емес, бәлкім арамызға түскен лағнеті шайтанға шағымдандым. Ақыреттік жолдасым, балаларымның әкесіне жамандық тілесем мен кім болғаным?

Мұны естіген күйеуі көзіне жас алып, жұбайының екі қолын сүйіп: «Құдай ақы! Осыдан соң саған ешбір жамандық істемеймін», – деп ант ішті.

Абдуссамат МАХАТ

«Астана» медресе-колледжінің ұстазы

Sunna.kz

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.